Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәрбиелі адам зорлық-зомбылыққа бармайды

Тәрбиелі адам зорлық-зомбылыққа бармайды
ашық дереккөз
– Диляфруз Абазқызы, бұл заң іс жүзінде қалай жүзеге асырылады?

– Диляфруз Абазқызы, бұл заң іс жүзінде қалай жүзеге асырылады?
– Жұртшылық «әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты жаңа заң қабылданды» деп ойлауы мүмкін. Бұл жерде жаңадан заң қабылданбағанын, тек бұрыннан қолданыста бар кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін баса айтуымыз керек. Нақтылақ өтсек, сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойған болатын. Ал «Бұл заң іс жүзінде қалай жүзеге асырылады?» деген сауалға келсек, 2023 жылы 
8 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент Жарлығында: «Адам құқықтары мен заң үстемдігін қорғау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында қаулы етемін: Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілсін. Қазақстан Республикасы Үкіметі іс-қимыл жоспарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын; жартыжылдық негізде 15 шілдеге және 5 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын», делінген. Ана мен баланы қорғау-ең өзекті мәселе.Бұл кез келген мемлекеттің жүзеге асыратын ішкі саясатының басым бағытының бірі.Бүгінде елімізде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заң барынша қатайтылды.Аталған заң нені көздейді,Ана мен бала құқығын қамтамасыз етуде өңірдегі полиция қызметкерлеріне артылған жауапкершілік жүгі қандай? біз осы сауалдарға жауап алу үшін облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжехановамен сұхбаттасқан едік.Біздің жұмысымыз Мемлекет басшысы арнайы Жарлықпен бекіткен осы Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асырылмақ. Жалпы осы жоспар шеңберінде алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылатын болады. Аталған жоспарда қылмыстық теріс қылықтарды тергеу рәсімін оңайлату көзделген. Қазірдің өзінде біз қылмыстық құқықбұзушылықтардың жаңа нормаларына ден қою және тергеу алгоритмін әзірлеп жатырмыз. Бұл ашып айтқанда, ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипатта тиісу, суицидті насихаттауға қатысты мәселе.
Сонымен қатар сот белгілеген құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды орындау тетігі пысықталуда. Барлық өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша ведомствоаралық мобильді топтар құрылды. Осылайша біз әсіресе балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын анықтауға баса назар аударудамыз. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп кәмелетке толмағандарға қатысты буллингке ден қою алгоритмі дайындалып жатыр.
– Бүгінде әйеліне қол көтергендерді заң тайраңдатып қоймайтынын екінің бірі біліп отыр. Десе де енді Қазақстанда әйелді ұрғаны үшін нақты қандай жаза қолданылады? 
– Негізінде өзгерту мен толықтырулар енгізілген аталған жаңа нормалар әйелдерге ғана қатысты емес. Бұл заң нормалары кез келген азаматқа қатысты жасалған құқықбұзушылықтар кезінде қолданылады. Мәселен, ұрып-соғу мәселесіне келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша кінәліге 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу және түзету жұмыстарына, 80 сағат қоғамдық жұмыстарға жегу, 25 күнге қамауға алу қарастырылған.
Осы баптың екінші бөлігі 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды және түзету жұмыстарына, 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тартуды, 50 күн қамауға алуды көздейді.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адам (ҚР ҚК 108-1-бабы) 200 АЕК-ке дейін айыппұл арқалайды және түзету жұмыстарына, 200 сағат қоғамдық жұмыстарға жегіледі, 50 күнге қамауға алынады. Екінші бөлігі бойынша айыптыға 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу және түзету жұмыстарына, 600 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Заңның барынша қатайтылғанын кейбір баптардың санкциясынан бас бостандығын шектеу нормасы алынып тасталғанынан да аңғаруға болады. Мысалы, қинауға қатысты ҚР ҚК 110-бабы бойынша айыпталушыға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзету жұмыстарына, 600 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiрудің жазасы (ҚР ҚК 107-бабы) – 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу және түзету жұмыстарына, 600 сағаттық қоғамдық жұмыстарға жегу, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргендер ҚР ҚК 106-бабы бойынша 
3 жылдан 8 жылға дейін, 2-бөлігі бойынша 
6 жылдан 10 жылға дейін, 3-бөлігі бойынша 
8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалайды.
– Егер күйеуі әйелін бірінші рет ұрса ше?
– Бұл жерде кімнің кімді ұрғаны және нешінші мәрте ұрғаны маңызды емес. Кез келген зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әйел де жас балаға, қарияға, науқас ер адамға қол көтеріп, өктемдік жасауы мүмкін. Сондықтан әйел, еркек демей, ешкімді ешкім ұруға болмайтынын әр адам біліп жүруі тиіс.
– Осы заң нормалары қабылданарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ара-тұра материалдар дайындағанымыз бар. Сол кезде отбасылық зорлық-зомбылықтың түр-түрі болатынын жете түсінгенбіз. Сіз айтып отырған заң баптарының қайсысы физикалық немесе психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғауға жатады?
– Бұл заңда физикалық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ егер бұл әрекет ауыр немесе орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтірмесе, жәбірленушіні азаптау мақсатында ерекше қатігездікпен, қорқытумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы психикалық азап шегу нысандарының бірі – «Қинау» деген бап көзделген. Ал экономикалық зорлық-зомбылықтың соңы көп жағдайда психологиялық және физикалық азап шегуге әкеліп соғатыны бәрімізге мәлім.
– Жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінуде сенімсіздікке байланысты қаншалықты құлықсыздық танытады?
– Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығармау әдетке айналған. Әйел отбасында қандай да бір қысымға ұшырап, төркініне хабарласса, ата-анасы «Шыққан қыз – шиден тысқары» деуі мүмкін. Шындап келгенде, бұл отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырып-жабуға себеп болатын басты әрекеттер. Алайда біз қоғамдық бірлестіктермен біріге отырып, бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы зорлық-зомбылық фактілері туралы полицияға дереу хабарлау қажеттігі туралы мақсатты жұмыс жүргізудеміз.
Өз кезегінде полиция өткен жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы іс қозғауды өтініш беру сипатынан анықтау форматына көшірді. Қазір қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және оны жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы процесі қалыптасып келеді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты облыста қанша дерек тіркелді және заң қатайтылғалы азайды ма?
– Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың өткен жылы осы уақытта 399 дерегі тіркелсе, биыл бұл 4,1 есеге артып отыр. Тіркелген деректер санының өсуі заңды. Өйткені бұған тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы іс қозғауды өтініш беру сипатынан анықтау форматына көшіру себеп болып отыр. Анығын айтқанда, бұрын жазылған арыз бойынша іс қозғалатын болса, қазіргі таңда көрші-қолаң не басқа да азаматтардың хабарлауы бойынша әйеліне әлімжеттік жасағандардың мәселесі тек сотта қаралады. Кешірім де тек бір мәрте ғана сотта беріледі. Орын алған деректердің ішінде 1 092-сі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы, яғни отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге тиесілі. 2023 жылы мұндай 206 дерек қана анықталған болатын. Осы Кодекстің 1-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) – 216 жағдай (2023 жылы – 93), 73-2-бапқа қатысты (ұрып-соғу) 333 дерек (2023 жылы – 100) анықталып отыр.
– Құқықбұзушылықты болдырмаудың амалы – оның алдын алу. Бұл тұрғыда қандай шаруалар атқарылуда?
– Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар мен құқықбұзушылықтың алдын алудың бір тетігі – Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңының 20-бабын жүзеге асыру. Қазіргі таңда осыған сәйкес жәбірленушілерді қорғауға бағытталған құқықбұзушылыққа жол беретін отбасылық дау-жанжалдардан қорғау нұсқамасын шығару профилактикасы жүргізілуде. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен 1 060 қорғау нұсқамасы шығарылды. 2023 жылы бұл 1 024-ті құраған. Ерекше талаптар бойынша шығарылған қорғау нұсқамасының саны 164 болса, былтырғысы –118.
Мұнымен қоса әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық және қоғамдық зорлық-зомбылықпен байланысты құқықбұзушылық профилактикасы аясында іс жүзіндегі заңнама талаптары мен нормаларды түсіндіру туралы бұқаралық ақпарат құралдарында қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында – 1 632, әйелдер мен отбасы құқықтары бойынша, оның ішінде телеарнада – 13, баспасөзде – 23, радиода – 
1, интернет ресурстарда – 1 186, полиция департаментіне тиесілі сайт-пабликтерде 396 материал жарияланды.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері күн сайын мемлекеттік мекемелерде, емханаларда, мектептерде, спорт алаңдарында дәрістер, семинарлар, тренингтер және тағы да басқа профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Олардың саны 161 болса, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында өткізілген 104 іс-шараға 3 050 азамат қатысты. Ал орта білім беру мекемелерінде 3 786 адам 337 іс-шараға тартылды. Мемлекеттік мекеме мен ұйымдар, кәсіпорындар және басқа да мекемелерде 113 жиын өтіп, 1 271 тұрғын қамтылды.
Тыңдаушылардың жалпы саны 8 107-ден астам адамды құрады. Түрлі жиындарда халыққа тақырыптық жадынамалар, буклеттер, сенім телефондарының нөмірі көрсетілген визиткалар таратылды.
– Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қолдау көрсету бағытында қандай мекеме немесе ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейсіздер?
– Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселелерi бойынша дағдарыс орталықтарымен өзара iс-қимыл жасасу барысында облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы есебінен кабинет ашылып, психолог және социолог мамандармен тығыз жұмыс жүргізілуде. Әйелдерге қатысты тұрмыстық сипаттағы құқықбұзушылықтар бойынша жәбірленушіге психолог және социолог мамандар көмек көрсетеді, дағдарыс орталығына орналастыру мәселелері қарастырылады.
Облыс аумағында 72 орынды 
2 мемлекеттік дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Ол орталықтардың бірі Тараз қаласында, екіншісі Қордай ауданында орналасқан. Сонымен қатар қосымша Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандарында орталық жанынан ашылған әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеттері жұмыс істеп тұр. Тараз қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған дағдарыс орталығы осы жылдың наурыз айында басқа ғимаратқа көшіріліп, 24 орынға кеңейтілді. Аталған дағдарыс орталығында орын санының көбеюі өз отбасында қысым көріп, барар жер, басар тауы қалмаған әйелдер санының өсуімен байланысты болып отырған жайт екенін ескеруіміз керек. Осы жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша дағдарыс орталығына 18 әйел мен 68 бала орналастырылды. Заңгер, психолог, балалар психологі, әлеуметтік қызметкер секілді мамандар тарапынан ұсынылған консультациялар саны – 458. Сенім телефонының жедел желісіне көмек алу үшін заңгер, психолог, балалар психологі, әлеуметтік қызметкер көмегіне 258 әйел жүгінді.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы «Ана үйі» қоғамдық қоры 2014 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Өз сәбиінен бас тартудың алдын алып, жетімдікті азайту мақсатында құрылған «Ана үйі» өзінің әлеуметтік жобасын сәтті орындап келеді. Бұл мекеме 5 адамға арналған.
Қиын жағдайға тап болған нәрестелі қыз-келіншектерге, жүкті әйелдерге және сәбилі аналарға осы «Ана үйі» пана болуда. Оның қызметіне жүгінушілер өз-өзіне келіп, баласы аяқтанғанша көмек алуда. Бұдан бөлек мұнда еңбек биржасы арқылы жұмыс табуға көмек көрсетіледі және балалары бір жарым жасқа толғанша осы «Ана үйінде» тұруға мүмкіндік беріледі.
2024 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша 3 әйел 3 баласымен орналастырылды. Сенім телефонына 15-ке жуық әйел өтініш білдірген, әйелдерге көрсетілген консультациялар саны – 15.
Жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша облыс аумағында «Тұрмыс», «Есеп», «Прием во дворах», «Стоп-трафик», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Наурыз мейрамы» сияқты басқа да түрлі акциялар мен жедел алдын алу шаралары өтті. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, үкіметтік емес ұйым және меморандумға қол қойған қатысушылармен бірлесіп 53 іс-шара өткізді. Кәсіпорындарда, мекемелерде және білім беру мекемелерінде әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар арасында семинарлар, дәрістер, «дөңгелек үстел», тренингтер мен әңгімелесулер ұйымдастырылды.
Мысалы, 2024 жылғы 4-10 ақпанда «Intellect 7G» сарапшылар мен консультанттар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сарапшылары жоғарыда аталған өзекті мәселелерге қатысты ішкі істер органы қызметкерлерінің, әр ауданның ведомстволары мамандарының қатысуымен курстар өткізді. Оқыту курстары Шу ауданының «Шайқалмаған шаңырақ», Меркі ауданының «Тағдыр» және Қордай ауданының «Экстрим психология» пилоттық жобасымен танысу мақсатында облыстың әр ауданында жеке-жеке өткізілді, 88 қызметкер республикалық сертификат алды.
Ішкі істер министрлігіне «Intellect 7G» эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2024 жылы 20-23 ақпанда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ғимаратында «Шайқалмаған шаңырақ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырып, оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының 60 қызметкері және 160 азамат қатысты.
– Құқық қорғау органдарымен өзара байланыста қандай жұмыстарды жүргізу қолға алынды?
– Бұл тұрғыда сауықтыру жұмыстарын атап өтуге болады. Мәселен, әртүрлі полиция бөлімдерінің басқа да қызметтері бойынша әйелдерге жасалған зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына сәйкес және жезөкшелікті болдырмау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы ішкі істер органдарының өзге де қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарып, полиция департаментінің криминалды полиция бөлімімен және тергеу бөлімімен тұрмыстық сипаттағы қылмыстарға салыстырулар жүргізумен айналысуда. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы учаскелік полиция инспекторларымен, ювеналды полиция тобымен және қалалық, аудандық полиция бөлімдерінде профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен, яғни қорғау нұсқамасы шығарылған, мінез-құлқына ерекше талап белгіленгендерді, маскүнемдер, нашақорлар, жайсыз отбасыларды бірлесіп тексеріп, қажет болған жағдайда заң және психологиялық көмек көрсетеді. Бірлескен кездесулер өткізіп, аудан тұрғындарына тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Негізгі тақырып әйелдер құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қатысты болғаннан кейін осы сұрақты қоюға мәжбүр болып отырмыз. Жалпы әйелге қоқан-лоқы көрсету, қол жұмсау көбіне қандай отбасыларда орын алады?
– Бұрын мұндай жағдай жайсыз отбасыларда, күйеуі ішкілікке, нашақорлыққа салынған отбасыларда кездесетін. Отағасының ішкілік ішіп, үй ішінің мазасын алуы, үйде материалдық жағдайдың жетіспеушілігі, яғни тұрмыстық жағдайдың нашарлығы отбасылық ұрыс-керіс тудырып, соңы отбасылық дау-дамайларға ұласатын. Қазіргі таңда әйеліне қол жұмсаушылардың қатарына жағдайы жақсы, тіпті мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатқан азаматтар да қосылуда. Осының барлығын бөліп-жармай айтар болсақ, жылдың үш айында 1 641 әйел отбасында зәбір көріп, олардың ісі сотқа жіберілді.
– Отбасында табыс жеткілікті, киер киімі бүтін болса, ерлі-зайыптылар ішкілік, нашақорлық секілді зиянды әдеттен аулақ болса, дау-дамайдың туындауына не себеп?
– Оның себебі отбасылық құндылықтардың жойылуы және ер мен әйелдің отбасындағы өз міндеттерін дұрыс атқара алмауында. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы дау-дамайға қатысты қандай да бір деректер анықталып, осыған орай жүргізілген сұрақ-жауап алу, жағдайды зерделеу нәтижесінде белгілі болып отырған мәселе. Оқыған, көкірек көзі ояу деген азаматтың көтерген шаңырағында әйел отбасында ең болмаса ана міндетін дұрыс атқармаса, оған ерінің көңілі толмай қол жұмсауы мүмкін.
Егер қандай да бір отбасында ата-ана баласына тәрбие беруде оның бойына ұлттық құндылықтарды жас кезінде дарыта алмаған болса, оның нәтижесі есейгенде қоғамда теріс жағынан көрінеді. Қазір небір бай-бағланның ата-анасына полиция қызметкері «сіздің балаңыз осындай құқықбұзушылық жасапты, бұл қазір еленбегенімен баланың бұған еті үйренсе, ертең одан да зорын жасайды. Сондықтан балаңызды жөнге келтіріңіз, тәрбиесімен айналысыңыз» дейтін болсақ, олардың арасында «мақұл» дейтіні сирек. Көбіне «маған бала тәрбиесі жөнінде ақыл айтатын сен кімсің, мен өзім білемін баланы қалай тәрбиелейтінін» деуі мүмкін. Міне, ұлт ұрпағының есті азамат болып қалыптасу жолында осындай кедергілер кері әсер етуі мүмкін.
Қазір шаңырақ көтерген жастардың арасында үш-төрт айдан кейін айырылысып кетіп жатқандары көп. Олардың кейбірі бізге арызбен жүгінеді. Сол кезде профилактикалық іс-шаралар жүргізгенде ұрыстың екі тараптың бірін-бірі түсінбеуінен, сыйламауынан туындағанын аңғарамыз. Мысалы, «әкем маған көлік сыйлап еді, соны бұл неге мінеді, оның маған сыйлаған көлікті жүргізуге қандай құқы бар?» деген секілді «Бұл менікі, анау сенікі» деген дау-дамайды да көрдік. Бұл бір ғана мысал болса мейлі екен, осыған ұқсастары жетерлік. Осындай айтыс-тартыстың соңы ушығып, араға туысқандары түсіп, ақыр соңында екі жас ажырасып тынады. Ал олардың сүйегіне ұлттық тәрбие қанмен болмаса да жасында берілген ақылмен сіңген болса, мұндай жағдай орын алмас еді.
Жоғарыда атап өткенімдей, профилактикалық іс-шаралар барысында анықталғаны – бұрын жайсыз отбасындағы әйел зорлық-зомбылыққа ұшыраса, қазір бұл жағдайдың бар-жоғына қарап тұрған жоқ. Отбасылық ұрыс-керістің туындауына көбіне ерлі-зайыптының қолындағы смартфон құрылғылары да себеп болып жатады. Әйелін ұрған күйеуінің іс-әрекетін тексеріп, мұндай қадамға не үшін барғанын анықтау барысында адамды ойға батыратын түрлі оқиғаларға тап болып жатамыз. Күйеуі кешке дейін жұмыста болып, үйге келгенде бөлмелердің шашылып жатқаны, ыдыстың жуылмағаны, балалардың кір-қожалақ әрі ас-суын ішпегені, әйелдің телефоннан «TikТok» көруі, ашуланған отағасына әйелдің «мен сенің құлың емеспін, керек болса өзің істеп ал» деп жауап қайтаруы ер адамды сондай жағдайға жеткізгені де анықталды. Бірақ қандай жағдай болса да ер адам әйеліне қол көтермеуі керек еді. Өйткені еркектің бұл қылығы үшін оны жазалайтын заң бар. Бір өкініштісі, ерлі-зайыптылар бірін-бірі ұрып-соғып, сотқа сүйреп жүрсе, ажырасса, олардың бала-шағасының тағдыры не болмақ? Жалпы ақылға салсақ, ер адам отбасын асырау қамымен жүргенде әйел үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқаны абзал. Бұл болашақта сол балалардың қор болмауы үшін керек. Менің отбасының бүтіндігін сақтап қалуда ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуі керек деуімнің сыры да осы.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар