Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қола дәуіріндегі таңбалы жартас табылды

Қола дәуіріндегі таңбалы жартас табылды
Ашық дереккөз
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңірде «Таза ауыл. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны жалғасуда. Экологиялық іс-шараның «Киелі мекен» деп аталатын екінші апталығында тұрғындардың қатысуымен облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылды. Жақында акция аясында туған жерін тазалап жүрген жаңатастық жастар үлкен олжаға кенелді. Еріктілер шамамен 3,5-4 мың жыл бұрын тасқа қашап салынған таңбалы жартас тауып алды.

– Жартастағы ерекше жазу көзге оттай басылды. Тарихшы болмаған соң арнайы мамандарды шақыруға тура келді. Нәтижесінде жартастағы жазу көне тарихтан сыр шертіп тұрғанын білдік, – дейді еріктілердің бірі Асылжан Пазылбеков. 

Ал мамандар табылған петроглифтерді қола, яғни ерте темір дәуіріне жатқызады. Тарихи мұра Ақтоғай өзенінің сол жағалауындағы жартастарда, Ақтоғай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 шақырым жерде орналасқан. Суреттердің көпшілігінде сол кездегі адамдардың өмірі мен дүниетанымы, сонымен қатар жануарлар бейнеленген.Жаңадан ашылған Ақтоғай петроглифтері Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тараған қола дәуірінің бірегей мәдениетін білдіреді.

Суреттер Арпаөзен, Қойбағар, Сауысқандық, Ешкіөлмес және Таңбалы тас жерлерінен табылып, зерттелді. Жалпы Қаратау тау жотасы қола дәуіріндегі адамдар тұратын аймақ болып табылады. Бұл Қазақстан тарихы үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін де адамзат өркениетінің бірегей ескерткіштерінің бірі, – дейді тарихшы, археолог Сауран Қалиев.Ғалымдар петроглифтерді әлі егжей-тегжейлі зерттеген жоқ. Ендігі уақытта түпкілікті ғылыми қорытынды жасалмақ. Ақтоғай петроглифтерінің тарихына үңілу үшін Қазақстанның белгілі археолог-ғалымдарының қатысуымен кешенді ғылыми-археологиялық зерттеулер жүргізіледі.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембековтің айтуынша, ескерткіш алдын ала есепке еніп, заңға сәйкес мемлекеттің қорғауына алынған.Қазіргі уақытта облысымызда 3 468 тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Оның ішінде 5 ескерткіш ЮНЕСКО-ның қорғауында, 25-інің республикалық маңызы, 698-інің жергілікті маңызы бар, 2 742 ескерткіш алдын ала есепте тұр. Әрбір мұрамыз «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңмен қорғалады. Барлық тарихи және мәдени ескерткіштері мемлекет, халқымыз үшін зор құндылық, – деді Қ.Дәурембеков.Айта кетейік, Сарысу ауданында палеолит қонысы Бүркітті ауылында орналасқан. 1957 жылы археологтар 0,9-1,4 метр тереңдіктегі қазба жұмыстары кезінде халцедоннан пышақ, трапеция тәрізді тас пен шыбықтарға ұқсайтын заттарды тапты. Табылған заттар тас дәуірінің соңғы кезеңіне жатқызылды.

                                                                                                                                                                                                                                                       Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар