Президент: «Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды.
Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн», – деген болатын.
Президент атап өткендей, жас таланттарды қолдап, шығармашылығын шыңдау мақсатында Шу ауданында жас өнертапқыштар сайысы өтті. Аудандық техникалық шығармашылық орталықта өткен жарыста М.Әуезов, Ғ.Мұратбаев, Абай, А.С.Макаренко, А.Байтұрсынұлы, Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы атындағы орта мектептерден келген оқушылар әуе, зымыран, кеме, автомодельдеу бойынша сынға түсті. Әрі бұл жарыс қосымша білім беру педагогтары үшін тәжірибе алмасуға, жас конструкторлар мен инженерлерге шығармашылық әлеуетін, ғылыми-техникалық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Аудандық өнертапқыштар байқауының ашылу салтанатында аудандық техникалық шығармашылық орталықтың директоры Әсемгүл Қоқымбекова сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығын тілге тиек етті. Байқауға №10 Шу колледжі оқу өндіріс шебері Б.Мамеков, Т.Рысқұлов мектебінің технология пәнінің мұғалімі М.Райымқұлов, техникалық шығармашылық орталықтың «Авто ісі» үйірме жетекшісі-арбитр Қ.Малдыбаев, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің мұғалімі Ұ.Әуітжан төрелік етті.
Жас өнертапқыштардың талантын ашуға, қызығушылығын арттыруға бағытталған байқау жоғары деңгейде өтті. Оқушылар қалдық заттарды кәдеге жаратып, әуе, су, жер көліктерінің түрлі модельдерін көрсетті. Тіпті зымырандарын көкке ұшырып, кеме-қайықтарын Шу өзеніне апарып жүздіріп көрді. Сондай-ақ ойдың ұшқырлығы мен шеберліктің көрінісін айғақтайтын байқауда 1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу, тігінен жүргізу және багги жарысында да оқушылар өз қабілеттерінің мүмкіндігі қаншалықты екенін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом, бағалы сыйлықтармен, ал жеңімпаздардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен облыстық байқауға «1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу (РЦБ класы)» номинациясы бойынша Раиль Бахриев, «1:10 масштабта багги жарысы (4wd багги -10Э; багги 1:8 ДВС, 1:10 ДВС)» номинациясы бойынша Темірбай Нұрғиса, «Зымыран модельдері, S6А – стример, S9А – ротошют» номинациясы бойынша Батырбек Әлібек жолдама алды. Сонымен қатар «Тігінен жүретін автотрассалық модельдер (жартылай көшірме) 1/32 масштабтағы модель» номинациясы бойынша Абай Рахатұлы, «Тігінен жүретін автотрассалық модельдер (жартылай көшірме) 1/24 масштабтағы модель» номинациясы бойынша Нәби Ордабайұлы, «Кеме модельдері MINI ЕСО EXPERT; Ф -2-А» номинациясы бойынша Жақыпбек Бекарыс облыстық кезеңде бақ сынайтын болды.
Ғылым мен білімге жан-жақты көңіл бөліп, өнертапқышқа қолдау көрсеткен елдің алдыңғы қатарға шығатынын осыдан екі ғасыр уақыт бұрын Ыбырай Алтынсарин бабамыз "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде айтып кеткен.Шын мәнінде, мемлекет алдында бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау ісі тұр.Абыройлы жүктің салмағын сезініп, жас өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбиені беріп, ғылымға ден қоятын буынды алға оздыруға барымызды салайық.
Айғаным Асқарбек
Шу ауданы