«TURAQTY JOL» – өскелең ұрпақты туған жерге ұқыпты қарауға бағыттайтын тәрбиелік бастама. Ал байқаудың басты мақсаты – 16-35 жас аралығындағы жастардың ел ішіндегі өзекті экологиялық мәселелер туралы хабардарлығын арттыру және оларды шешу жолдарын іздеу.
Жарыстың түрлі кезеңдерінен сүрінбей өткен 10 финалист команда ақтық сынға жолдама алды. Биылғы байқаудың басты ерекшелігі – жобаның финалына мектеп оқушыларынан құралған командалар өтті.
Үздік экологиялық жобаларын жүзеге асыру үшін қаржылық қолдауға ие болатын командаларды таңдау қазылар алқасына оңайға соқпады.
Талапты жастар бақ сынаған фестивальда Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өз жобаларын ұсынып, сәтті қорғап шықты. Атап өтер болсақ, Айдархан Әмірхан, Бекболат Жангерей, Даулети Әділет жүлделі ІІ орынға лайық деп танылды. Білімді жастар «Believe» жетілдірілген құралдарды қолдана отырып, аралардың өмір сүру сапасын бақылауға және жақсартуға арналған ақылды, инновациялық ұя» жүйесін ойлап тапқан. Екінші орын жүлдегерлері аталған жобалары үшін 4 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Адель Буркітбаева мен Фатима Бакирова ІІІ орынды еншіледі. Талапты қыздар парниктік газдардан жасыл сутегін өндіруге арналған озық зауыт «CarboNick» жобасын сәтті қорғап шығып, 3 миллион теңге ұтып алды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің жалынды жастары ұсынған жобалардың ел экологиясын дамытуға тигізетін пайдасы мол.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