arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар адаспасын десек...

Жастар адаспасын десек...
Қазіргі таңда деструктивті діни ағым өкілдері діни сауаттылығы төмен жасөспірімдердің психологиясын улап жатыр.

Өзекті мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық білдіріп, айрықша назар аударуда. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлт ретінде сақталып қалу үшін жаңа сын-қатерлерге дайын болуымыз керек екенін айтқан болатын. 
Мемлекет басшысы: «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек», – 
деп жазды.
Президент пандемия салдарынан бүкіл әлем бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келгенін сөз етті.
«Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», делінген Мемлекет басшысының мақаласында.
Деструктивті діни ағымдар жасөспірімдеріміздің құқықтарын бұзып, нейро-лингвиствкалық бағдарламалау тәсілін, басқа да психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып зиянын тигізетін ағымдар. Деструктивті діни ағымға  мүше болған жастар әлеуметтік ортадан оқшауланып, сол діни топтың уағызшыларына бағынатын болады. 
Деструктивті ағымдарда жасырын психологиялық зорлық-зомбылық қолданылады. Барлық деструктивті діни ағымдардың түпкілікті мақсаты – адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.
Кейде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің, деструктивті культтердің арасындағы нақты айырмашылықты көрсету қиынға түседі. Сол себепті қоғамға қауіп төндіруі ықтимал ұйымдардың негізгі белгілерін анықтауға тырысамыз. Сонымен, деструктивті культтерге келесі сипаттамалар тән:
– Жат ағымдарға мүше болып кірген жастардың өмірлеріне бақылау жасайды. Өйткені деструктивті ағымдардың барлығына да өздерінің жаңа мүшелерін қатаң бақылауға алу тән. Ұйымның уағыздары мен көшбасшыларына деген сыни қатынасқа жол берілмейді. Жақтаушылардың отбасынан, қоғамнан оқшаулануы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Егер туысқандары, жақындары онымен санасқысы келмесе, олармен барлық қарым-қатынастарды үзуге итермелейді. Бұл көптеген отбасы институтының бұзылуына алып келеді. Мәселен, намаз оқымағаны үшін немесе орамал тақпағаны үшін отбасын тастап кеткен адамдар туралы оқиғалар осының айғағы.
– Манипуляцияларды қолдану. Секта мүшелеріне бақылау жасау олардың іс-әрекеттерін манипуляциялау арқылы жүзеге асырылады. Кәдімгі сендіру күштері жетіспеген жағдайда топ көшбасшьшары гипноз, медитация, ұзақ уақыт ғибадат ету, бір фразаны бірнеше рет қайталау сияқты амалдарды пайдаланады. Сол өмірге психологиялық тәуелді етіп қояды. Мұндай қауымдардың мүшелерінің әрекеті тұрақты түрде белгілі бір тәжірибелерді және психотехникаларды колданудың салдарынан бақылауға оңай беріледі.
– Жақын арада ақырзаманның болуын күту. «Жаңа діндер» ілімінің маңызды ерекшелігі – ақиқат ақырзаманды күту, адам өмірін алдын ала болжауды, тағдырға бағыныштылықты насихаттау болып табылады.
Кез келген деструктивтік діни ұйымы және оның жетекшілері өзінің қатарына жаңа адамдарды тартуға ұмтылып, ең әуелі, олардың өмірлік маңызды мұқтаждықтарына назар аударады.
Сондықтан адамды деструктивтік діни ұйымға тарту себептері жетерлік, олардың арасында:
– отбасында, қоғамда, достардың арасында өмірлік іс-әрекетке ынталандыратын түрткінің жоқтығы;
– өмірдегі махаббат, достық, ұжымшылдық, құрмет, ынтымақтастық сияқты басты құндылықтары бағытынан адасу;
– айналадағы жақын және туған бауырларымен байланыс үзу, оған қоса мектеп/ЖОО тәмамдағанына байланысты; оқу/жұмыс ауыстыруға байланысты отбасынан айырылу; тұрақты жұмыстың жоғалтуы/ауысуы, отбасының ажырасуы/ыдырауы, жақын адамдардың ауруы/жоғалтуы; тұрмыс қалпының өзгеруі;
– отбасындағы моральдік-психологиялық және материалдық жағдайға байланысты.
Қазір елімізде діни ахуал тұрақты. Дін мәселесін зерттеумен айналысатын мамандардан құрылған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы да өз нәтижесін беріп, жат ағымдардың жолына тосқауыл бола алды деуге болады
Жастардың бойына патриоттық сезім, қоғамдағы зайырлылық қағидаттарының нығаюына, дәстүрлі құндылықтарымыздың берік сақталуына баса көңіл аударуымыз маңызды.

Жанна ҚАЛДЫБЕКОВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының 
ақпараттық-түсіндіру бөлімінің басшысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар