Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерекше сезім сыйлаған семинар

Ерекше сезім сыйлаған семинар
ашық дереккөз
Облыс орталығындағы №20 орта мектепте «Кітап – болашаққа мұра, оқырманға аманат» атты қалалық семинар өтті.

Кітап пен білімнің адам өміріндегі маңызын ұғындыру, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен іс-шараға өңірге белгілі жас ақындар, облыстық «Aq jol» және «AR-AI» газеттерінің тілшілері Арайлы Жақсылық пен Шапағат Әбдір, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскері Толғанай Аяпбергенова қонақ ретінде шақырылды.


№20 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Құрманкүл Сейтқұлқызының бастамасымен өткен семинардың алғашқы бөлімі сайыс түрінде ұйымдастырылып, оған қала мектептерінен келген 7 оқушы қатысты. Байқау талабы бойынша үміткерлер өздерінің ақындық қырларын көрсетіп, белгіленген тақырыптар бойынша бірнеше шумақ өлең жазуы тиіс болды. Тақырыптар таңдалған соң сайысқа қазылар алқасы болашақ ақындарға бөлек сыныпта, тыныш жерде өлең жазуға тапсырма берді. Сол аралықта ұстаздар мен оқушылар іс-шараға келген меймандармен емен-жарқын сұхбат өрбітті. Арайлы Жақсылық көпшілік алдында өлең жазуға қай уақыттан бері машықтанғаны, журналистика саласына қалай келгені жөнінде баяндады. Сонымен қатар оқушыларға мамандықты қателеспей таңдау үшін қандай мақсаттар қою керек екенін айтып берді.


– Баланың не нәрсеге бейім, икемді екені 11-12 жасында анықтала бастайды. Сол кезеңде ата-ана баласының талабы мен талантына сай жұмыс жүргізе бастауы тиіс. Егер перзенті қандай да бір іске епті болса, сол тұсын дамыта берген жөн. Бала тез жалығып, ұнатпаса басқа нәрсеге ауысу қиын емес. 15-16 жасқа дейін баланың нақты нені қалайтыны, неден ләззәт алатыны белгілі болады. Менің жағдайымда ата-анам менімен дәл осындай әдіс бойынша жұмыс істеді, – деді журналист.

Одан әрі сөз тізгіні ақын Шапағат Әбдірге берілді. Шапағат Қытай Халық Республикасынан атамекенге үлкен сағынышпен оралғаны жөнінде үлкен тебіреніспен баяндап берді. Артынша оқушылардың қолқа салуымен өзінің алғашқы кітабынан бірнеше өлең оқыды. Сондай-ақ жас қаламгерлер мектептің кітапханасы мен өздеріне мазмұнды сұрақ қойған оқушыларға жеке кітапханаларынан арнайы алып келген кітаптарын тарту етті.

Келесі кезекте оқушылар берілген тақырып бойынша жазған туындыларын қазылар мен ұстаздардың алдында мәнерлеп оқып берді. Артынша төрешілер өлеңдердің мазмұнын, көркемдігін саралай келе, болашақ ақындардың арасынан ең үздіктерін анықтады. Нәтижесінде Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің оқушысы Нұргелді Шернияз І дәрежелі дипломмен, №20 орта мектептің оқушысы Амина Маралбек, М.Мақатаев атындағы №14 орта мектептің оқушысы Нұрай Қабдрахмет ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ №9 орта мектептің оқушысы Беделжан Шалбайға, А.Гайдар атындағы №35 орта мектептің оқушысы Нұржан Иманқұлға, №36 орта мектептің оқушысы Айзере Сағынбекке, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның оқушысы Асима Пашыралиеваға ІІІ дәрежелі диплом табысталды. 

Балалардың қаламына қанат бітіру мақсатында қазылар алқасы әрқайсысының өлеңдеріндегі көзге түскен тармақтарды атап өтіп, ақындық жолдарына сәттілік тіледі. 
Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскері Толғанай Аяпбергенова семинарды ұйымдастырған мектептің кітапхана меңгерушісі Құрманкүл Есалиеваны және білім ордасының ұжымын арнайы алғыс хатпен марапаттады. 

Іс-шара соңында семинарға талантты шәкірттерін арнайы алып келіп, атсалысқан ұстаздарға мектеп директоры Салтанат Жанұзақова алғыс айтты. Барша меймандарға ілтипат ретінде Абайдың қара сөздері жазылған кітап тарту етілді.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар