Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасанды интеллектің еңбек нарығына әсері қандай?

Жасанды интеллектің еңбек нарығына әсері қандай?
ашық дереккөз
Жасанды интеллекттің өмірімізге еніп кеткені соншалық, көпшілік еңбек нарығына төндіретін қаупі туралы жиі сөз қозғайтын болды.

Технологиялар адамның орнын басып, қатардағы қызметкерлерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе? Тақырып аясында ізденген ғалымдардың зерттеулері мен болжамдары негізінде осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

«Жасанды интеллект адамдардың жұмысын тартып ала ма?» деген тақырып аясында талқылаудың басталғанына біраз жыл болды. Көпшілігі «жасанды интеллект арқылы жұмыс орны көбейіп, адамдардың күнделікті күйбеңмен емес, шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндігі молырақ болады» деген пікірді ұстанған еді. Дегенмен кейінгі кездері пайда болып жатқан жаңа технологияларға қарап, болжам аздап негатив бағытта да жасалып жүр. Әсіресе «ChatGPT» пайда болғалы көңілде күдік те, алаң да көбейген.
Мысалы, норвегиялық тәуелсіз әл-ауқат қоры (Norges Bank Investment Management) жасанды интеллекттің жаппай қолданылып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, компанияларға бұған қатысты болуы мүмкін түрлі қауіп-қатерді ескеру керегін айтып, дабыл қаққан еді. Атап айтқанда, адамдардың ниеті мен құндылығына сай жүйелер жасап, жұмыс орындары мен адами капиталды басқаруға ұзақмерзімді ықпал ететіндей қылу керегін ескерткен. Мұның астарында жасанды интеллекттің пайдасы ғана емес, зияны да көп екенін ұмытпау қажет деген сөз жатыр.
Былтыр наурызда америкалық «Goldman Sachs» банкі жасанды интеллекттің 300 миллионға жуық жұмыс орнын автоматтандыруы мүмкін екенін айтты. «Генератив жасанды интеллект пайда болғандықтан шаруаларды автоматтандыру жеңілдеді. Соның әсерінен жұмыс күшіне кететін шығын азайып, жұмыстың өнімділігі де артады», деген еді «Goldman Sachs» аналитиктері. Яғни мұндай жасанды интеллекттің адамның қолымен жасалған контенттен еш айырмасы жоқ дүниелерді жасай алатын қабілеті артып, адам мен машина арасындағы коммуникацияны бұзады деседі.
Ал «McKinsey» консалтингтік компаниясының болжамына сүйенсек, алдағы уақытта генератив ЖИ-дің арқасында АҚШ-тың барлық жұмыс уақытының 30 пайызына дейін автоматтандырылады екен. Соған байланысты 2030 жылға қарай 12 миллионға жуық америкалық жұмысын ауыстырады деген болжам бар. Ал 2030-2060 жылдар аралығында қазір атқарылып жатқан жұмыстың жартысы авто­мат­тандырылады деген болжам бар. Компания жасаған есеп бойынша, бұл өзгерістер әлем экономикасына 17-26 триллион доллар аралығында пайда әкеледі. Бұл жақсы, әрине. Дегенмен кері әсерін де атап өту керек. Егер осы қарқында жалғаса берсе, қуатты технологиялық және индустриялық өзгерістер болғанымен экономиканың бұрыннан бергі қалыптасқан құрылымдары мен салаларын жоқ қылуы да мүмкін.
Жасанды интеллект барлық салаға жаппай енгізілуіне қарсы шығатын тараптарды да түсінуге болады. Мысалы, былтыр «Future of Life» қоғамдық ұйымының сарапшылары бұдан келетін қауіпті ұмытпау керегін ескерткен. Тіпті «жасанды интеллектке негізделген жүйелерді қолданысқа енгізуге кемінде жарты жылдай уақытқа болсын үзіліс жасау қажет» деп ашық ұсыныс та тастаған. Қол қойғандардың ішінде «Apple»-дің негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк пен «Tesla»-ның иесі Илон Маск болған. «Заманауи жасанды интеллект жүйелері кей тапсырмаларды орындағанда адамдармен бәсекеге түсе алатындай жағдайға жетті. Сондықтан өзімізге «Барлық жұмыс орнын автоматтандыру шынымен бізге қажет пе?» деген сұрақты қойғанымыз абзал», делінген хатта.
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына келсек, алдағы бес жылда ЖИ 83 миллион жұмыс орнын жояды. Оның орнына 69 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Салыстырып қарайтын болсақ, пайда қылғанына қарағанда қысқартқаны көбірек. Жалпы алғанда, жасанды интеллекттің әсерінен жұмыс түрлері де өзгереді. Дүниежүзілік экономикалық форум эксперттерінің айтуынша, қазіргі басты машықтардың 44 пайызы енді бір бес жылда түбегейлі өзгереді. Айталық, бұған дейінгі технологиялық өзгерістер қара жұмыспен айналысатын білігі төмен топтарға әсер еткен болса, ендігісінің әсері әжептәуір жоғары квалификациясы мен білімі барларға тиеді деседі. Демек, дабыл қағуға негіз бар. 
Массачусетс технологиялық университетінің зерттеушілері «жасанды интеллектттің түбегейлі адамның орнын басуы мүмкін деп кесіп айтуға келмейді» деген пікірде. Әрине, AI көмегімен көп жұмысты жылдам және жемісті атқаруға жол ашылады. Генератив жасанды интеллектті қолдану арқылы код жазатын бағдарламалаушылардың жұмысын 56 пайызға жеделдетуге болады. Сонымен бірге «ChatGPT»-ті көмекші ретінде қолданып, кейбір кәсіби мәтіндерді жазу уақытын 40 пайызға тездетуге болады. Ал сапасы болса, 18 пайызға жақсырақ бола түседі деседі.
«Goldman Sachs» инвестициялық банкі айтқан болжамға қарасақ, жасанды интеллектті кеңінен қолданысқа енгізген алғашқы он жыл ішінде еңбек өнімділігі жылына 1,5 пайызға артып отырады екен. Кей сарапшылар жаңа жұмыс орындары ашылуына сеп болатынын айтады. Ал бұл ішкі жалпы өнімнің өсуіне жол ашады. Себебі компанияның табысы артып, ауқымын кеңейтеді, соған сәйкес сұраныс та артады. Жаңа мамандықтардың пайда болып, адамдардың жұмыс істейтін саласын ауыстыруы үшін, әлбетте, дайындық керек. Сондай-ақ жұмыстан шығып қалғандарға қолдау білдіру де қажет. Сондықтан бұл жағынан әр елдің үкіметі тиісті шешімдер қабылдауы керек болады.
Мәселен, Дания билігі қазірдің өзінде мұның жолын тауып, практикада істеп көріп жатыр. Олар бұл жүйені flexicurity (flexibility – икемділік және security – қауіпсіздік) деп атаған. Яғни еңбек нарығының икемді баланста болуын қадағалап, қызметкерлердің жұмыссыз қалмайтынына кепілдік береді. Аталған жүйе жұмыс берушілерге нарықтағы ахуалға қарай қызметкерлерді еш уайымдамай жұмыстан қысқартуға мүмкіндік береді. Ал сол жұмыстан шығып қалған қызметкерлерге екі жыл бойы айына 2,9 мың доллар көлемінде жәрдемақы беріліп отырады. Сондай-ақ карьера бойынша кеңесшілермен жұмыс істеп, қайта даярлау курстарына қатысуға мүмкіндік береді.
Смартфон қолданбайтын, компьютерді пайдалана алмайтын журналист пен технология тілін жақсы түсінетін журналисті салыстырсақ, кім жылдам? Бастапқыда телефон шыққан кезде де «адамның орнын басады» деген қорқыныш болды. Дегенмен ол жағдайды жақсартты. Жасанды интеллект те дәл солай. Алайда жасанды интеллекттің өзін пайдасына жаратқан сауатты маманды технология алмастыра алмайды. 

                                                                                                                                                                                                                                                                 Жадыра АҚҚАЙЫР,
                                                                                                                                                                                                                                                                                журналист
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар