Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары осы бір рухани саланың кенжелеп қалғаны рас. Жұртшылық не істерін білмей, абдырап қалған тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхананың жабылғаны да естен шыға қойған жоқ. Сол кезеңде миллиондаған кітап қорынан айырылғанымыз өкінішті-ақ, әрине. Алайда бір қуаныштысы сол, кейінгі уақытта жағдайды қалпына келтіру үшін кешенді әрекет жасалып та жатыр.
Бұл туралы таяуда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет... Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деді.
23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні деп ЮНЕСКО бекіткен. Кітапты баға жетпес қазына десек, кітапхана сол қазына сақталатын парасат сарайы. Кез келген адамның жансарайына жол ашатын, рухани байлыққа жетелейтін қасиетті орын.
Қазір «жастар кітап оқымайды» дейтіндер де көп. Алайда ата-аналардың балаларымен бірге кітап дүкендерінде жүргенін жиі көреміз. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай Құнанбаев айтқандай, кітап – өмір ұстазы. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес. «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек». Расында, кітап – адам баласының санғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.
Кітап – алтын қазына. Кітаппен оқырмандарды қауыштыратын рухани орда – кітапхана.Жамбыл политехникалық жоғары колледжі кітапханасының кітап қоры 120 200 кітапты құрайды. Оның ішінде жалпы білім беретін оқулықтар, мамандықтарға арналған оқулықтар, электронды оқулықтар, көркем әдебиет, ғылыми әдебиеттер баршылық. Кітапхананың оқу залдары компьютермен жасақталып, ғаламторға қосылған. Оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Іс-шаралар өткізуге арналған интерактивті тақталармен жабдықталған.
«Оқуға құштар колледж» жобасы аясында кітапханада қордың электронды базасы қалыптастырылып, студенттердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында барлық оқырман пайдаланатын QR кодталған кітаптар қойылған. Оқырмандарға қажетті оқулықтар электронды түрде колледж сайтында жүктелген. Жоспар бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген қазақ даналығы бекер айтылмаса керек. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін, ең алдымен, жастарымыз білімді, кемел мінезді, ойы, сөзі, ісі бір, бәсекеге қабілетті, рухани деңгейі жоғары, кәсіби маман болуы қажет. Ол үшін кітап оқу керек.
Гүлдариха ЖАҢАБАЕВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің кітапхана меңгерушісі