Балалар үшін бұл маусым ерекше қуаныш сыйлайтыны белгілі. Өйткені оқудың аяқталуымен «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп мектеп оқушылары жазғы лагерьлерге баруға дайындала бастайды. Жайдары жаз мезгілінің қызыққа толы ұмытылмас естеліктері демалыс лагерінен бастау алады емес пе?!
Әрбір ата-ана баласының таза ауада тынығып, демалыстан жақсы әсер алып қана қоймай, қауіпсіз және үлкендердің қатаң бақылауында болғанын қалайды. Сол үшін барынша лайықты жерді таңдауға тырысады. Осыған орай бүгінгі күні балалар лагерінің алуан түрі қызмет көрсетуде. Мәселен, лагерьлер дәстүрлі сауықтыру, спорттық-туристік, театральді болып бірнеше топқа бөлінеді. Лагерьде балалар тек демалып, ойнап, көңіл көтеріп қана қоймай, бос уақытын тиімді пайдалануы тиіс. Яғни жаңа нәрсе біліп, үйреніп қайтуы қажет.
Осы тұста өңірде балалардың уақытын тиімді өткізу және лагерьлермен қамту жұмысы жыл сайын қарқынды жүзеге асырылады.
Облыс әкімдігі білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биыл аймақта 1-10-сыныптарда 219 769 оқушы білім алса, 192 699-ын (87,6 пайыз) лагерьлермен қамту жоспарланып отыр.
Жалпы бүгінде өңірде 12 қала сыртындағы сауықтыру лагері мен 8 орталық оқушыларды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» орталығы мен мемлекеттік «Болашақ», «Жұлдыз», «Жұрындысай», жекеменшік «Болашақ», «Рауан», «Берікқара», «Тау самалы» секілді маусымдық лагерьлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін 7 454 баланы сауықтырумен қамту көзделуде.
Сонымен қатар биыл екінші жыл қатарынан «Қазақстан халқына» қоры есебінен оқу үздіктері, түрлі жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары демалыспен қамтылуда.
Облыс әкімдігі білім басқармасының қосымша білім беру тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева 405 лагерьдің жұмысы 3 маусымнан басталып, 2 ауысымда 36 259 баланы қамтитынын айтады.
– Ал олардың бос уақытын ұйымдастыру үшін 430 мектептің демалыс алаңдарында мектеп аумағын көгеріштендіру, абаттандыру, экологиялық және басқа да жұмыстарға 28 мыңға жуық бала тартылады.
Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста арнайы штаб құрылды.
Жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастырумен бірге олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, полиция департаменттерінің келісімімен 2024-2026 жылдарға іс-шаралар жоспары бекітілді, – дейді Гулзира Лесбайқызы.
Балалар мен жасөспірімдер үшін демалыс ұйымдастыру – бұл оқушылардың демалуы және жеке дамуы үшін жағдай жасау, әртүрлі демалыс нысандарымен қамти отырып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіз, сапалы демалуын, сауығуын қамтамасыз ету.
Жазғы каникул кезеңінде қала сыртындағы лагерьлерде 7,5 мыңға жуық оқушы және білім беру мекемелерінде жұмыспен қамтыла отырып 129 мың баланың бос уақытын тиімді қамту жоспарланған.
Қордай ауданындағы «Балауса» мемлекеттік сауықтыру лагеріне 1 000-ға жуық бала барады деп жоспарлануда. Жалпы бұл лагерь 4 ауысым бойы балаларды қабылдайды.
– Демалыс орнының ағымдағы жөндеу жұмыстары мен кеңсе тауарларына, спорттық бұйымдары мен басқа да қажеттіліктерге 1 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Дәл қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын толық бітірдік десек те болады. Тек ұсақ-түйек жөндейтін жерлері қалды. Ғимараттардың бәрі әктелді. Бөлмелердегі шағын жиһаздар, төсектер жөнделді. Талдар отырғызылып, гүлдер де егілді. Санитарлық-эпидемиологиялық станса мен өрт қызметінің рұқсатын күтіп отырмыз. Биыл лагерьге жаңа ыдыс-аяқтар, мұздатқыш алынды. Бақылау камераларының саны артты. Өткен жылы көрпе-төсек жабдықтары толық жаңаланған болатын. 1 баланың 1 күндік тамақтануына 1 800 теңгеден бөлініп отыр.
Біздің лагерьде балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы бағдарлама бойынша оқушыларды зияткерлік және спорттық бағытта күнделікті дамытып отырамыз, – дейді лагерь директоры Рая Ағыбаева.
Сондай-ақ демалысқа ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған 128 оқушы және 311 тұрмысы нашар отбасылардың балалары тартылады.
Полиция қызметкерлері қоғамдық және демалыс орындарында, суайдындарда, демалыс лагерьлерінде балалардың мінез-құлық ережелері, сондай-ақ балалардың жарақаттануының алдын алу бойынша нұсқаулықтар әзірлеп, білім беру ұйымдарына жолдаған.
Жазғы демалыс қарсаңында бұл ақпарат оқушылар мен олардың ата-аналарының назарына жеткізіледі.
Жазғы каникул кезеңінде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаменті және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлерімен бірлесіп жаппай жазғы демалыс орындарында бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізетін болады. Табиғатқа экскурсияларға, өзендер мен суайдындарға шығу кезінде демалушы оқушыларға барынша көңіл бөлінеді.
– Әрқашан баланың демалысының дұрыс ұйымдастырылуы – бұл заңсыз ортадан қорғайтын «қауіпсіздік шеңбері» сияқты. Егер ата-аналар балаларын тәрбиелеуге белсенді қатыспаса, олардың бос уақытына қызығушылық танытпаса, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары қолданылмайды. Осыған байланысты отбасының қоғамдағы және саналы ата-ана рөлін көтеру қажет, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.Бүгінде облыстағы лагерьлер балаларды күтіп алуға дайындық жұмыстарын үдете түскен. Ең бастысы, олар қауіпсіз ортада, демалыстарын тиімді әрі мазмұнды өткізсе деген тілек бар.
Айжан ӨЗБЕКОВА