Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дала отқан оранбас үшін...

Дала отқан оранбас үшін...
А.Рысмахан
Әне-міне дегенше көктем айы да түгесіліп, жаздың аптап ыстығы басталады. Сол кезде жасыл желек жамылған дала сарғайып, шөп біткен шырпы тисе қау ете қалуға дайын тұрады. Әсіресе автокөлікте кетіп бара жатқан адам тартқан темекісінің тұқылын өшірместен жол жиегіне шерте салса, бұл дала өртін туындататын басты себептің бірі. Сондықтан да дала өртінің алдын алуда автокөлік пен теміржол бойында өртке қарсы жолақ жасау, яғни жол жиегін соқамен жыртудың маңыздылығы айрықша.

Негізінде нақ осы іс мейлінше өңірдегі әр аудан, әр округте мерзімінен кешіктірілмей, яғни мамыр айының ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Алайда Меркі ауданындағы республикалық, облыстық, аудандық мәндегі жолдарда өртке қарсы жолақ әлі күнге салынбаса, бұл жұмыстың қарқыны кейбір ауданда баяу жүріп жатқан көрінеді. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына орай мемлекеттік және өкілетті органдардың өрт кезеңіне дайындық жұмыстары барысын қарау туралы өткен штаб отырысында айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен жиында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков баяндама жасады.


– Мамыр айында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен теміржолдың бойында өртке қарсы минералды жолақ жасау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Кейбір аудандарда жоспарланған жұмыстың пайыздық көрсеткіші өте төмен болса, Меркі ауданында бұл жұмыс әлі басталған жоқ. Қазір мамыр айының жартысы өтті, ал бұл жұмыс осы айдың соңында аяқталуы тиіс, – деді Ералы Нұрғалиұлы.


Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы Ералы Ақылбековке өртке қарсы жолақтарды мерзімінде орындамағандарға әкімшілік шара қолдануды қарастыру, бұл бойынша ұсыныс енгізу қажеттігін еске салды. Сондай-ақ өртке қарсы жолақтарды жырту жұмысын бастамаған, жұмыс қарқынын баяу жүргізіп жатқан тиісті аудан әкімдерінен жауап алды. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Бахытхан Абжапаров өртке қарсы жолақ жырту жұмысына 16 мамырдан бастап кірісетіндерін, осы айдың аяғына дейін жоспарды орындайтындарын айтып сендірді.

– Биыл облыстың кез келген ауданында шөп шүйгін шықты. Дәл қазіргі уақытта күреңсе тізеден, бидайық белуардан келіп тұр. Алдағы уақытта сарғаятын болса, шоқ тиер-тиместен лап ете қалады. Бұрын Меркі ауданында сайда, Т.Рысқұлов ауданының орманшаруашылығының жерінде өрт болып, адам шығыны да орын алған. Сондай жағдай қайталанбас үшін өртке қарсы жолақтарды жыртудың маңыздылығы айрықша. Жолақтарды жырту жұмысын сапалы әрі талапқа сай ету маңызды. Меркі ауданы екі күннен кейін іске кірісіп, межені уақытылы орындайтынына сенейік. Десе де біз мамыр айының соңына дейін уақыт бар деп арқаны кеңге салмас үшін өртке қарсы жолақтарды жырту жұмысы 25 мамырда аяқталсын, хаттамаға солай енгізілсін, – деген Қанатбек Мәдібек шаруа қожалықтар егістіктердің айналасын да өртке қарсы жолақпен қоршауы қажеттігін баса айтты.

Штаб отырысында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев пен облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы Жасөркен Жақсылықтың баяндамасы тыңдалды. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орманмен көмкерілген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды екен. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.

– Орманшаруашылығы мекемелері өрт қаупі бар маусымға дайындық жұмыстарын жүргізді. Атап айтатын болсақ, орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнаралары жұмыс жағдайына келтірілді, өрт қауіпті аумақтарда 55 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. Өрт қаупі маусымы жоғары кезеңінде, яғни IV-V сыныбында қосымша 6 бекет қойылатын болады, – деген Нартай Алибекұлының басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды бүге-шігесіне дейін баяндады.
Қанатбек Қайшыбекұлы жиында ауылдық округ әкімдіктері жанынан құрылған ерікті өрт сөндіру жасақтарын киімі және дала өртін сөндіруге қажетті құралдары (сапалақ) талапқа сай болуын, ерікті өртсөндірушілерді ынталандыру қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін сақтау, оның алдын алу және өзге де мәселелер бойынша жауаптыларға арнайы міндеттеме жүктеп, тапсырмалардың дер кезінде орындалуы қажеттігін баса айтты. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар