ҚР Оқу-ағарту министрлігі дайындаған «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасында білікті де білімді, Отанына адал қызмет ететін мамандар даярлауға баса мән берілген. Сондай-ақ оқушылардың саулығын сақтау, оларға жеке тұлға ретінде құрмет пен сенім көрсету, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жайы кеңінен қарастырылған.
ХХІ ғасыр – ақпараттар мен технологиялар дәуірі дейміз. Күн сайын қарыштап дамып жатқан ғылым жаңа инновациялар мен жаңа тенденцияларды игеруге жол ашуда. Осы секілді қазіргі оқушылардың, студенттердің жаңа дағдыларды игеруге мол мүмкіндігі бар. Жаңа мүмкіндіктер жаңа дағдыларды үйренуіне жол ашады. Бәріміз де студенттердің үнемі оқып, дамып, жаңа біліммен танысқанын қалаймыз.
«Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының жобасы негізінде білімді жетілдіруге арналған көптеген мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, білім беру мазмұнындағы жоғары оқу орындарындағы студенттер мен жұмыс істейтін адамдар қажет ететін кәсіби дағдыларды қысқа мерзімде игеруге, оқытудың жеке-дара бағдарын құруға және білімдегі олқылықтарды жоюға, азаматтардың қосымша білім алуға деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін оқытудың жинақтаушы жүйесін іске асыруды қолға алуы қуантарлық дүние. Себебі студенттерге оқу нәтижелерін қайта кредиттей отырып, жаппай онлайн білім беру курстары (Coursera, EdX, Open University және тағы да басқа) арқылы жекелеген біліктілікті игеруге мүмкіндік беріледі. Бұрын «Coursera» сынды онлайн білім беру жүйелері ақылы болса, қазір студенттер тегін-ақ жаңа дағдыларды игеріп, білім көкжиегін кеңейтіп жатыр.
Қазір студенттер үшін әлемдік кітапханалардың қолжетімді болуы тегін қамтамасыз етіледі және жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйе кеңейтілуде. Бұл білімнің сапалы болуына септігін тигізетін оң қадамдар. Цифрлық трансформациялау, қашықтан оқыту, талантты білім алушыларды докторантура мен пост докторантурада білімін жалғастырудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып, ғылыми кадр даярлаудың жүйесі қолға алынбақ.
Білімнің сапалы болуы, ең алдымен, оқытушы-профессорлар құрамына да байланысты. Білімді мамандар білікті мамандарды даярлап шығады. Ұлттық баяндамада оқытушы-профессорлардың да жайы айтылған. Жоғары оқу орнының оқытушысы мен ғалымның ерекше мәртебесі мойындалатыны нақтыланған. Ғылыми жетістіктері жоғары, өндірістік тәжірибесі жеткілікті, білікті мамандарды лайықты жалақымен қамтамасыз ету жайы көзделген. Бұл білім беруші ұстаздар үшін мотивация деуге болады.
ХХІ ғасыр – жаңа заманауи технологиялардың, білім мен ғылымның зымырандай самғаған дәуірі. Алайда адамзат баласы үшін бұл өзгерістер мен заманауи технологияның қауіп-қатері бар екенін біліп отыру өте маңызды. Қазіргі білім беру парадигмалары бұрынғы білім беруден барлық жағынан өзгешеленеді. Оны заманауи технологиялардың ықпалынан деп айтуымызға болады. Сан қилы мінезді, өмірге көзқарасы әртүрлі адамдар дәуірі басталады. Интернеттен, ғаламтордың түрлі бағдарламаларынан, деректер базасынан тағы да басқа түрлі қауіптер адамдардың тұрмыс-тіршілігін өзгертіп қана қойған жоқ. Жалпы адам болмысына, санасына ықпал етіп жатыр. Осы қауіп-қатерден құтқаратын айналада болып жатқан «белгісіздік шараларының» алдын алу үшін қазіргі білімнің сапасына, білім беру дағдыларының жүйесіне де көп көңіл бөлу және назарға алынуы тиіс. ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне жетпейтін уақыт ХХ ғасырдың бүкіл әлеуетіне жететін істер атқарды.
Қазір жаңа білім беру жүйесіне, жаңа білім саласына дағдыландыру, үйрету, өзі алған білімді екінші, үшінші мамандыққа қарай үйлестіре білу қажеттілігіне қазір басымдық беріліп отыр. Бұл – заман талабы. Біздің мемлекетіміздің әрбір мүшесі жалпыадамзаттық білім алудың миссиясын түсінуі, сезіне білуі және оны өмірдің кез келген саласында қолдана білуі керек. Бүгін білім беруші мен білім алушы білім жолында өмір бақи іздене берумен қоса, оны қабылдау, өңдеу және игеру дағдыларын қалыптастыра білуі қажет. Жалпы жастарды биік адамгершілік және жоғары құзыреттілікке тәрбиелеудің ерекше кеңістігін құру басты мәселелердің бірі екенін де атап кету керек, ортақ қолжетімді сапалы білімге сонда ғана қол жеткіземіз.
Айзат АРАЛБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің ғылым магистрі