Оның 4-еуі облыс орталығы Тараз қаласында бой көтерсе, Қордай ауданында – 3, Шу ауданында – 2, Меркі ауданында – 1, Жамбыл мен Байзақ аудандарында екі білім ордасы салынатын болады. Биыл оның жетеуі пайдалануға берілсе, тағы 5 нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады.
Дейтұрғанмен болашағынан үміт күттірген жобаның өңірде жүзеге асырылуы барысында пайда болған түйткілдер жоқ емес. Аталған білім беру мекемелерінің уақытылы салынуы, оның шынымен жайлы мектеп бола алатыны өз алдына бөлек әңгіме. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Дамир Ташқараев «Жайлы мектептерді» кәріз жүйесіне қосу бүгінде алаңдатарлық жағдайға айналғанын айтып отыр.
– Білуімізше, орталықтандырылған кәріз жүйесі бар аумақтан салынып жатқан «Жайлы мектептер» ғана кәріз жүйесіне қосылады. Ал аудандардағы білім нысандары «септик» арқылы жұмыс істейді. Егер нысан қарапайым кәріз жүйесіне қосылмаса, ол қандай инфрақұрылым болғаны. Мыңдаған бала оқитын білім мекемелерінің «септикке» қосылуы ақылға қонымсыз.
Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылында салынып жатқан 600 орындық мектепке қатысты да бірқатар шикілік бар. Біріншіден, тура осындай 600 орындық білім ошақтарын салуға өзге аудандардан 3,5 гектар жер бөлінсе, Шайқорыққа берілген жердің көлемі 2 гектар ғана. Мұны мәселе етіп қайта-қайта көтерудің арқасында аталған мектеп аумағын 2,4 гектарға жеткіздік. Бұдан бөлек әу баста Шайқорықта мектеп құрылысын жүргізуге белгіленіп қойған жер телімі болған. Кейін құрылыс орнын саябақтың ішіне ауыстырды. Неге ол жаққа ауыстырылғаны бізге түсініксіз. Негізі Шайқорық ауылында 1 200 оқушы білім алып жатқан, күрделі жөндеуден өткен мектеп бар. Жаңадан салынғалы жатқан білім ошағы мен осы 1 200 орындық мектептің арасы 100 метр ғана. Анығын айтқанда, бір мектептің қасына екінші мектепті жағаластырып салып жатырмыз. Жапсарлас тұрған қос нысан онсыз да экологиялық апаттың алдында тұрған саябақтың көркін бұзады. Сонымен қатар жерасты суын зерделеу жұмысын қадағалап отырған жөн. Себебі құрылыс жоспарланған жерде, яғни саябақта 1 метр жерден су шығады. Сол сияқты кәріз құбырына қосылмаған «септик» арқылы жұмыс істейтін мектептің мәселесін шешу үшін лай суды жүзбе бөлшектерден тазалауға арналған су хауызын (отстойник) ауылдың ішіне орнататыны да көңіл көншітерлік тірлік емес, – деді Д.Ташқараев.
Айта кетерлігі, аталған жобаға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы жауапты. Депутат көтерген мәселеге жауап алу үшін акционерлік қоғамның облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұратбековке қайырылған болатынбыз.
– Жобаның талаптарына сәйкес құрылыс салынатын жерді бізге жергілікті атқарушы органдар таңдап береді. Былайша айтқанда, құрылысқа жауапты болғанымызбен нысан салынатын орынды жергілікті атқарушы орган анықтайды. Кәріз жүйелеріне қатысты айтар болсам, орталықтандырылған кәріз жүйесі бар аумақтан салынып жатқан жайлы мектептердің ғана кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндігі бар. Ал аудандардағы білім нысандары үлкен резервуарлы «септик» арқылы жұмыс істейді. Ал сөз болған Шайқорықтағы мектепте «септик» болмайды, білім нысаны Тараз қаласының коллекторына қосылады. Қазіргі сәтте осы жұмыстардың жобасын әзірлеумен айналысып жатырмыз. Ал қалған аудандарда, өкінішке қарай, ондай мүмкіндік жоқ, –
деген Қанат Жорабекұлы неліктен ұлттық жобаға жауапты болып «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы бекітілгенін түсіндіріп өтті.
– Бұл мәселеге қатысты да халық біраз шулаған болатын. Әртүрлі әңгімелер шықты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы неге «Samruk-Kazyna»-ға беріліп отыр? Неге құрылыс жұмысы әкімдіктер арқылы жүргізілмейді?» деген сұрақтар туындады. Жалпылама баяндап өтсем, ұлттық жобаның мектеп тапшылығы, үш ауысымды оқыту жүйесін жоюдан бөлек, бірқатар мәселені шешуге тигізер септігі көп. Ауылдық жерлердің бәрінде дәретхана далада орналасқандықтан балаларға жиі зорлық жасалып жатыр. Үлкен сыныптағылар сырттағы әжетханада өзінен кішілерге зәбір көрсетеді. Осы сияқты жағымсыз іс-әрекеттер көбейіп кетті. Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынған, сапалы білім нысанын қысқа мерзімде салу тек EPC платформасы, басқаша айтқанда, «Инжиниринг-Сатып алу-Құрылыс» қағидаты арқылы ғана мүмкін. Сондықтан да құрылыс «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамына берілді.
Жобаны іске асырудың 8 тәсілі қарастырылған. Оның ішінде тапсырыс берушінің функциясы жергілікті әкімдіктерден бізге берілді. Әдетте жобалаудың өзі бір жылдан асып кетеді. Соттасатын жағдайлар туындаған жағдайда мерзімі одан да ұзауы мүмкін. Бұл платформада ондай болмайды. Жобалауға әр кезеңде сарапшылар көмектесіп отырады. Бұған қоса «Жайлы мектептерді» салуда ашықтық барынша сақталады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады, – дейді Қ.Мұратбеков.
Аталған мәселелерден бөлек, мердігерлерге нысандардың құрылыс қарқыны баяу екендігі жөнінде де сын-ескертпелер айтылып жатыр. Биылғы наурыз айының ортасында «Жайлы мектептердің» екінші дивизионының жетекшісі Бағдат Азбаев облысқа келген болатын. Жұмыс сапары барысында «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының өкілі 7 бірдей болашақ оқу орнының учаскесін аралап шығып, төрт мердігер ұйымның жұмысына төмен баға берді. Атап айтқанда, «Таразстрой-2004» (Қордай, Қаракемер ауылы), «Агроспецстрой» (Жамбыл ауданы, Шөлдала ауылы), «Integra Construction KZ» (Тараз қаласы, «Бәйтерек» ықшамауданы), «Отау-Строй» (Тараз қаласы, «Ұлы дала» ықшамауданы) серіктестіктеріне құрылыс қарқынын үдету керектігі ескертілді. Ол үшін құрылысшылар санын арттырып, түнгі кезекті ұйымдастыру жүктелді. Жұмыс сапары барысында Б.Азбаев компания басшыларының назарын материал, жиһаз бен техниканы сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беру қажеттігіне аударды. Сондай-ақ мердігерлерге эскроу-шоттармен жұмыс істеу реті тағы бір мәрте түсіндірілді.
Іссапар барысында «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу бойынша да көш соңында жүргені анықталды. Бұл серіктестік Тараз қаласының «Шөлдала» ықшамауданындағы «Жайлы мектеп» құрылысына жауапты. Алдағы уақытта нысанның жобалаушысы «Тараз-Технопроект» серіктестігіне «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының жиынтықтау бөлімінің мамандары көмекке келмек.
Жұмыс сапары кезінде Бағдат Азбаев егер мердігерлер жүктелген тапсырманы бекітілген мерзімде орындамаса, келісімшарт бұзылатынын кесіп айтты. Жауаптыларға «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысы жағдайды мысалға келтірді. Компания Қордай ауданына қарасты Қарасу ауылындағы 300 орындық мектепті салуға ашық конкурсты жеңіп алған болатын. Алайда шаруаны уақытылы атқармай, арадағы келісімшарт бұзылған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те өткен айдың соңында білім ошақтарын аралап, құрылыс барысымен танысып қайтқан болатын. Аймақ басшысы «Шөлдала» алқабындағы 600 орындық, «Бәйтерек» (13) ықшамауданындағы
1 200 орындық және «Ұлы дала» (15) ықшамауданындағы
2 000 және 1 200 орындық жаңа білім беру нысандарының құрылыс алаңына барды. Жұмыс қарқынының баяу жүріп жатқанын көрген аймақ басшысы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асуда. Жұмыс баяу жүріп жатыр. Бұл қарқынмен құрылысты уақытында аяқтай алмайтынымыз сөзсіз. Сондықтан құрылыс жұмыстарын жеделдету қажет. Ең бастысы, сапаны ұмытпаған жөн. Мектеп балаларға қолайлы, қауіпсіз, қолжетімді болуы тиіс, – деді Ербол Шырақпайұлы.
«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұратбековтің сөзіне сүйенсек, келісімшарт жасалған 7 құрылыс нысанының жалпы сомасы жобалық-сметалық құжаттаманы, жобалаушы-қадағалаушыны, толық техникалық қадағалауды қосқанда
35 816 324 мың теңгені құрайды. Аталған қаражаттың ішіне жиһаздар, құрал-жабдықтар да кіреді. Осы ретте ескере кетерлігі, жиһаздар мен қажетті құрал-жабдықтар толықтай заман талабына сай және барлығы отандық өндірушілерден сатып алынады екен.
Жоба аясында осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін
3 нысанды, 15 желтоқсанға дейін 4 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Қанат Жорабекұлы кейбір мектептің құрылыс жұмысының кестеден кешігіп жатқанын растап, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауға күш салынатынын жеткізді."Жайлы мектеп" салу ісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа форматтағы мектептер салу жөніндегі бастамасынан туындаған болатын.Президент тапсырмасына жүрдім-бардым қарамай, қолға алынған жоба аясындағы құрылыс жұмыстарын ақсатпау жауаптылар үшін басты міндет болуы тиіс.Сол кезде ғана оқушылар сән-салтанаты келіскен сапалы мектептің игілігін дер кезінде көреді.
Ақтоты Жаңабай