Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Музей сабағының маңызы ерекше

Музей сабағының маңызы ерекше
ашық дереккөз
«Мұражай педагогикасы» әдістемесін жүзеге асырудың тиімділігін трансляциялау, мұражайдағы сабақты жоспарлау тәжірибесімен алмасу мақсатында «Мұражай педагогикасы – белсенді оқудың инновациялық технологиялардың бірі» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинарға білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, мұражай және кітапхана қызметкерлері, әдіскерлер мен мұғалімдер қатысты. Семинарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институты директорының міндетін атқарушы Ш.Тайғанбекова алғыс сөзбен ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында PhD философия докторы Эльмира Мырзалиеваның жетекшілігімен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мен Тараз қаласындағы И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның ұстаздарының бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесі таныстырылды. 
Іс-шара барысында Д.А.Қонаев орталығының экскурсоводы Гаухар Қарқымбаева баяндама жасады.
– Дінмұхамед Ахметұлы – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы. Еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде бастады. Дипломын Қоңырат карьерінің қуаттылығын 90 мың тонна қара мыс беруге жеткізу жөнінде жазып, үздік бағамен қорғап шығады. Өзі жұмыс істеген үш жылда бұрғылау станогының жұмыскерлігінен бастап, цех бастығы, рудниктің техника бөлімінің меңгерушісі, бас инженері, директоры болып қызмет атқарды.
Елу жыл ел ағасы болып, Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевтың ардақты есімі ел есінде мәңгі сақталады. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп, ұлт ретінде ұйыса түсуіне Дінмұхамед Ахметұлы ерекше үлес қосты.
Д.А.Қонаев орталығы «Музей педагогикасы» жобасы аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтымен бірге И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның оқушыларына «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» тақырыбында музей сабағын өткізіп тұрады. 
Жуырда өткен музей сабағы барысында оқушыларға Дінмұхамед Ахметұлының ататегі, өмір жолы, саяси қызметке келуі және елімізге сіңірген еңбектері туралы мәлімет беріліп, арнайы дайындалған кітап көрмесімен танысты. Сабақ соңында оқушылар Дінмұхамед Ахметұлының қанатты сөздерін оқып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұйымдастырылған ойындарға белсене қатысты. Тілек тамшысы ойыны арқылы орталыққа ізгі-тілектерін білдіріп, өз әсерлерімен бөлісті.
Сонымен қатар Д.А.Қонаев орталығында «KONAEV SMART SCHOOLS» Д.А.Қонаев мектебінің оқушыларына және Тараз қаласындағы №36 орта мектеп оқушыларына музей сабақтары өтті. 
Музей – халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отыратын ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей педагогикасының негізгі мақсаты – жас ұрпақты музейге тарту, тұлғалардың өмір жолымен таныстыру, туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдау және қабілеттерін арттыру. Музей сабақтары арқылы оқушылардың білімі артып, тарихқа, қоғам қайраткерлеріне құрметі арта түседі, – деді Гаухар Қайратқызы. 
Өз кезегінде сөз алған «Мұражай педагогикасы» жобасының жетекшісі, PhD философия докторы Эльмира Мырзалиева оқушы қабілетін дамытудағы музей сабақтарының маңыздылығына тоқталды.
Семинар соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтып, ұсынылған инновациялық әдістемеге ризашылықтарын білдірді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар