Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұтынушы құқығы неге жиі бұзылады?

Тұтынушы құқығы неге жиі бұзылады?
ашық дереккөз
Жұртшылықтың басым бөлігі жаны қиналып тапқан ақшасын қолмен ұстап, көзбен көрмеген затына алдын ала төлем жасау арқылы жұмсай қоймайды. Өйткені түрлі сауда орталықтарында сөреге қойылған тауарды тұтынушының таңдап алуға мүмкіндігі бар. Ұнаса – алады, ұнамаса – алмайды.

Біз негізі осылай ойлаймыз ғой. Алайда өзгені өзіндей көріп, өмірінде көрмеген саудагерге шамадан тыс сенім артатындар баршылық. Көбіне қысылып-қымтырылып күн кешкен адамның «қайтсем, қаржымды үнемдеймін?» деген ниетін теріс пиғылдылар оңтайлы пайдаланады. Олар жалған немесе сапасыз тауарларды түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы сатылымға шығарып, қитұрқы әрекетпен хабарласқан тұтынушының сеніміне кіріп, банк карточкасындағы қаржысын тиынына дейін аударып алады. «Барымнан айырылдым» деп қанша жерден байбалам салса да құқық қорғау органдары мен тұтынушылардың құқығын қорғау саласының мамандары «сайда саны, құмда ізі жоқ» арам пиғылмен күнелтетін мұндай адамдарды итпен іздесе де таппайды. Интернет-дүкенде шынымен де саудамен айналысатын, өмірде бар, бірақ тым қымбат бағаға сапасыз тауар сататындар, жағдайы барлардың аңқаулығын сәтті пайдаланатындар да жетерлік. Одан бөлек ірі сауда орындары мен базарларда да қарапайым сатып алушыны көзбе-көз алдап, тұрып қалған тауарын мақтауын келтіріп өткізіп жіберетіндер де жоқ емес.

Осыдан 4-5 жыл бұрын бір жиһаз сататын дүкеннен бірнеше орындықты бағасын келісіп, сатып алдық. Алдымен бір бөлмеде үйіліп жатқан орындықтардың арасынан таңдап жүріп, ең тәуір дегендерін бір бұрышқа үйіп кеттік. Себебі орындыққа төлеген ақының ішіндегі жеткізу қызметі бойынша дүкен жұмысшылары біз іріктеген орындықтарды үйге әкеліп беруі тиіс еді. Екі-үш сағаттан кейін орындықтарды шағын жүк көлігімен үйге әкеліп, пәтерімізге таси бастады. Арасында кір-кір, сыры ұшқан, сынған аяғы әупіріммен әзер тұрған орындықтар да бар екен. Лезде сатушыға хабарластық. Олар біз жаратпаған орындықтарды кері салып жіберуді тапсырды.

Арада көп уақыт өтпей орнына өзіміз таңдаған орындықтарды әкеліп берді. Менің ойымша, сол кезде әлгі дүкен иесі бір тұтынушыдан кері қайтып келген орындықтарды «байқамай қалса, әжіп емес» деген оймен бізге беріп жіберген болуы мүмкін. Өйткені сөзге келмей, өтінішімізді лезде қанағаттандырды. Демек, алған тауарыңа мұқият болмасаң, оның жарамды-жарамсыз екенін дер кезінде анықтап, затыңды бүтін күйінде қабылдап алмасаң, жеткізушілер кетіп қалғаннан кейін оның әуресі көп болуы мүмкін. Бірнеше күн өткізіп алсаң, іс тіпті қиындауы ғажап емес. «Біз жеткізіп бергенде бүтін болатын, сол кезде неге мұқият болмадыңыз, бала-шағаңыз бүлдірген шығар» десе, ұрынған деген сол болады. Былай қарасаң, осы күні халықтың құқықтық сауаты артып, өз құқығын өзі қорғай алатын дәрежеге жетуінен қоғамда сауда-саттық мәдениеті дамып, өркениетті елдердегідей дүкен иелері немесе сатушының, басқа да қызмет ұсынушының тұтынушыны алдауы жойылғандай көрінеді. Алайда сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарын сатып жіберетіндердің ішінде өз құқығын талап еткен тұтынушының ақшасын кері қайтармай, әуре-сарсаңға салып қоятындар әлі де көп.

