Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіпсіз орта қалай қалыптасады?

Қауіпсіз орта қалай қалыптасады?
ашық дереккөз
Атап айтқанда, өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 19,4 пайызға азайған. Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар 19 пайызға, мас күйінде жасалған құқықбұзушылықтар 8,6 пайызға кеміген. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстар – 28,1 пайызға, бірнеше адамның қатысуымен жасалған қылмыс – 13, қару қолдана отырып жасалған қылмыстар 53 пайызға төмендеген.

АУЫР ҚЫЛМЫС САНЫ АЗАЙМАЙ ТҰР. Бұл туралы жуырда Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында Тараз қалалық қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаев атап өтті. Оның айтуынша адам өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлыққа (пәтер ұрлығы, қалта, ұялы телефон, мал ұрлығы) қатысты қылмыстарды ашу деңгейі артқан. 
– Ресми дерек бойынша, елімізде жасалатын ұрлықтың 80 пайызы қалта ұрлығы болса, жоғалған мүліктердің 17 пайызын қалта телефоны құрайды екен.
Полиция қызметкерлері мобильдік телефон ұрлығының көбеюін бағасының қымбаттығымен, оңай ұрлануымен және заңсыз телефондарға сұраныстың азаймай отырғанымен байланыстырады. Ал ұялы телефонын жоғалтқан иесі көп жағдайда мүлкін қайтара алмайды екен. Статистикаға сүйенсек, ұялы телефонға қатысты ұрлықтардың тек 26 пайызы ғана ашылады. 
Қалта ұрылары аялдамаларда, автобустарда таңертең және кешке жолаушылардың саны көбейген уақытта іске кіріседі. Ұрылардың құрбандары негізі жақсы киінген немесе бағалы заттары бар адамдар. Көбіне әйел адамдар, жас қыздар жиі тоналады, – дейді Сәкен Қондыбаев.
Жалпы Тараз қаласында қылмыс саны (ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері, бұзақылық) 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендегенімен адам өміріне қауіп төндіретін қылмыс түрлері, атап айтқанда, бопсалау 8 есеге, ұрлық 6,6 есеге, қарақшылық шабуыл 50 пайызға, кісі тонау 7 пайызға өскен. 
– Бүгінгі таңда Тараз қалалық полиция басқармасының штатындағы 386 қызметкер «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Заңына сәйкес, қала тұрғындарының өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау, оқиға туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарау, көмек көрсету, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру, патрульдеу, құқықбұзушыларды іздеу және құрықтау жұмыстарын атқаруда. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері көшіп-қонушылар мен соттылығы аяқталмаған адамдармен жұмыс істеуде.
Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатігездік таныту, заңсыз ағаштарды жою мәселелері де учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктелген міндеттер.
Аталған тізімде кәмелетке толмаған жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болмауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар, – дейді Сәкен Қондыбаев.
Тараз қалалық полиция басқармасының мәліметінше, 2022 жылы 68 учаскелік полиция инспекторы құқықбұзушылық дерегі бойынша 11 039 азаматты анықтап, тірек пункттеріне жеткізіпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14 235-ке ұлғайып, құқық бұзушыларды анықтау саны 22,8 пайызға артқан.
– Құқық бұзушылардың арасында 2022 жылмен салыстырғанда қаңғыбастар саны екі есеге артып, 224 адамға, бұрын сотталғандар саны 30 пайызға, әкімшілік жауапқа тартылғандар саны 5,5 есеге, сол сияқты отбасылық бұзақылар мен қылмыстық жауапқа тартылғандар саны екі есеге жуық артқан.
Ауыр қылмыстар саны да азаймай тұр. Ауыр қылмыстардың шамамен 60-70 пайызы көбінесе тұрмыстық салада маскүнемдер тарапынан жасалады. Отбасылық бұзақылар саны жыл сайын өсу үстінде. Тек өткен жылы олардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 адамға артып, 652 деректі құрап отыр. Құқық бұзушылардың арасында әйелдердің саны бұрынғы жылға қарағанда 60 пайызға артып отырғаны ой саларлық мәселе, – дейді Сәкен Омаралыұлы. 
Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Арман Тоқбергеновтің айтуынша, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар едәуір кеміген. 
– Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 19,5 пайызға азайды (1 179-дан 949 дерекке дейін). Сондай-ақ көшелердегі қылмыс саны 12 пайызға (625-тен 550 дерекке дейін), кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 37 пайызға (81-ден 51-ге дейін), кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 1,4 пайызға (69-дан 68-ге дейін), масаң күйде 12,4 пайызға (202-ден 177 дерекке дейін), топтасып жасалған қылмыстар 10 пайызға (150-ден 135-ке дейін) төмендеді.
Алайда қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, қала аумағында кейбір қылмыстардың өсу деңгейі байқалды. Бұрын қылмыс жасағандармен 3 пайызға (472-ден 486 дерекке дейін) өсті. Осы бағыттағы қылмыстың өсуінің себептері – олардың әлеуметтік жағдайының төмендігінен, жұмыссыздық салдары және бұрын сотты болғандықтан кейінгі жұмыс орнына орналасу кедергілері, алдыңғы қылмыстары барысында жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты жазасыз қалуы. Жоғарыда көрсетілген деректерге қарамастан профилактикалық жұмыстардың үнемі жүргізілуіне байланысты 2023 жылы 2 861 (2022 жылы 2 618) тұлға есепке алынды. Яғни 243 тұлға артық есепке алынды. 
Сондай-ақ есепте тұрған тұлғаларды бақылау мақсатында «Тұрмыс», «Есептегі элемент», «Құқықтық тәртіп», «Насыбай» жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілді;
- тұрғылықты мекенжай бойынша есепте тұрған тұлғаларды апта сайын тексеру, өмір салтын бақылау жүзеге асырылды;
- құқыққа қарсы бағыттағы тұлғаларды профилактикалық есепке уақытылы қою және оларға жеке алдын алу іс-шаралары қолданылды;
Отбасылық тұрмыстық қатынас саласында қылмыс 43,8 пайызға (16-дан 23-ке дейін) өсіп отыр. 
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары 1 673 отбасылық дебоширді есепке алды (2022 жылы – 1 610), құқық бұзушыларға қатысты 109 ерекше талап белгіленді (2022 жылы – 
123).
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 2 005 адам (2022 жылы – 558) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша (қорғау нұсқамасын бұзу) 108 адам жауапкершілікке тартылды (2022 жылы – 
99).
Сотпен белгілеген мінез-құлық талаптарын орындамағаны үшін 49 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабы (2022-29) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Арман Романұлы. 

АЛАЯҚТАР АЙЫЛЫН
 ЖИЯР ЕМЕС

Тараз қалалық полиция басқармасы өткен жылы алаяқтық қылмыс бойынша 243 деректі тіркеуге алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 дерекке кемісе де жасалған қылмыс түрінің небәрі 60 пайызы ғана ашылған. 
Бұған басты себеп – аз уақытта миллиондаған табыс тауып, оңай олжаға қалтасын қампайтқысы келетін азаматтардың алаяқтардың арбауына оңай алдануы. Соңында опық жеп, болар іс болғаннан соң полиция бөліміне арызданатын көрінеді. Алайда алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шетелде отырып жымысқы әрекетін жүзеге асырса, енді бірі ізін жасырып үлгереді.
– Мысалы, Тараз қалалық полиция басқармасына жүгінген жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Азаматша әлеуметтік желіден Қытайдан арзан бағамен ыдыс-аяқ пен басқа да тұрмыстық керек-жарақтарды сататын интернет-дүкенді көрген. Ол өзіне ұнаған тауарларды таңдап, әлеуметтік желі арқылы хат жазысқан сатушы әйелдің жеке шотына 141 800 теңге көлемінде ақша аударған. Алайда көрсетілген уақытта әйел тауарларын ала алмаған. Сонымен қатар онымен сатушы байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттаған.
Сол сияқты тараздық бір алаяқ «WhatsApp» желісінде арнайы чат ашып, спорттық жарыстарға бәс тігу арқылы тез байып кетуді армандаған тұрғындарға 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақша салдыртып, 14 адамды алдап соққан.
Жуырда ғана Тараз қаласында алаяқтық қылмыспен ұсталған бір азамат өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, бір адамның сеніміне кіріп, оның ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін пайдасына шешіп беруге уәде беріп, алаяқтық қылмыс жасау арқылы 16 миллион теңгесін иемденіп кеткен. 
Дәл осындай алаяқтарға алданғандардың көбісі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие рәсімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады, – дейді Сәкен Қондыбаев. 
Өткен жылы облыста интернет-алаяқтықпен айналысқан 15 азамат ұсталса, олардың 11-і өзге өңірдің тұрғындары екендігі анықталған. 

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ

Өткен жылы қала көшелерінде жол-көлік оқиғалары алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,8 пайызға, зардап шеккендер саны 20,3 пайызға төмендеген. Алайда бұл көрсеткіштер қайғылы жағдайларды төмендетуге сеп бола алмады. Өйткені жол апатынан болған адам өлімі 2022 жылғы 14 адамнан 2023 жылы 18 адамға немесе 22,2 пайызға артып отыр.
– Соңғы екі жылда қалалық жол сақшылары мас күйінде көлік жүргізген 461 жүргізушіні ұстапты. Бұл ресми дерек. Ал ұсталмай қашып кеткені немесе «бармақ басты, көз қыстымен» құтылып кеткендер қаншама. Араққа тойып алып көлік айдаған жүргізушілердің кінәсінен бейкүнә адамдар ажал құшып, денсаулығына зақым келіп, ауруханаға түседі. Оның сыртында қаншама техника ойран болды. Қаншама отбасы зар еңіреп қалды. Кім психологиялық ауытқуға ұшырады, кім мүгедек болып қалды, оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Осындай жантүршігерлік жол апаттарына кінәлі жүргізушілердің жеңіл жазамен құтылып, заңды айналып кетіп жатқан жағдайлары қоғамның наразылығын тудырып, азаматтардың шамына тиіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап көлікті мас күйінде жүргізген азаматтарға жаза қатал болуы тиіс еді. Қатал болып-ақ жатқан шығар. Бірақ әлі де көлік жүрізу құқығынан айырылса да көлік айдап, апатқа себеп болып жатқандар аз емес, – дейді Сәкен Қондыбаев.

АДАМ САУДАСЫ АЛАҢДАТуда 

Былтырғы жылдың 12 айында облыс аумағында адам саудасына қатысты жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық жасаудың – 5, кәмелетке толмағандар саудасының – 2, еңбекке мәжбүрлеу бойынша бас бостандығынан айырудың 2 қылмыстық дерегі анықталған. Сондай-ақ ішкі істер органдарының есебіне 70 жезөкше, 4 транссексуал және 3 жеңгетай тіркелген. Сонымен қатар жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынған 9 азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 
Қазақстанда адам саудасының ең көп таралған түрі – сәби саудасы. Сорақысы сол, әлі дүниеге келіп үлгермеген құрсақтағы баланы тағдыр талайына тастайтын безбүйрек аналар да бар. 
– 2022 жылдың соңында қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиға – Тараздағы көпсалалы аурухананың екі акушері алдын ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені біреуге 1,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін ескерте отырып, сот оларды 8 жылдан бас бостандығынан айырған. 
Бұл жалпы тіркеліп, жария болып, заңды түрде шара қабылданған оқиғаның бірі ғана. Ал шын мәнінде, ресми органдар жыл сайын 5-7 сәбидің заңсыз сауда құрбаны болатынын айтып дабыл қағып келеді, – деді Сәкен Омаралыұлы. 

ҚАЙЫР ТІЛЕЙТІНДЕРГЕ ТОҚТАМ КЕРЕК

Облыс орталығында қайыр тілейтіндер де азаймай тұр. Бір күндік тамағы үшін қайыр сұрап жүргендердің тағдыры қиын екені айтпаса да түсінікті. Тағдырдың сынақтарына қарсы тұра алмай, осындай жолмен жан бағып жүргендердің қатары қаламызда артпаса, азаяр түрі байқалмайды. Қайыршылардың бірі мұқтаждықтан алақан жайса, енді бірі ащы суға жетер тиын-тебен сұрайды. Ал үшінші бір топ – қайыршылықты бизнес көзіне айналдырып алғандар. 
Қайыршылар базар, мешіт маңы, вокзал аумағы секілді қоғамдық орындарды «қызмет мекеніне» айналдырып алған. 
– Тіпті үлкен көшелер қиылысындағы бағдаршамдарға тоқтаған көлік жүргізушілерден қайыр сұраушылар жол қозғалысы қаупін туындатындығы жөнінде шағымданушылар аз емес. 
Көбіне көше кезіп жаяу жүргіншілерден қайыр сұрап жүретіндер – қолында құндақтаулы сәби көтерген сыған әйелдер. Жүргіншілерге арналған жол бойында отырып қайыр сұрап отырғандар арасында қандастарымыздың да көбейіп бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді.
Қайыр сұрау сығандар үшін ата дәстүр, ал қазақ үшін әлсіздіктің нағыз көрінісі ғой. Бүгінгі күні қайыршысыз қоғамды көзге елестету мүмкін еместей көрінеді. Дегенмен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Қоғамдық орындарда адамдарды мазалау» деген 449-бабында көрсетілген міндеттерді полиция қызметкерлері ұмытпағаны абзал, – деді Сәкен Қондыбаев. 


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар