Өйткені бүгінде көптеген әйел отбасындағы шаруасын ұршықша иіріп қана қоймай, лауазымды қызметте де ерлермен тең дәрежеде мансап құра алатын әлеуетке ие екенін көзіміз көріп жүр. Бұл мемлекетіміздің жүзеге асырып отырған саясатына сай гендерлік теңдіктің қоғамда айқын көрініс табуының нәтижесі.
Басшылық қызметке өзінің білім-білігімен, жылдар бойы жинаған тәжірибесімен келетіндер көп. Олардың еңбек жолына үңілсек, ұзақ уақыт бар күш-қайратын бай тәжірибе жинақтауға арнап, қызметте сатылап өсіп, уақыты келгенде кәсіби маман ретінде өзгелерге үлгі болу деңгейіне көтеріледі. Сірә, бұл әйел затының табандылығына тән қасиет болса керек. Осындай жолмен жүріп келе жатқан нәзікжандылар облысымызда да жетерлік. Мәселен, Сарысу ауданындағы Ж.Отарбаев атындағы орта мектептің директоры Дариға Идирисова саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, бала оқытуға арнаған. Кейінгі жылдардағы еңбек өтілі басшылық қызметпен байланысты.
– Баланың сезімталдығын түсіну үшін жандүниең таза болуы қажет. Өйткені олардың көңілі албырт болғанымен, жаны қулық-сұмдықтан ада. Жас жеткіншектердің өзіне деген жанашырлықты да, қамқорлықты да тап басып танитыны сондықтан. Осы тұрғыдан алғанда, әйел-ана басқаратын бірқатар білім мекемесі тәрбие беру және оқыту процесінде озық жүруі – қоғамдық қалыпты трансформацияға айналған, – деген Дариға Түймебайқызы мақсаты ауыл мектебіндегі алғыр балаларды алға шығару екенін айтады.
Білікті басшы басқаратын мектептің мұғалімдері бүгінде «Табысты мектептің» 10 критерийін орындау бағытында үлкен ізденіспен еңбек етіп келеді.
2007 жылдан бері білім мекемелерінде басшылық қызмет атқарып келе жатқан Дариға Түймебайқызының жеке ұстанымы – еңбекқорлық пен табандылық. Ал ұжымда ауызбіршілік пен ұйымшылдыққа баса мән береді. Оны табысқа жетудің де басты кілті санайды.
Бұл талап мықты менеджер басқарып отырған мектеп мұғалімдерінің жетістікке жетуіне жол ашып келеді. 2018 жылы Ж.Отарбаев атындағы орта мектеп «Облыстағы ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясын жеңіп алып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болған. Мұны ұжымдық жұмыстың жемісі ғана емес, басқару ісіндегі қалыптасқан озық тәжірибенің нәтижесі десек, артық айтпаған болар едік. Олай дейтініміз, Дариға Идирисова бір жылдан соң республикалық «Үздік директор» конкурсына қатысып, тағы да үздіктер қатарынан көрінеді. Осылайша 250 мың теңгенің сертификатын иеленген ауыл мектебінің директоры осы табыстарға кездейсоқ жетпегенін дәлелдеген.
«Ұстаз болу үшін ұстаз болып туу керек» деген сөз бар. Сірә, бұл бекер айтылмаса керек. Мұғалім мен дәрігер – таңдап емес, жүрек қалауымен келетін мамандықтың бірі. Дариға Түймебайқызы педагогика саласына осылай қадам басқан. Кейіпкерімізді Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университеттің «Физика-математика» факультетіне балаң арманы жетелеп әкелді. 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» тағдыр жолындағы ең қиын сынақтың бірі болса да сол жолы жастармен бір қатарда тұрғаны кейіпкеріміздің тұлғалық қалыптасуына көп әсер еткені анық. Табандылық, қайсарлық дейтін қасиеттердің жас маманның бойында қалыптасуына, ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиелеу ісін сапалы дамыту қажет екенін түсінді.
– Ол кезде аталған педагогикалық университеттің 4-курс студентімін әрі оқу орнының комсомол ұйымына жетекшілік ететінмін.
Үйде бірге өскен сегіз баланың алтауы ұл, яғни ұлдардың арасында өскендіктен менде де ерге тән мінез бар еді. Біз ешкімді ұрған жоқпыз, соққан жоқпыз. Тек ұлт мүддесі үшін алдыңғы шепте айқайлап жүрдік. Сол бір оқиға қазақ елінің тарихында мәңгі сақталатыны даусыз. Өйткені бұл ел, жер, ұлт тағдыры үшін бас көтерген желтоқсандық жастардың жасаған ерлігімен қатар, бодандық қамытын киген халқымыздың тәуелсіздік жолындағы бұлқынысының да бастауы еді.
Сол кезде «Желтоқсан көтерілісіне» жастардың тәртіпсіздігі, қазақтың ұлтшылдығының көрінісі деген баға берілді. Бостандық үшін басын өлімге тіккен қазақ жастарының әрекетімен, халқының арман-тілегімен ешкім санасқан жоқ. Қазір шындықты там-тұмдап болса да айтып жүрміз. Бірақ оған қатысты жаңа зерттеулер, жаңа тарих жазылатын күн алда деп білемін. Ақиқатты әділ таразылайтын уақыт туады, – дейді ол.
Кейіпкеріміз оқуды бітіріп келген соң өзі туып-өскен ауданға қайта оралып, еңбек етті. Талай жыл мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Белсенділігінің арқасында 1994-1999 жылдары облыстық мәслихаттың бірінші шақырылымына депутат болып сайланды.
2004 жылы Сарысу аудандық мәслихатының Құрмет грамотасымен, 2008 жылы жас директорлар форумының дипломымен, кейін облыстың Құрмет грамотасымен марапатталуы – білім мекемелерін басқару ісінде енгізген әдістемелерінің нәтижесі.
Дариға Түймебайқызы мектепте 10 авторлық бағдарламасын іске асырды. Педагогикалық және мектеп басқаруда бірнеше жоба дайындады. «Білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологиясын пайдаланудың тиімділігі», «Шағын жинақты мектептегі білім беруді басқарудың ерекшелігі» атты зерттеу еңбектері салалық ғылыми басылымдарда жарық көрді.
Ауыл мектебін табысқа жетелеген мықты менеджердің жергілікті телеарнаның «Ғибрат» атты хабарының кейіпкері болғаны да бар. Бұл – ұстаздық қызметті ұлы іс санайтын маманның жұмысы көпшілік назарына іліккенінің көрінісі.
– Отбасындағы 8 ұл-қыз түгел ұстаздық жолды таңдадық. Мұғалім болу – бала күнгі арманым. Біздің шалғайдағы шағын елді мекендегі балалардың арманы асқақ еді. Қаратас елді мекенінде бар-жоғы 4-5-ақ үй болатын. Аядай ауылдағы бес үйден көпке белгілі, қызметім елге болсын деген танымал адамдар шықты. Кейіннен жоғары сыныпқа көшкенде сыныптастар «үлкен қалаға барып оқып, білім алып келіп, ауылымызды көркейтеміз» деп қиялға берілетін едік. Қазір ғой, ауыл мен қала мектебінің арасындағы алшақтықты жоюға ұмтылып жатқаны және бұл істе белгілі бір нәтиже де жоқ емес. Ал ол кезде шалғайда жатқан Арыстанды ауылының шаңын көтеріп, ойын қуған балғындар үшін шаһардағы мектептер кең сарайдай көрінетін. Ондағы жасалған жағдай ертегідегідей елестейтін. «Сондай мүмкіндікті ауылға біз әкелеміз» дейтінбіз. «Ел деп еңбек етеміз» деп уәделесетінбіз. Расында, бір сыныпта оқыған он-он бес ұл-қыз сол сөзімізде тұрыппыз. Бір жылдың түлектері түгелдей ауданда үлкен қызметтер атқарып келеді.
Өзімнің ізденісімнен бөлек, педагогика саласында тәлімін беріп, тәжірибесімен бөліскен ұстаздар көп болды. Сол кездегі жас мамандарға білгенін үйретіп, өнеге көрсеткен аға буынға айтарым – тек алғыс. Соның ішінде осы басшылық қызметке өсіп, осы жолда табысқа жетуіме Оңалбек Сопбеков ағайдың көмегі көп тиді, – дейді Дариға Түймебайқызы.
Ауылдағы интеллегенцияның бірден-бір өкілін ұстаз деп санаған кезеңнің кісілері үшін ол шақта ұстаздың айтқаны жөн, мұғалімнің мәртебесі биік тұрғаны белгілі. Кім білсін, ауылда қарапайым механизатор болып жұмыс істеген Түймебай Идирисов «менің де ұл-қыздарым бала оқытса» деп армандаған шығар, бәлкім. Бұл әулетте мұғалімдік жолды үйдің тұңғышы, үлкен ұл бастапты. Одан кейін Дариға апай жалғап, қалған алтауы да педагогика саласын таңдаған.
– Жұбайым Әбілдә Сәрсебаев екеуміз бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде немере сүйіп, ата-әже атанып отырған жайымыз бар. Қызым жолымды жалғастырып, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етуде. Үлкен ұлым мектепте ағылшын тілінен, кенжем денешынықтыру пәнінен сабақ берді. Алайда олар көп уақыт өтпей әкесінің жолын қуып, «КамАЗ» ауыр жүк көлігін жүргізу арқылы табыс тауып жүр, – дейді кейіпкеріміз.
Өз балаңды айтпағанда, кісі баласына жөн сілтеп, бағыт-бағдар беру оңай емес. Дариға Түймебайқызының ендігі арманы – абыроймен зейнеткерлікке шығып, ұрпақ алдында әжелік міндетін өтеу.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Сарысу ауданы