Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа кітап жарық көрді

Жаңа кітап жарық көрді
ашық дереккөз
Кабинетімде күнделікті өрт сөндіру қызметіндегі атқарылған шаралар туралы мақала дайындап отырған едім. Жұмыс телефоным шыр етті. Тұтқаның арғы жағынан өзіме таныс дауыс қуанышты түрде «Келсеңші, кітап шықты!» деді. Қапелімде не дерімді білмеген менің аузыма «Қазір» деуден басқа сөз түспеді. Ентіге жеткен мен Сахи ағаның балбұл жанып әрі мойнынан ауыр жүк түскендей күй кешіп отырғанын байқадым.

Бірақ менен бұрын жеткен ардагерлер кеңесінің төрағасы Биназаров мырза да әлгі өртсөндірушілер туралы жазылған кітапты әрі-бері аударыстырып, басын шайқап: «Е-е-е, бұл түсінген  адамға үлкен тарих емес пе?» – деп толқып тұрғанын көріп,  сала зейнеткерлеріне кедергі келтірмейін деген оймен келген ізіммен кері қайттым.

Бір адамның тағдыры бір кітапқа жүк болады дейміз. Ал бүтіндей  бір сала, өрт сөндіру қызметіндегі от жауынгерлері туралы он бес жылға жуық көз майын тауысып жазып шыққан кітап жарық көрсе, оның ішіне менің де алғашқы тырнақалды өлеңдерім енсе қалайша қуанбайын. Келесі күні кабинетіне тағы да шақыртқан Сахи аға еш ойланбастан қолыма бір кітапты ұстата салды. Мен де сол арада «Темірді қызған кезде соқ» демекші, қағаз-қаламымды қолыма алып, кітаптың шығу тарихы туралы сыр суыртпақтадым.  

Жалпы Сахи Әбдіразақов деп отырғаным – осыдан оншақты жыл бұрын зейнетке шыққан сала ардагері, өртке қарсы қызмет подполковнигі.     Өрт сөндіру саласында сонау екі мыңыншы жылдардың басынан табан аудармай халық игілігі жолында қызмет етіп, түрлі дала өрттері мен табиғи өрттерге қатысқан, сондай-ақ тек қатысып қана қоймай, қауіпті сала қызметкерлеріне шабыт беріп, әрқайсысы туралы, жалпы өрт сөндіру саласы жайлы  өлеңдер мен жыр шумақтарын арнап, тіпті соңғы жылдары ол өлеңдері кітап болып  басылып та шыққан.

Ал жастайынан баян мен домбыраның құлағында ойнайтын  ол мекеменің барлық іс-шараларының басы-қасында жүріп, тіпті соңғы жылдары сканвордтар мен  кроссвордтар құрастырып, ол еңбегі облыстық басылым беттерінде талай оқырманның көңіл көкжиегін ашты.  Енді міне, Сахи  Әбдіразақовтың көпшілік  күткен тарихи сәтіне куә болдық. Өртсөндірушілер туралы «Өрт майданының жауынгерлері» атты кітабы жарыққа шықты.

Сахи Әбілқайырұлының жаңа кітабында талай жантүршігерлік оқиғалардың, жалыны бет қаратпас алапат өрттердің куәсі болған өртсөндірушілер жайлы суреттемелер, олардың өз ауыздарынан жазып алынған естеліктері енгізілген. Сондай-ақ бұл кітапта облыстық өртке қарсы қызметтің тарихы және басшылық еткен қызметкерлер туралы да деректер қамтылған.  

Нұрболат Өмірзақов, 
облыстық төтенше жағдайлар департаменті 
Өрт сөндіру қызметінің 
баспасөз хатшысы 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар