«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, салиқалы ата-әженің немере-шөберелерінің де сөзі, жасаған іс-әрекеті кісі көңілінен шығып, сүйсіндіріп тұрады. Мұны қазақ «тектілік» деп атайды. Ал тектілік ұрпақтан-ұрпаққа қанмен және отбасылық тәлім-тәрбие арқылы беріледі. Осы орайда біз Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы Қалматаевтар әулетінің де отбасылық ұстанымы жоғарыда тілге тиек етілген ұлылық ұғымына сай келетінін, сондықтан аталған отбасы мүшелерінің өмір жолындағы жетістіктерін әңгімелемекшіміз.Марқұм Мамбетбай қария ұлттық құндылыққа деген көзқарас берік орныққан қазақ отбасының бірінде дүниеге келді.
1938 жылы өмір есігін ашқан ол әкесі Қалматайдың тәрбиесінде өсті. Мектеп жасынан-ақ бойында зеректік байқалған кейіпкеріміз ауыл тіршілігіне де етене араласып, санасы толысқан, ой-өрісі пісіп жетілген азамат болып ержетті. 17 жасында оқу іздеп Алматы қаласына аттанып, Қазақ ауылшаруашылық институтында «Инженер-механик» мамандығы бойынша 4 жыл білім алды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1960 жылы туған жері Бірлік ауылындағы орманшаруашылығы мекемесіне инженер болып қызметке орналасып, табан аудармай 15 жыл жемісті еңбек етті. 1975 жылы Мойынқұм ауданының сол кездегі орталығы Фурмановка ауылына (қазіргі – Мойынқұм ауылы) қызмет бабымен ауысып, «Казсельхозтехника» мекемесінде басшы, Мойынқұм кеңшарында бас инженер қызметін атқарды. Одан кейін аудандық жол пайдалану учаскесінде басшы міндетін атқарып, аталған мекемеден зейнеткерлікке шықты. Өмір жолында талай жақсы-жайсаңдармен сырлас болып, жоғары дәрежеде атқарған қызметі үшін сый-құрметтен де кенде болмады.
Бірнеше грамота, медальға ие болып, қызмет барысындағы елеулі еңбегі мен ауылына деген сүйіспеншілігі, туған жеріне деген қалтқысыз қызметі үшін «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атағын алып, кеудесіне арнайы төсбелгі тағылуы мойынқұмдықтардың адал перзентке көрсеткен сый-құрметінің әділ бағасы еді.Мамбетбай Қалматаев 2013 жылы өмірден өткенге дейін отанасы Ұлтай Хасенқызы қарияның сүйенері, қолдаушысы бола білді. Қазір 85 жасқа келген ақ жаулықты әженің жүрісі ширақ. Әулеттің ақылшысы болып отыр. Еңбек жолын банк саласында есепші болып бастаған Ұ.Хасенқызы 1975 жылы аудандық коммуналдық-шаруашылық мекемесінде бас есепші қызметін абыроймен атқарды. Елеулі еңбек қашанда ескерусіз қалмайды. Сондықтан да кейуана 1985 жылы кеудесіне «Еңбек ардагері» төсбелгісін таққан екен.
Аталған мекемеден құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Көпбалалы, «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері, ардақты ананың бала тәрбиесіне де асқан жауапкершілікпен қарағаны бауырынан өрбіген бала-шағасының әрқайсысы өмірден өз орнын табуымен айқындалады.Ауылдың экономикасына, әлеуметтік саласына еселі еңбегімен үлес қосқан Мамбетбай мен Ұлтай қария 6 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, барлығына жоғары білім беріп, ұлды ұяға, қызын қияға қондырды. 9 құрсақ көтерген алтын құрсақты ананың тұңғышы егіз екен. Бүгінде барлық баласынан 26 немере мен 24 шөбере сүйіп отыр.– Елге сыйлы, ағайынға абыройлы болу үшін адам пенделікке бой алдырмауы қажет. Үлкенге де, кішіге де сый-құрметпен қарап, адами қасиеттің барлығын жүрек түкпірінде сақтаған, пенделік пиғылға емес, ақылдың айтқанына бағынған адам өмірде қателеспейді. Адам ұрпағын тәрбиелі, ақылды болсын десе, алдымен өзі соған лайықты болуы керек. Себебі отбасылық тәрбие балаға ақыл айтумен емес, өнеге көрсетумен жүзеге асатындықтан баланың көңілі қандай кіршіксіз болса, оған тәрбие беретін адамның тазалығы мен даналығы одан асып түскені абзал.
Біздің отбасымызда балаларды тәрбиелеудің осындай ерекше үлгісі болды. Ол баланы отаншылдыққа, ел тарихын білуге, еңбекке, білімге тәрбиелеу ісімен астасып жатты. Әулетімізде қандай отбасылық дәстүр сақталса, соның барлығын қазір өз немере-шөберелерім ұстанатынын көріп, шүкіршілік етемін. Отбасылық қатынастар да белгілі бір қағидаттарға сүйеніп жүргізіледі. Сыйластық, ауызбіршілік, салт-дәстүрді сақтаудың арқасында отбасында береке-молшылық салтанат құратынын жастар ұмытпағаны жөн. Біз тәрбиелеп өсірген ұл-қыздың ішінен ұстаз да, дәрігер де шықты. Барлығының да қақ-соқпен жұмысы жоқ, жат әдеттен аулақ. Бұл алдымен Алланың, одан кейін халқымыздың болмысына тән ұлттық тәрбиенің бізге берген жемісі, – дейді Ұлтай Жангүттиева.
Қалматаевтар отбасы жылда маусым айында қарашаңырақта бас қосып, жеткен жетістіктерін саралап, алдағы міндеттерді жоспарлап отыруды ұзақ жылдан бері әулеттің дәстүрлі ұстанымына айналдырған екен. Ұл-қыздарының дені экономика саласын таңдаса, 1961 жылы дүниеге келген Айман Мамбетбайқызы ұстаз болуды алдына мақсат тұтқан. 1984 жылы Шымкент педагогикалық институтын «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген Айман бүгінде педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Еңбек жолын Жамбыл педагогикалық училищесінде тарих пәнінің оқытушысы қызметінен бастаған. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Айманның сыңары Шолпан 1984 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Стоматология» мамандығы бойынша бітіріпті. Еңбек жолын туған жері Мойынқұм ауданының орталығы Фурмановка ауылында дәрігер-стоматолог қызметінен бастаған. Бар жиған білімін медицина саласына арнап, бай тәжірибенің арқасында ел аузына білікті тіс дәрігері ретінде ілігіп, абыроймен зейнеткерлік демалысқа шыққан.Шолпан отбасында 2 қыз, 6 немере тәрбиелеуде.Біз сөз етіп отырған өнегелі отбасының тағы бір перзенті Бахыт Мамбетбайқызы 1964 жылы туған. 1994 жылы Жамбыл педагогикалық институтын «Орыс тілі және әдебиет» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Мойынқұм ауданындағы кәсіптік техникалық училищеден бастаған. Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология факультетінің «Орыс тілі және әдебиет» кафедрасында аға оқытушы. Болашақ жастарға үздік білім, тәрбие бергені үшін бірнеше рет мадақталған. Отбасында 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеуде.Ал ұлы Серік Қалматаев 1966 жылы өмірге келген. 1988 жылы Қаратау политехникалық институтын бітірген. Туған жері Мойынқұм ауданында учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған. Отбасында 3 ұл тәрбиелеуде.1968 жылы жарық дүние есігін ашқан Марал Мамбетбайқызы Қазақ педагогикалық институтының 1990 жылғы түлегі. «Орыс тілі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, өмірін ұрпақ тәрбиелеп, балаға білім беруге арнаған.
Қазіргі таңда Шу ауданы, Төле би ауылындағы Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Бала тәрбиелеуде, білім беруде сіңірген еңбегі еленіп, бірнеше грамотамен марапатталыпты. 1 ұл, 2 қызы бар.1970 жылғы Дана Мамбетбайқызы да мектепте алғырлығымен көзге түскен. 1991 жылы Алматы қаржы экономикалық институын бітірген. Қазіргі таңда «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалында касса операцияларының бас маманы болып еңбек етеді. Отбасында 1 ұл, 1 қыз, 1 немере тәрбиелеуде.– Жасым 52-де. Отбасында 5 ұлым, немерелерім бар.
Әке-шешеміздің үлгілі тәлім-тәрбиесін балаларымыздың бойына сіңіруге тырыстық. Бала тәрбиесінде ананың атқаратын қызметі зор, ананың беретін тәрбиесі бөлек. Дегенмен әке балаға, ең алдымен, өзі үлгі бола білуі керек. «Әке – балаға сыншы» деп халқымыз текке айтпаған. Ата-ананың балаға деген махаббаты мен берген тәлім-тәрбиесі оның қоғамдағы мінез-құлқының айнасы. Сол себепті өзің де, өзіңнен туған бала да өзгеге үлгі болуы тиіс.Мен қазір анамның қолындамын. Анамның қолында дейтінім, қарашаңыраққа ие болып ауылда қалдым. Менен үш жас кіші қарындасым Жанна Тараз қалалық №2 емхананың бас есепшісі. 1984 жылғы Нұрлан есімді інім облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты жоғары спорт шеберлігі мектебінің заңгері. Біздің осындай дәрежеге жеткеніміз, әрине, ата-анамыздың арқасы. Қатардан қалдырмай, бар өмірін біздің бақытымызға арнаған ата-ана алдындағы парызымыз өлшеусіз, – дейді Ерік Мамбетбайұлы.
2000 жылы Тараз институтының «Экономика» факультетін бітірген Ерік Қалматаев бүгінде Бірлік ауылының әкімшілігінде бас жетекші маман қызметін атқарып жүр. Отбасы мүшелерінің барлығы да қызметте абыройлы. Ауданға, облысқа танымал, ынтымағы жарасқан үлгілі отбасы аз қамтылған отбасы балаларына жиі демеушілік көмек көрсетіп, қамқорлық танытып тұратыны да өзгелер үшін бір өнеге. Қалматаевтар әулетінің немерелері Гүльмира, Гүльсана, Перизат, Маржан, Абзал, Ерлан да ел үшін еткен еселі еңбектерінің жемісін көруде. Олардың бірі «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық алғысы», «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарының үздігі» медалімен марапатталса, Нұртөре Назарбаев Зияткерлік мектебін үздік тәмамдап, Назарбаев университетінің грантын жеңіп алыпты. Қазіргі таңда Америкада білімін жалғастырып жатқан жайы бар.
Қалматаевтар отбасы былтыр аудандық «Үлгілі отбасы» байқауына қатысып, II орын алған екен. Қазақты қазіргідей жаһандану заманында ұлтымызды жат мәдениенттің жетегінде жұтылып кетуден сақтайтын осындай отбасылар. Өйткені олар ұлттық құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа тәрбие арқылы жеткізіп отыр. Мұның қоғамда ұлттық иммунитет қалыптасуына тигізер септігі мол.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Құралайдың құрақ көрпесі-ай!
Ұқсас жаңалықтар
Димаш Құдайберген Діндер съезінің ізгі ниет елшісі болып тағайындалды
- авторAR-AY
- 8 қазан, 2024