Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тестілеу форматы өзгерген жоқ

Тестілеу форматы өзгерген жоқ
ашық дереккөз
Қазір оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар үміт пен үрей құшағында жүр. Себебі оқу жылы аяқталып, ҰБТ тапсыратын күн де жақындап қалды.

Осы орайда шәкірттердің білімін таразылайтын сынақтың биылғы ерекшеліктері туралы көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп көрдік.Облыс әкімдігі білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өңірімізде биыл 11-сыныпты 12 121 түлек бітіреді. Қорытынды аттестаттау 11-сынып бітірушілері арасында 28 мамыр-11 маусым аралығында жүргізіледі.

11-сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары 5 пәннен жүреді. Олар, оқыту тілі (қазақ/орыс/өзбек тілі) бойынша жазбаша емтихан 28 мамыр күні өтеді. Алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан 31 мамырда, Қазақстан тарихынан ауызша емтихан 4 маусымда өтсе, орыс/өзбек тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілі және әдебиетінен және қазақ тілінде білім беретін мектептерде орыс тілі және әдебиетінен жазбаша емтихан 7 маусым күні тапсырылады. Таңдау пәндері (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, информатика, шет тілі бойынша жазбаша емтихан болады. Барлық емтихандар оқу орнында – мектептерде өтеді.
«Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын (ана тілі мен математика) облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан құрылған комиссия қарайды. Биылғы оқу жылында 387 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер (2022 жылы – 305). Сондай-ақ 816 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер.
Осы орайда біз Ұлттық тестілеу орталығының облыс бойынша базалық филиалының басшысы Жамбыл Ізтұяқтан биылғы ҰБТ-дағы өзгерістер туралы сұрадық. Жамбыл Алпысбайұлы биыл негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 6-14 мамыр аралығында жүзеге асырылатынын айтты.
– Тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Дегенмен төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты ұзартылып, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі. 
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша, 2024 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. 
ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді. 
Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында осыған дейін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Яғни әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылды. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Білім беру орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған тегін онлайн сабақтар жалғасуда. Ал оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды, – дейді, Жамбыл Алпысбайұлы. 
Филиал басшысының айтуынша, биыл тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарған. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылған.
– Осылайша ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140.
Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді етіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шекті балл да өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауылшаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (ұлттық ЖОО үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. 
Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және тағы да басқа) алып өтудің алдын алу үшін қажет.
Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады, – деді Жамбыл Алпысбайұлы.
Айта кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Айжан ӨЗБЕКОВА
 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар