Байқаудың негізгі кезеңі 2024 жылдың 10 ақпаны мен 10 мамыры аралығында өтті. Байқауға қатысқан Тараз қаласында тұратын 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге 3 ай көлемінде 9 шығарма оқыды.
Қатысушылар он күн сайын оқыған шығармалары туралы «Анаммен бірге кітап оқимын» хэштегімен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының әлеуметтік желідегі парақшасын белгілей отырып бейнеролик жариялап отырды. Сөйтіп, байқаудың алғашқы кезеңінің шарттарын толық орындап, комиссия шешімімен үздік деп танылған 10 жұп екінші кезеңге жолдама алды. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар бір тәуліктің ішінде 3 ай бойы оқыған әдеби шығармаларды қорытып, анасы баласына, баласы анасына сырласу хатын жазды. Сол хаттардың негізінде шығармаларға Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы және қазылар алқасының төрағасы Хамит Есаман, филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейсекүл Исматова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, неміс этномәдени бірлестігі «Аналар» кеңесінің төрайымы Татьяна Осипова, ақын, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Лариса Губашова, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев және «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқаудың мән-маңызына тоқталды.
– Отбасылық шығармашылық байқау кітап оқуға деген қызығушылық пен қажеттілікті қалыптастыруды көздейді. Осы арқылы отбасы институтын нығайту туралы көркем әдебиеттерді жан-жақты зерттеу, насихаттау, тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған ғылыми-көпшілік әдебиеттер арқылы оқушылардың дарындылығын анықтау және қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін ашуды мақсат етеді. Жас ұрпақтың білімді болуы – қоғамымыздың өсіп-дамуының көрсеткіші. Отбасылық байқау арқылы өскелең жас ұрпақтың білімге құштарлығы артады, мәдени даму үрдісіне түскен адамның дәстүрлі құндылықтарға деген көзқарасы өзгереді, адамгершілік ұстанымына, рухани әлеміне әсерін тигізеді, – деді ақын Хамит Есаман.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес бас жүлдені Шырайлым Берікқызы анасы Жания Бірқожаевамен бірге жеңіп алды. Ал Бақытжан Нарбай анасы Бағлан Орынбасар мен Дәулет Майқы анасы Мереке Абитовамен бірге І орынға жайғасты. Ал II орынды Динара Шапшаңбаева қызы Айзере Өміртаймен бірге ұтып алды. ІІІ орынды Кенжекүл Сыдыманова баласы Гүлдана Әбілжанмен бірге және Асылай Әзімхан анасы Гульнара Рыспаевамен бірге өзара бөлісіп алды. Сондай-ақ қатысушылар мен жеңімпаздарға дипломдар мен алғыс хаттар және де қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Шапағат ӘБДІР
Дала отқан оранбас үшін...
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024