Жиынның күн тәртібіне сәйкес әуелі Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Арман Тоқбергенов мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.
– Тексеріс нәтижесінде бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 64 қолайсыз отбасы тіркелген. Сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 135 жасөспірім полицияның есебіне алынды. Есепте тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-анасымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс үнемі жүргізіледі. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 127-бабымен 70 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 992 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Бұдан бөлек сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 63 мекеме иелері ҚР Әкімшілік кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды, – деді Арман Романұлы.
Келесі кезекте Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Амиров жазғы демалыс кезінде (шомылу маусымы) кәмелетке толмағандарға қатысты оқыс оқиғаларды болдырмау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру барысы туралы баяндады.
Бұдан кейін Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Раушан Пернешқызының айтуынша, биыл балалардың жазғы демалысы мектептерде 2 бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт бойынша 45 763 бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалса, екінші бағыт бойынша жасөспірімдер демалысы мен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жөніндегі шараларға 28 010 оқушы қамтылады. Сонымен қатар білім мекемелеріндегі көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 3 600 баланы жаз айларында демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатында 216 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бұған қоса мектеп жанындағы демалыс алаңдарына қамтылады деп жоспарланып отырған 70 мыңнан аса оқушы жазғы демалыста шығармашылық, спорттық, еңбек және тағы да басқа бағыттарға бөлініп, ұлттық, танымдық іс-шараларға тартылады.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет екенін баса айтты.
Тараз қаласы әкімдігінің
медиа орталығы