Тауардың нарықтағы бағасын білмесең, бетіңе қарап тұрып, ойына келген бағаны айта салатын сатушылар да бар. Сол үшін де тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қоғамда өзектілігін әлі күнге жоймай келеді. Биыл еліміздегі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті жалпы сомасы 102,4 миллион теңгеге 72 тұтынушының құқығын қорғаған екен. Соның бірі – Астана қаласындағы жағдай. Еліміздің бас қаласындағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бір серіктестіктің сапасыз тауарларынан тұтынушыларды қорғап қалған. Қаңтар айының екінші онкүндігінде аталған компания өз қызметін тоқтатқан, бірақ тұтынушылар салған ақшаны қайтарудан бас тартқан. Департамент өз тарапынан тұтынушыларға құқықтық көмек пен кеңес бере отырып, 28 тұтынушының 5 миллион 255 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын өндіріп берген.

Алматы қаласының К. есімді тұрғыны жергілікті сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандарына көмек сұрап қайырылыпты. Ол бір автосалоннан «Chevrolet Cobalt» автокөлігін сатып алып, сапасыз тауар үшін әлгі фирмадан ақшасын қайтаруды сұраған. Бірақ автосалон тиісті қаражатты қайтарып беруден бас тартыпты. Нәтижесінде департамент мамандарының көмегімен тұтынушы өзінің 7 миллион 590 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатына қол жеткізген.Осындай жағдай Алматының басқа тұрғындарына да қатысты орын алған екен. Алматылық азамат «Premium Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Hyundai Tucson» көлігін сатып алады. Ол көлік те сапасыз болып шығады. Серіктестік сапасыз тауар үшін ақшаны кері қайтаруға келіспейді. Департамент мамандары «Premium Almaty» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, сапасыз көлікті құны 15 миллион 500 мың теңге болатын басқа автокөлікке айырбастап, оны өтініш иесінің атына рәсімдеуге көмектескен. Сол секілді бір компания адамның денесіне массаж жасайтын шапанды 5 адамға 4 миллион 510 мың теңгеге, тағы бірі тура осындай тауарды 7 тұрғынға 7 миллион 520 мың теңгеге сатқан. Оның барлығының да құқығы қорғалып, ақшаларын кері қайтарып алыпты.


Ақтөбе облысында да тұтынушылар көрсетілмеген туристік қызметтер үшін қаржы төлеген. Әуре-сарсаңның аяғы сотқа ұласып, сот процестеріне Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мамандары үшінші тұлға ретінде қатысқан. Нәтижесінде сот шешімі бойынша 6 тұтынушыға 10 миллион 500 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат қайтарылған. Маңғыстау мен Түркістан облысында да сапасыз көлік сатып алған екі тұрғынның біреуіне 7 миллион 426 мың теңге ақшасы қайтарылса, екіншісіне тиісті мамандардың араласуымен компания құны 10 миллион 990 мың теңге болатын автокөліктің орнына сол маркадағы сапалы көлікті айырбастап берген. Шымкент қаласында да құрылысқа қажетті Қытайда өндірілген арматураны бір саудагер жергілікті жеке кәсіпкерге Ресейдің өнімі деп алдап сатқан. 


Осы тектес оқиғалар еліміздің әр облысында орын алған. Тұрғындары сапасыз немесе өз құнына сай емес бағадағы тауарға қыруар қаржы жұмсайтын қалалардың ішінде мегополистер көш басында тұр. Олардың арасында Тараз қаласы да бар. Мәселен, Айман Ташенова есімді қала тұрғыны шетелдік бір фирмадан қыруар қаржыға массаж жасайтын кресло сатып алыпты. Ол тауарды жарнамалаушылардың сөзіне алданып қалғанын айтады. Жақында Польшаның ба, Беларусь елінің ба, «BALTIMAR» атты компаниясының өкілдері Тараз қаласына келді. Олар үй ішіндегі ауызсуды тазартатын сүзгі және басқа да тауарларын жарнамалап, бізді Алматы қаласында өтетін компанияның өнімдерінің таныстырылымына шақырды. Алматы қаласына барып, аталған іс-шараға қатысып, сол жерде менеджерлердің әңгімесіне есім ауып, 1 креслоны 1 миллион 200 мың теңгеге несиеге қалай сатып алғанымды білмей қалдым. Олар әлгі креслоның емдік қасиеті бар екенін айтып, сендірді. 3-4 күн өтпей кресло да келді. Одан кейін ол тауар жайлы ізденіп, ғаламтор арқылы зерттей бастадым. Тауардың жеке өзіне қатысты және нарықтағы бағасына байланысты мәліметтерге қаныға отырып, тауарды сатып алғаныма әбден өкіндім.

Осылайша компания өкілдеріне хабарластым. Сол кезде бірінің байланыс нөмірі өшіп тұрса, тағы бірі тұтқаны мүлде көтермеді. Ұялы байланыс нөмірін теріп, хабарласқанымда смартфонның экранына Беларусь деген белгі шығып тұрды. Олар менің жазған хабарламаларым мен шалған қоңырауыма мүлде жауап бермеді. Осыдан кейін облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне барып, жағдайды түсіндірдім. Олар менің атымнан хат дайындап, акт жасап, әлгі компанияның электронды мекенжайына жолдады. Алғашында жауап болмағанға көңілім айтарлықтай алаңдай бастаған еді. Бірақ аталған департаменттің мамандарына айтар алғысым шексіз. Департамент мамандары ақшамды қайтарып алуыма бастан-аяқ көмегін тигізді. Бір аптаға жетер-жетпес уақытта банк карточкама тиісті қаражат аударылып, «BALTIMAR» компаниясының адамдары үйге келіп, тауарын алып кетті. Мен ол қаржыны лезде несиені жабуға жұмсадым. Өзімнің басымнан өткендіктен жарнамасы жер жарған тауардың бағасы нарықтан әлдеқайда қымбат болатынын, оны байқамай сатып алғандар үшін ақшаны кері қайтарудың әуре-сарсаңы көп екенін, адам босқа шығынға ұшырайтынын жақсы білемін. Сондықтан өзгелерге сапалы әрі бағасы көңілге қонымды тауар алуға кеңес беремін, – деді Айман Жантуғанқызы.Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, өз құқығын қорғауды өтініп, шағым түсіретін тұрғындардың саны облыс бойынша жылдан-жылға артып келеді екен. Сауда саласында шағым өткен жылға қарағанда биыл екі есеге өсіпті. 2024 жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 226 өтініш келіп түсті. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 214 өтініш қаралды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71 өтінішке артып отыр. Былтыр бірінші тоқсанда 143 өтініш түскен болатын. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштердің өсімі 50 пайызды құрайды. Сауда қызметі саласында 12 жазбаша өтініш түсті.


Департаментке келіп түскен жазбаша өтініштердің жалпы саны – 120. Бізде бірінші басшыдан бастап, орынбасар, маманға дейін тұрғындарды қабылдап, керекті ақыл-кеңесін беріп, көмек көрсетеді. Биыл мамандар 29 азаматты қабылдаса, департамент басшысы ретінде 2 тұрғынды қабылдадым. Одан бөлек «Сенім» телефонына 75 өтініш түсті.Тұтынушылардың шағымдары негізінен бөлшек сауда саласына байланысты болып отыр. Ол бойынша өтініш саны – 108. Бұл жалпы шағым санының 50,5 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бөлшек саудаға қатысты шағымның 51 пайызға артуы ойландырарлық мәселе. Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту басым. Яғни тауарын өткізіп жіберген саудагерлерден бастап ірі компанияларға дейін тұтынушының сұрағына жауап бергісі, тауардың ақшасын қайтару немесе басқа бір сапалы тауарға айырбастағысы келмейді. Одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартатын жайттар да жетерлік. Өз кінәсін түсінсе де «түбі бір қайтарармын» деген ниетпен уақыт оздырып жүре беретіндер де бар. Ол бойынша да біз Қазақстан Республикасының тиісті заңы аясында әрекет етеміз.

Түскен барлық өтініштердің 134-і толығымен қанағаттандырылып, тұтынушыларға 11,1 миллион теңге қайтарылды. Мұның барлығы да жыл басынан бергі орын алған деректер. 20 өтініш өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға қайта жіберілсе, 72 тұтынушы өздерін қызықтыратын сұрақтар бойынша түсініктеме алды.2024 жылдың бірінші тоқсанында департамент мамандары тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілерге жоспардан тыс 18 тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласындағы тексеру саны – 11. Ол тексеру ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруы бойынша жүргізілді. Анығын айтқанда, күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түлікке саудагерлер нарықтағы бағаға қарағанда шамадан тыс үстеме ақша қосып, жұртшылыққа оны шімірікпей сатқан.

Мұндайда өзінің алданғанын біліп тұрған тұтынушы алдымен саудагерге барып, ақшасын қайтарып алуға әрекет ететіні белгілі. Сол кезде тауар иесі тұтынушыны көзге елемеуі мүмкін. Тұтынушының шағымына жауап бермеу бойынша да біз тұтынушының өтінішімен жіті тексеру жүргіземіз. Осы мақсатта 7 тексеру жүзеге асырылды. Мәселені зерделеу нәтижесінде 16 бұзушылық анықталып, оның барлығы бойынша тиісті ұйғарым енгізілді. 14 құқық бұзушыға ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды және Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы бойынша орта бизнес субъектісіне 156 910 теңге мөлшерінде 2 айыппұл салынды, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.Облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін дер кезінде анықтау мақсатында департамент мамандары дүкендерге, супермаркеттерге, сонымен қатар әлеуметтік желілерге аптасына екі рет мониторинг жүргізіп отырады екен. Егер мониторинг барысында бағаның ресми статистика бағасынан асып кеткені байқалса, аталған кәсіпкерлерге ҚР «Сауда саласын реттеу туралы» Заңнамасының талаптары түсіндіріліп, оны жөнге келтіру жұмыстары оперативті түрде атқарылады.

Аталаған жұмыстар департаменттің және Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайттарына тұрақты жарияланып отырады.Сонымен қатар департамент мамандары тұтынушылардың құқықтық сауатының артуы, сапасыз немесе жарамдылығы өткен немесе бағасы тым қымбат тауар сатып алғанда не істеу қажеттігі жөнінде тұрғындар арасында тиісті жұмыстар жүргізуде. Департамент бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, «Instagram», «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі департаменттің ресми парақшасында материалдарды орналастыру арқылы халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізумен тұрақты айналысып келеді.2024 жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік желілерде 465 материал, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 25 материал жарияланды. Департамент қызметкерлерінің қатысуымен облыстық телеарналарда 2 хабар көрерменге жол тартты. 2 рет мамандардың қатысуымен тыңдармандар үшін облыстың радиотолқынында келелі мәселе қозғалды. Тараз қаласының қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп 2 мәрте «Ашық есік» күні, 6 рет қоғамдық қабылдау өтті. Соның бірі – халықты ақпараттандыру мақсатында жақында өткен облыс бойынша сауда жөне тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіндегі «Ашық есік» күні. Күн тәртібіне «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қолданыстағы заң аясындағы жұмысы» деген тақырып шығарылды.

Аталған іс-шара аясында департаментке кеңес алу үшін 4 адам жүгінді. Барлық өтініш білдірген тұтынушыларға олардың құқықтары түсіндірілді және бұзылған құқықтарды қорғау жөніндегі одан әрі іс-қимылдарына нақты ұсыныстар берілді. Сонымен қатар мамандар іс-шараға қатысушыларды тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңа заң жобасының негізгі постулаттарымен таныстырды. Іс-шара барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, «e-tutynushy.kz» тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұрғаны туралы хабардар етілді.

Екі тұтынушыға шағым жазуға көмек көрсетілді. Сол күні қатысушылар тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша ақпараттық брошюралар, буклеттер алды.
Жалпы департаменттің 2023 жылы атқарған жұмысының нәтижесі, «Сапалы өнім» бағдарламасының алғашқы қорытындылары туралы, сондай-ақ Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күніне орай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп 3 брифинг өтті. Мақсатымыз – тұтынушылардың құқығын қорғау, – деді Б.Дүйсенбаев.Түрлі сауда орталықтарының немесе басқа да компаниялардың қызметін тұтынарда, ең алдымен, олардың тауарының сапасы қандай екеніне жіті мән берген жөн. Онда сатылып жатқан тауардың бағасы нарықта қанша тұратынын да біліп алған маңызды.

Өйткені тұтынушыға жарамдылық мерзімі өткен немесе сапасыз тауарды тықпалайтындар қай заманда да кездеседі. Егер сондай бір келеңсіздікке ұрынған жағдайда тұтынушы алдымен өзі әрекет етіп көруі қажет. Тұтынушы сапасыз тауар үшін саудагерге қайырылғанда, ол: «Қайда барсаң, онда бар. Осы жерде тауардың бағасын көріп тұрып сатып алғансың. Мазаны алма, сенен де басқа шаруам жетеді», деуі мүмкін. Осыдан кейін тұтынушы облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен көмек сұрауы қажет. Саудагерлер өзінің ісі дұрыс еместігін білсе, соттасуға дейін бармайды. Өйткені жұмыртқадан жүн қырқуға талпынатындар адамға келтірген моральдік залалды сот арқылы қоса төлегенше, тұтынушыға өз ақшасын қайырып бере салғанды ұтымды санайды. Сол үшін сапасыз тауарға жұмсалған қаржыны кері қайтарып алуда әркім бұл іске салғырт қарамай, соңына дейін күресуі керек. Сонда ғана адамның сеніміне селкеу түсіретіндердің саны азаяды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар