Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мақалдатып сөйлеу де мәдениет

Мақалдатып сөйлеу де мәдениет
ашық дереккөз
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір ауыз сөзбен жеткізіп, көркем де ұғынықты сөйлей білу өнердің төресі болып саналған. Сондықтан да қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сөз өнерін аса жоғары бағалаған. Өйткені шешен сөйлей білудің өзі ой ұшқырлығы мен алғырлықты қажет етеді. Міне, осыны жете түсінген халқымыз «Көп сөзден дөп сөз артық» деп топшылаған. Мұндағы «дөп сөз» дегені – мақал-мәтелдер. Қазақ даналығының, өзгелерден ерекше қасиетінің көрінісі болған ауыз әдебиетінің ерекше әрі көне жанры кез келген сөйлеушінің сөзіне рең кіргізіп, өз ортасында беделін асқақтатып тұрады.

Мақал-мәтел – ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанымен уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналған. Дегенмен сөйлеу мәдениетінің заман ауанына қарай өзгеріп, әуелгі сөйлеу мәнеріміз бірте-бірте қолданыстан шығып бара жатқаны қынжылтады. Алайда құр қынжылғаннан ештеңе өнбейді. Керісінше жастарды осы бағытқа қарай бейімдеп, өскелең ұрпақтың тілге деген құрметін арттыру – қоғам алдындағы парызымыз. Биыл атақты үш бидің бірі болған Әйтеке бидің туғанына – 380 жыл. Осыған орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, әдемі сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, қазақ мақал-мәтелдерінің маңызын арттыру мақсатында «Мақал – сөздің мәйегі» атты байқау ұйымдастырды.

Жалпы байқауға қатысуға 28 үміткерден өтінім түсті. Ал байқауға қатысушылардың өнерін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Махашев, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Ғани Нұрсейітов, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев және облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының аға әдіскері Алтыншаш Асхатова бағалады.Біз ежелден сөзге тоқтаған халықпыз. Бабаларымыз «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деп бекерге айтпаған.

Сөйлеу өнері ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан мәдениетіміздің мәйегі десек те болады. Өйткені сөз арқылы үлкен де, кіші де өз орнын, қадірін біліп отырған. Сөз қазақ үшін әдеп, ибаның көрінісі ретінде бағаланады. Қазақ ешқашан кейбір сөздерді тіке айтып жеткізбеген. Жұмбақтап сөйлейтін болған. Сондықтан да шешендік өнеріміздің шебері саналған кешегі билеріміздің аңызы бүгінге дейін жалғасып келді. Шын мәнінде, шешендік сөз – қазаққа ғана тән қасиет сияқты сезіледі. Өйткені басқа ұлттың өкіліне барып, кешегі Жиреншенің ханға айтқан сөздерін айтсаңыз қабылдауы мүлдем бөлек болады.

Сондықтан да қазақ тілі бай деп айтамыз және біз сөздің қадірін түсінетін халықпыз деп мақтанамыз. Ал қазір құнды қасиетімізден айырылып қалдық. Сол дәстүрді жастардың санасында қайта жаңғырту мақсатында сөз өнерінен сайыс ұйымдастырылып жатқанын өте жақсы үрдіс деп бағалаймын, – дейді Бақытжан Махашев.Жарыс ережесіне сәйкес өтінім берген әрбір қатысушы өз бағын сынап, негізгі кезеңге жолдама алу үшін 30 секундта берілген тақырып аясында мақал-мәтелдер айтты. Сөйтіп, қатысушылардың ішіндегі ең көп мақал айтқан 8 ойыншы негізгі кезеңге жолдама алды. 
Онда ойыншылар мақал-мәтелдермен қайым айтысып, жасырылған мақалдардың жалғасын тауып жатты. Әр кезеңнен төмен ұпай алған екі ойыншы шығарылып, үздік төрт ойыншы финалда бақ сынады. Оларға Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің шешендік сөздерінен тарихи оқиғалар бойынша сұрақтар қойылды.Маңызы зор, тағылымы мол байқауда I орынды Тараз қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №21 мектептің 5-сынып оқушысы Нұрәділ Бұрымбай еншілесе, II орын Бағлан Қамбатыровқа, III орын 15 жасар Еңлік Рүстемге, IV орын 14 жасар Назым Жұмабекке бұйырды.

Ш.ӘБДІРұлы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар