Темірхан Бижігітұлы 1954 жылы 16 мамырда Жамбыл ауданы, Көлтоған ауылында дүниеге келген. 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Физика» факультетіне түсіп, 1977 жылы «Физика пәнінің оқытушысы» мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1977 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында физика пәнінің оқытушысы қызметінен бастап, 1982 жылы Мәскеудің гидромелиоративтік институтының «Физика» кафедрасына аспирантураға түседі.
Әлемге әйгілі ғалым, академик Н.Н.Сиротаның жетекшілігімен «Жоғары қысыммен (0-30)К төменгі (90-300)К температурадағы мұздың фазалық диаграммасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды.
1994-1998 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының «Физика және химия» кафедрасының, 2005-2007 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, 2007-2020 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Физика, математика және жаратылыстану ғылымдары» факультетінің деканы қызметінде болып, табысты еңбек етті.
Профессор Темірхан Бижігітұлы 120-дан астам оқу-әдістемелік еңбектің, оның ішінде инновациялық технологиялар бойынша 100-ден аса жұмыстың авторы.
Ғалым алғаш рет мұздың төменгі температурасы мен жоғары қысымдағы фазалық диаграммасын анықтап, мұздың XII модификациялық жаңалығын ашқан.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен, яғни министрліктің грифімен 7 оқулығы ана тілінде, оның ішінде 7 оқулығы ағылшын тілінде баспадан шыққан. Үш оқулығы 2021-2023 жылдары өңделіп, баспадан қайтадан жарық көрді.
2013 жылы Мәскеу гидромелиоративті, 2015 жылы Стамбул мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, 2014 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауының лауреаты атағын иеленді.
Жастық шағы Мәскеуде өтіп, әлемге танымал ғалымдардың көз алдында жетілуі өз алдына тарихи оқиға.
– Бірінші ғылыми еңбегіме пікірді академик, Нобель сыйлығының лауреаты, екі рет Социалистік Еңбек Ері, Лондонның Корольдік қоғамының мүшесі, Америка Құрама Штаттары Ұлттық академиясының мүшесі Пётр Леонидович Капица жазған. Сегіз жыл Англияда институт директоры қызметін атқарған. Кезінде ядролық физиканың атасы атанған, Жаңа Зеландиядан шыққан британдық физик, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Резерфордтың шәкірті болған.
Ғылыми жетекшім Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан келгенімді естігенде судың физикалық қасиеттеріне сыртқы параметрлердің әсерін зерттеумен айналысуды тапсырды. Сол уақыттан бері осы ғылыми бағытта бірнеше монография жазып, ғылыми мақалаларым әлемдік журналдарда жарық көрді. Мәскеудегі телеарнадан екі рет ғылыми мақалаларыма байланысты ақпарат берілді.
Мұздың төменгі температура (90-250)К мен жоғарғы қысымдағы (0-2500) МПа фазалық диаграммасын тұрғыздым. Төменгі температуралардағы мұз түрлерінің шекараларын анықтап, мұздың ХІІ түрін аштым.
Бүгінде тұщы су әлемдік деңгейде өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда осыған байланысты мұздың Р-Т координатасындағы диаграммасы ғалымдарды қызықтыруда. Өйткені планетамыздың Солтүстік полюстерінде мұз қабатының қалыңдығы бес мың метрге дейін жетеді. Антарктикадағы және Күн жүйесіндегі планеталардан қат күйде тұщы су, мұнай, газ қорлары бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Менің жазған еңбектерімде тұщы су қатты күйінде қандай тереңдікте жатқанын және оның қабатының қалыңдығын анықтайтын әдістер көрсетілген. Төменгі температура мен жоғары қысымдағы мұз түрлерінің барлығы шала өткізгіштер. Оларды температура төмен жерлерде, мысалы, космоста қолдануға болады. Өйткені қысымды атмосфераға түсірсек те мұз түрлері өзінің құрылысын сақтайды, – дейді ғалым, ұстаз Т.Бижігітұлы.
Кейіпкеріміз білім саласының дамуына қосқан зор үлесі және оқулықтар жазудағы көп жылдық нәтижелі еңбектері үшін А.Байтұрсынов атындағы қола, күміс, алтын медальдармен және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, бірнеше рет министрліктің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2018 жылы қазақстандық физикалық қоғамның мүшесі, Жамбыл облысы бойынша төрағасы болып сайланды.
2020 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі.
Осылайша Темірхан Бижігітұлы ғылым-білім жолындағы табанды еңбегі арқылы еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Эльмира МАДАЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті
«Физика және информатика» кафедрасының PhD докторы,
қауымдастырылған профессор
Нұрай мен Назира «Nortnwestern»-де тегін оқиды
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 180 құзыреттілік орталықтары ашылды
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024