arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қайтсек отбасылық институт қалыптасады?

Қайтсек отбасылық институт қалыптасады?
Қоғамда ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқан отбасылар жетерлік.

Одан бөлек әйелге, балаға жасалатын зорлық-зомбылық та тыйылмай тұр. Заң қанша қатайтылып, кінәлі қанша жерден жазаға тартылғанымен қоғамда отбасылық институт қалыптаспайынша, берекесі қашқан отбасылардың бола беретіні анық.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында «Отбасы – 
алтын діңгегім» атты тақырыпта ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» отырысында осы мәселелер тақырыпқа арқау болды. Отырысқа «AMANAT» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанатының кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Айман Әшімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаев, облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов қатысты. Сонымен қатар басқосуда облыс әкімдігі жанындағы әйелдер және отбасы жөніндегі комиссияның, отбасылық кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, адвокаттар алқасының, облыс әкімдігі білім басқармасының, облыстық әділет департаментінің, азаматтық хал-актілерді тіркеу, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының өкілдері мен психологтар және жастар өз пікірлерін ортаға салды. 
Жиынды ашып, жүргізген «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова өткен жылы партия жанынан «Әйелдер қанаты» өз жұмысын бастағанын, «дөңгелек үстелдің» өтуіне аталған ұйым мұрындық болғанын тілге тиек етті.
– Өңірдің демографиясына үлкен үлес қосып, білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелеуде еселі еңбек сіңіріп жатқан әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі айрықша. Бүгінде қыз-келіншектердің арасында қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, құрсағы алтын аналар аз емес. Жергілікті атқарушы органда жұмыс істейтін келіншектердің үлесі 50 пайыздан асады. Оның 37 пайызы басшылық қызметте. Мұны айтып отырған себебім, мемлекеттің іргетасының мықты болуы әр отбасының беріктігіне байланысты болса, сол отбасының ұйытқысы – әйел. Әйел жұмыста да белсенді, бала тәрбиесіне де жауапты. 
Ана мен балаға қамқорлық көрсету – қоғам үшін маңызды міндет. Бұл «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында да нақты міндеттің бірі ретінде атап көрсетілген. Жалпы біз әр отбасындағы келеңсіздікке алаңдауымыз керек. Ұлт болашағына ықпал ететін факторларға, әсіресе отбасылық құндылықтарға әр азамат салғырт қарамауы қажет. Себебі мемлекет отбасынан құралады. Еліміздің болашағы, шаңырағымыздың бүтін болуы әр отбасының ынтымағы мен жарасымдылығына байланысты. Сондықтан біз осы жиында отбасылық құндылықтардың маңыздылығын, оның негіздері қандай болатынын, жас шаңырақтардың шайқалуының басты себебі не екенін, ана мен баланы қорғайтын заң талаптары нені көздейді, отбасы институтын қалыптастыру үшін не қажет деген сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік, – деді Рахия Сейтбекқызы.
Басқосу барысында алғаш сөз алған Айман Серікқызы: «AMANAT» партиясы әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мол мүмкіндіктер сыйлау, әйелдердің бастамаларына қолдау көрсету, құқықтық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс істеп жатыр. Бұл – партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі тармақтардың бірі. 
Сондықтан да өткен жылы «AMANAT» партиясының әйелдер форумы өтті. Өңірлерде партияның әйелдер қанаты кеңесшілері сайланды. Олардың бастамалары игі өзгерістерді көздейді. Әйелдер қанаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы қыркүйектегі Жолдауында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмасына қолдау көрсетіп, әйелдер, отбасы, балалар қауіпсіздігі бойынша заң жобаларын жан-жақты талқылауларға қатысты. Бірқатар бастамалар көтерілді. 
Жақында әйелдер мен балаларды қорғайтын нақты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды. Әрине, бұл құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымыздың бір дәлелі десек болғандай, – деді.
Сондай-ақ А.Серікқызы заңның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету ортақ парыз екенін сөз ете отырып, әйелдер қанатының атқарған жұмысы жайында баяндады. Спикер облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысқанын, өңірдің 8 ауданында әйелдермен кездесулер өткізіп, әйелдер қанатының бағыт-бағдарын түсіндіргенін жеткізді.
– Жалпы ауыл әйелдерімен әр кездесуде өзекті мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын айттым. Біріншісі – отбасылық құндылықтарды сақтау туралы. Ана мен балаға қамқорлық жыл сайын артуда. Алайда қазір қоғамымызда әйелдер мәселесі әлі де өткір болып тұр. Бұл гендерлік теңсіздіктің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, білім алудың қолжетімсіздігі, діни радикалдану және соған байланысты проблемалардың көрінісі.
Статистика көрсеткендей, жыл сайын Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Әсіресе жас отбасылар арасында ажырасу көп. Бұл мәселені шешу үшін, меніңше, некені тіркеу туралы өтініш беру кезеңінде жас жұбайлар отбасылық құндылықтар мектебі бойынша оқу курсынан өту қажет. Мектептерде отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, жанжалдарды болдырмау және шешу, отбасылық бюджетті қалыптастыру мәселелері бойынша тренингтер мен семинарлар өткізілгені дұрыс. Бұл жастарға саналы түрде некеге тұруға және отбасының құндылығын түсінуге мүмкіндік береді. Некенің бұзылуы едәуір қысқарады деп ойлаймын. Әйелдер қанаты осы бағытта жұмыстар атқармақ.
Еліміздің демографиялық көрсеткіші жыл санап жақсарып келеді. 2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Көпбалалы отбасылар демографиялық ахуалымызды көтеруге үлкен үлес қосуда. Өз кезегінде ел Үкіметі түрлі қолдау шараларын ұсынып отыр. Бұл шаралардың бар екенін бірі білсе, бірі хабарсыз. Осындай жаңалықтарды, мемлекет тарапынан қолдауларды әйелдер қауымы әрдайым біліп отырғаны абзал, – деді Айман Әшімова.
«Дөңгелек үстел» отырысында құқық қорғау саласының өкілдері осы жылдың сәуірінде қабылданған әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы заң нормаларын түсіндірді. Д.Бағжанов өз кезегінде қоғамда үйлену жастар арасында мақтаныш, борыш ретінде ұлықталуы қажет деген ой айтты. Жастар отбасын құрғанда оның жауапкершілігін сезіну үшін арнайы мектептер жұмыс істесе артық болмайтынын жеткізді. 

Тоқетерін айтқанда, аталған іс-шара барысында отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы, неке-отбасы даулары, отбасылық ажырасудың себептері мен оның алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Халқымыздың отбасылық құндылықтарына не жататыны, қоғамда отбасылық институт дамуы үшін ұлттық идеология жұмыс істеуі қажеттігі туралы ойлар ортаға салынды.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар