Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өлең боп өмір кешкен ақын

Өлең боп өмір кешкен ақын
ашық дереккөз
Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығы Тамабек ауылындағы орта мектептің мәжіліс залында ақын Серік Томановқа арнап «Өмірі қысқа, өлеңі өміршең, Таластың сері Серігі» атты еске алу кешін ұйымдастырды.

Ақынды еске алуға арналған іс-шара «Талас» халық театрының Томановтың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымымен басталды. 
Жиында алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова руханият әлеміндегі шоқтығы биік ақынның өміріне, шығармашылығына тоқталды. 
Ал облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов ақын жайлы жылы лебізін білдірді.
 
Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы өмірден жасындай жарқырап өткен ақынның балалық шағын, сезімталдығын, білімге құштарлығын естеліктеріне арқау етті. 
– Біз әлем әдебиетінің жауһарларын алдымен осы Серік ақыннан біліп, Секең оқыған кітаптарды оқып өстік. Томановтың қай кезде оқып, жақсы өлеңді қай кезде жазып үлгеретініне таңданушы едік. «Жылқы артқан машиналар» деген өлеңінің мазмұнын бізге өзі түсіндіріп, жылқы сатып, «Жигули» мінген тоқ көңілді меңзегенін айтушы еді, – деп ағынан жарылды.
Еске алу кешіне Алматыдан арнайы келген белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров та көңіліндегі сағынышын толғай келе, өлең болып өмір кешкен рухани інісі жайлы арнау өлеңін оқып берді. 
Кеш барысында Серік ақынның ұстазы Балтабай Әбітаев та Томановтың тамаша қасиеттерін, табандылығын тілге тиек етті. Ақын, кеш иесінің рухани шәкірті Азамат Есалының естеліктерін де көпшілік елжіреп отырып тыңдады. Азамат өз кезегінде Томановтың бірнеше өлеңін жатқа оқып, жұртты бір желпіндіріп тастады. Айтыс ақыны Асқарбек Айдаров та сағынышқа айналған Серік ақынның жақсы қасиеттерін аша түсуімен ерекшеленді. 
Танымал әнші-композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкір орындаған, кеш иесінің сөзіне жазылған әндер де көпшіліктің көңілінен шықты. Аудандық мәдениет орталығының әншілері де тамылжытып ән шырқады.
Сондай-ақ ақынның жары Бибігүл Оразбаева барша тілеулес жандарға алғысын білдіріп, аяулы жанның естеліктерімен бөлісті.
– Өздеріңіздің талантты ұлдарыңыз Серіктің жазған жырлары халықпен бірге жасай береріне көзім жетті. Қазір қызымыз да, ұлымыз да жетіліп, өмірден өз орындарын тапты. Немере сүйіп отырмыз. Бір ғана өкініш бар. Ол Серіктің ортамызда жоқтығы, – деді Бибігүл Оразбаева.
Іс-шара соңынан дастарқан жайылып, ақынның рухына Құран бағышталды. 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар