"Ассамблея-Қазақстанның бірегей саяси жаңашылдығының нәтижесі"
- author AR-AY
- 2 мамыр, 2024
- 694
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – ел ішіндегі түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттайтын мереке. Мерейлі мереке қарсаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
Мүбарак Қасымқызы, тағдыр тәлкегімен және әртүрлі себептермен біздің жерімізге ежелден көптеген этнос өкілдері қоныс тепті. Өңірдегі түрлі этнос өкілдерінің ынтымағы, достығы туралы не айтасыз? Өмірдің кешегі қиын-қыстау күндерін бастан өткеріп, күнделікті күйбең тіршілік пен қуанышты сәттерді бірге бөлісіп, облысымызда 87 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Әділет органдарында 40 этномәдени бірлестік тіркелсе, 31-і қоғамдық аккредиттеуден өткен. Этностық бағыттағы қоғамдық бірлестіктер өздерінің жұмысын Қазақстан этностарының рухани-мәдени және азаматтық бірлігін ескере, қазақ халқының мәдениеті мен мемлекеттік тілге басымдық бере отырып жүргізіп келеді.Бүгінгі таңда Ассамблеяға этно-әлеуметтік топтарды біртұтас азаматтық ұлтқа интеграциялау, бірлік пен келісім саясаты, жастармен жұмыс, этносаралық қарым-қатынас және этносаралық саладағы медиация, мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жандандыру жұмыстары міндеттелген. Этномәдени бірлестіктер мен өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының қатысуымен негізгі бағыттар бойынша өзара сәйкестікті нығайтуға, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға, мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған ауқымды жобалар дәстүрлі түрде іске асырылуда.Мәселен, биыл Тараз қаласында және аудандарда «Достық керуені» ағартушылық жобасын іске асыру жалғасын табады. Жоба шеңберінде өңірлік ҚХА құрылымдарының, нақтырақ айтқанда, аналар, ақсақалдар кеңесінің, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің, медиаторлардың, ғылыми-сараптамалық зерттеу тобының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісім» жобасы іске асырылатын болады және консультативтік-кеңесші органдардың құрамына кіреді.
Сондай-ақ «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» жобасы жүзеге асады. Онда мемлекеттік тілді еркін меңгерудің арқасында табысқа қол жеткізген спикерлерден тұратын пул қалыптастырылады. Бұған қоса мемлекеттік тілдегі өзекті тақырыптарды талқылайтын «Мәміле» пікірталас клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазақстанның түрлі этностарының өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлікті дамытуға бағытталған этнос балалары арасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасына қатысу жалғастырылады.Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан бірлік, тұрақтылық, даму» атты Ассамблеяның XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар театрларын ашудың маңыздылығы туралы баса айтты. Осыған орай өткен жылы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Достық» жастар театры ашылды. Театрдағы қойылымдар тек мемлекеттік тілде көрермен назарына ұсынылады. Режиссері – өңірлік ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы және «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының белсенді мүшесі – Асқарбек Сейілхан.Қайырымдылық көмек көрсету – ҚХА қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері облыстың барлық қоғамдық-мәдени маңызды іс-шараларына белсенді түрде қатысады. Этностардың мәдениет күндерін, қайырымдылық акцияларын өткізеді. Мемлекеттік және ана тілдерін оқытуды насихаттайды, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, акциялар, конкурстар, фестивальдар, челлендждер және тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастырады.
– Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі қалай өзгерді? Бұл ұйым қоғамдағы аса маңызды институтқа айнала алды ма?Әлбетте. Ассамблея – Қазақстанның бірегей саяси жаңашылдығының нәтижесі. Бүгінгі таңда оның жұмыс тәжірибесі әлемнің көптеген елі үшін тартымды және пайдалы болып саналады. Бұл институттың қызметі елдің мемлекеттік саясатында басымдыққа ие этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған.Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атауымен өткен ХХХІІІ сессиясынан қандай ой түйдіңіз? Сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», – деп атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет», – дей келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің өзекті жобалар, ғылыми жұмыстар, ауқымды акцияларға қатысу бойынша атқарған ауқымды жұмыстарын атап өтті. Президентіміз атап өткендей, «Жүректен – жүрекке!» гуманитарлық акциясына қатысушылар жалпы сомасы 770 миллион теңгеге 1 500 тоннадан астам азық-түлік пен ең қажетті тауарлар жіберді. Бұдан өзге өңірлік ҚХА өкілдері жоғарыда аталған акцияға атсалысып, апат орын алған аймаққа соңғы қорытынды бойынша, жалпы сомасы 56 688 450 теңгеге гуманитарлық көмек жөнелтті.Сессияның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталуының өзі халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, сондай-ақ бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айқындап тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды. Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға немесе кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін мәлімдеді. Бұл өз кезегінде этностар арасындағы татулық пен тұрақтылықты нығайту, бірлік пен бірегейлікті сақтау барысындағы шаралардың маңыздылығын арттыруды көздейді.Сессия барысында Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесі де көтерілді. Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керектігі сөз болды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді. Сонымен қатар түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайды. Президент бүгінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастағанын жеткізді. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу ғана. Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді. Алда осы сенімді ақтау жолында этнос өкілдерімен бірігіп жұмыла жұмыс істейтін боламыз. Кейінгі бір айдан аса уақытта еліміз су тасқынымен арпалысып жатыр. Қиын-қыстау тұста ҚХА ерекше белсенділік танытты. Осы орайда Ассамблея жастарының, этномәдени бірлестіктердің еңбегін атап өтсеңіз. Қайырымдылық ұғымын Қазақстан халқы Ассамблеясынан бөліп алып қарастыра алмаймыз. Олай дейтінім, қиын-қыстау шақтарда қолдан келген көмекті аяған емеспіз. Еліміздің бірнеше аймағындағы табиғи апаттың салдарын жою үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқаны өздеріңізге аян. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екені белгілі. Енді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының су тасқынының зардабын жою жұмыстарына қалай атсалысқанына тоқталып өтсем. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі тарапынан 4 150 000 теңге сомасына екі ауыр жүк көлікке (600 000 теңгеге) және гуманитарлық көмек (азық-түлік, төсек жабдықтары мен жаялықтар) жиналды. Сондай-ақ «DATÜB» шотына 5 000 000 теңге аударылды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі өңір тұрғындарымен бірлесіп құны 7 860 450 теңге болатын азық-түлік, жаңа киім, тұрмыстық керек-жарақтардан тұратын гуманитарлық көмек жинады. Сол секілді айта берсек көп. Жоғарыда сөз еткенімдей жалпы апат болған аймаққа Жамбыл облысынан барлығы 56 688 450 теңгеге көмек көрсетілді. Халық даналығында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Қиын-қыстау уақытта қолынан келгенше қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысымыз шексіз. Ассамблея жастарының қай жерде қандай игі істердің қоғамдық-мәдени, қамқорлық жұмыстардың қасынан табылуы – өнегелі тәрбиенің жемісін көрсетеді. Ата-ана мен мектептен, Достық үйінен алған тәрбие жастарымызды жарқын іс-қимылдарға, ұлағатты тәрбиеге, кемел болашаққа шақыратыны сөзсіз. Осы үш шаңырақтың өнегесін ұштастырып, тәрбиесін көрген жастардың жолдарында кедергі болмайды деп ойлаймын. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ізгі тілегіңізді арнасаңыз...Бүгінде ҚХА-ның мақсат-міндеттері де, барлық мерекелерді өзгеше түрде атап өту де жаңа Қазақстанды дамыту, өркендету де дұрыс бағытта жаңғыртылып, жаңашалануда. Олардың ішінде қоғамда адами құндылықтарды: мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып отыр. Жыл сайын мұндай іс-шаралар еліміздің азаматтары үшін маңыздырақ реңктерге ие бола түсуде. Бүгінгі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні де адам мейірімділігінің жылуын, адамдардың бір-бірін құрметтеуін, ынтымақ пен келісімін айшықтайтын мереке. Бірлік мерекесі халық жанының байлығы мен оның адамгершілік әлеуеті, достықты, бейбітшілікті, келісімді нығайтуға ұмтылу және этноәлеуметтік топтардың біртұтас азаматтық ұлтқа кірігуіне негізделген.Барша қазақстандықтар мен жамбылдықтарды, жалпы ҚХА жолында шын ықыластарымен еңбек етіп жүрген өңірлік әріптестерімді осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға денсаулық пен амандық, кәсіби және жеке табыстар, өсіп-өркендеуді және келісім, ертеңгі күнге деген сенімділік тілеймін! Әрбір азаматтың қазақстандық қоғамда, әсіресе этносаралық қатынастар саласында тұрақтылықты сақтау жөніндегі өзінің азаматтық борышын түсінуі болашаққа ұмтылған біртұтас ұлтты қалыптастырудың маңызды элементі болып табылатынын айрықша атап өткім келеді. Өйткені біртұтас халық ретінде біз алға өршіл мақсат-міндеттер қойып, оларға қол жеткізе аламыз және біртұтас құндылықтар – тарих, тіл және мәдениет төңірегінде шоғырлана аламыз. Сөз соңында айтарым – ҚХА бір орында тұрмайды, бейбітшілік пен келісім жолындағы жаңа міндеттердің іске асырылуы қарқынды түрде жалғаса беретін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА