Сан ғасырлардан бері қаншама тарихи қиын-қыстау заманды басынан өткерген халқымыз дәстүрін тұтастай етіп ұстап, өзге ұлттар мен ұлыстарды өзінің бауырына сыйдыра алды. Бүгінде біз әлем бойынша көпұлтты мемлекеттердің қатарына кіреміз. Дегенмен елімізде ұлтараздық пен діни кикілжіңдер орын алған емес.Тарихымызға көз жүгіртсек, біздің ұлан-байтақ елімізде түрлі ұлттардың діни наным-сенімдері, мәдениеттері қатар өмір сүргендігіне көз жеткіземіз. Жалпы дін адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жандүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінез бен сабырды серік етуге жетелейтін бірден-бір ілім. Қоғамның ең басты байлығы адам болғандықтан адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда діннің алар орын ерекше екендігін ата-бабаларымыз іс жүзінде көрсетіп берді. Бұл да біздің ата-бабаларымыздың діни төзімділіктің озық үлгісін көрсетіп бере алғандығының дәлелі.
Сырт елдерде діни тұрақсыздықтың кесірінен болып жатқан келеңсіздіктерге қарап, ел дамуының бірден-бip кепілі діни тұрақтылық екенін түсінуге болады. Шынында, мемлекет дінсіз болмайды, дін мемлекетсіз болмайды. Ceбебі қандай да бip мемлекетті құраушы ұлттың және сол мемлекетте тұрып жатқан басқа да ұлттың ұлттық бет-бейнесі ұстанған дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен көрініс табатыны шындық. Соның ішінде діни тұрақтылықтың болуы өте қажет. Бұл жағынан біздің еліміз жақсы жағдайда деуге болады. Сол үшін осы елдегі әр ұлт өз дінін тұрақты ұстану үшін елдің дінге деген жанашырлығын сезініп, ұстанған діні арқылы болса да еліміздің дамуына, тұрақтылығына үлес қосуы керек.
Еліміз ислам дінін (ханифа мазһабы) және христиан дінін (православ тармағы) ұстанушылардан тұратынын білеміз. Кім қандай дінді ұстансын, әркім өз дінінің құндылығын сақтап, дінаралық татулықты нығайтып, бір-біріне құрметпен қарап, дінің арқылы болса да еліміздің дамуына, тұрақтылығына жұмыс істеу керек.Әлемде моральдік-имандылық дағдарыстың кең етек алуына тән белгінің бірі – дінге сенетіндерді баса-көктеп қаралау оқиғалары, дінді әлеуметтік үдерістердің жағалауына ығыстырып шығару әрекеттері екені анықталып отыр. Діни құндылықтарды қорлау фактілері көптеген елде іс жүзінде барлық діндерге қатысты байқалып отыр. Бұлардың қатарында қасиетті кітаптарды көпшілік алдында өртеу, мешіттерді, храмдарды, синагогаларды және басқа да ғибадат орындарын қорлау мен өртеу, дін қызметкерлерінің беделін түсіру, діндарларды соққыға жығу мен өлтірулер бар. Бүгінде мұсылман әлемінде күрделі үдерістер жүруде.Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары. Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес. Оған тосқауыл қоюдың кез-келген түрі қатерлі.
Біз бір ел болып әлемдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосып келеміз. Біз үшін дәстүрдің де тұтастығы осында. Себебі Қазақстанды мекендегендер әр ұлттың өкілі болсақ та, әртүрлі дін өкілі болсақ та біз үшін бейбітшіліктен асқан құндылық пен бақыт жоқ. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады. Біз оны алыс-жақын көршілес елдердегі саяси оқиғалардан, экстремизм әрекеттерінен көріп-біліп отырмыз.Әpбір халық үшін азат мемлекет, егеменді ел болудан артық құндылық болмас, сірә?! Ал сол тәуелсіз мемлекет үшін Тәңірінің тыныштығы мен бейбітшілігінен асқан бақыт жоқ екендігін ұмытпауымыз қажет.
Рамазан АБДЕЛИЕВ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу
орталығының Жуалы ауданы бойынша инспекторы