Ербол Мұратұлының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 ақпандағы Жарлығы негізінде, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес қазір елімізде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жүріп жатыр. Облыс халқының 50 пайыздан астамы Тараз қаласында тұратындықтан негізгі салмақ қалалық қорғаныс істері басқармасына түседі. Басқармаға күн сайын 20-30 шақты жігіт тіркеуден өтуге келеді екен.
– Тараз қаласынан көктем мен күзде ҚР Қарулы Күштеріне, Шекара қызметіне, Ұлттық ұланға, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне кезең-кезеңімен шамамен 600-ден астам адамды шақырамыз. Жақында ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қабылдауды аяқтадық. Қазіргі сәтте ҚР Қарулы Күштері қатарына шақыру жүріп жатыр. Жақын күндері Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылушыларды аттандыру жоспарда тұр. Бұл қызмет үшін сарбаздың бойының ұзындығы кем дегенде 180 сантиметр болуы маңызды. Сонымен қатар этикалық-эстетикалық тұрғыдан да бақыланады. Бүгінге дейін аталған талаптарға сай келетін 6 жігітті іріктеп алдық. Бірақ олар әлі облыстық сынақтан өтеді. Айта кетерлігі, аудандарда өтіп жатқан маусымдық шақыруды қосқанда Мемлекеттік күзет қызметіне облыс бойынша тек 25-30 адам ғана қабылдана алады. Әскер қатарына қабылданбас бұрын, ең алдымен, жеке тұлғаның моральдік-психологиялық қасиеттері, денсаулық жағдайы ескеріледі. Сонымен қатар отбасылық жағдайын назарға аламыз. Жігіттерді қалалық дәрiгерлiк комиссиядан өткеннен кейiн облыстық дәрiгерлiк комиссияға жолдап, одан кейiн таңдаған саласына қарай белгiлi бiр бригадаға жiберiп жатырмыз, – дейді Е.Өтебаев.
Атап өтерлігі, 18-27 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, дені сау жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарса, заң алдында жауап береді. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге барудан мүлдем бас тартқандарға 1000 АЕК, яғни 3 450 000 теңге көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады. Ал әскерге бармаудың жолын іздеп, денсаулығына қасақана зиян тигізгендер, денсаулығында кінәрат бар екенін көрсететін жалған құжат жасағандардың жазасы тіпті қатал. Олар 3 000 айлық есептік көрсеткіш (10 350 000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ қарамағындағы қызметшінің әскерге шақырту заңдылығын бұзғанын біле тұра тиісті орындарға хабар бермеген жұмыс берушілер 29 170 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әскерге шақыртылған азамат Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, айыбын өтесе де міндетінен құтылмайды. Келесі көктемгі немесе күзгі шақыртуда қайта сапқа тұрады.
Ербол Мұратұлының сөзіне сүйенсек, науқан кезінде әскерге шақырылушы екі рет комиссиядан және толық медициналық тексеруден өтеді. Алдымен бозбалалар әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеру және қажетті құжаттар тапсырады. Есепке алу барысында анықталған медициналық бақылауды қажет ететін әскерге шақырылушыларды емдеу-профилактикалық ұйымдарға тіркейді. Ауыл жігіттері ауданында, одан кейін облыста, ал қала жігіттері қалалық деңгейде тіркеледі. Соңында барлығы облыстық комиссияға келеді. Егер қандай да бір ауыр сырқаттар анықталса, жігіт тұрғылықты жеріне қайта тексеруге жіберіледі. Содан кейін барып ғана медициналық комиссия оның денсаулығы әскерге жарайтыны немесе жарамайтыны туралы шешім шығарады.
Ербол Мұратұлы әңгіме барысында міндетті әскери қызметке шақырылғандарға жасалып жатқан жеңілдіктер бойынша да мағлұмат беріп өтті.
– Қазір әскерге барған жастарға бірқатар жеңілдік қарастырылады. Соның бірі – әскери қызметшілерге кредиттік каникул беру мәселесі. Қазір бұл бастама іске қосылды. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдік жасалады. Жобаны іске асыру үшін қазірдің өзінде еліміздің алпыстан аса жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойылған. Бұған қоса әскерге барып келген азаматтар Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орнында тегін білім ала алады. Оларға мемлекет тарапынан 3 000 грант бөлінген. Сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орнына өтініш бере алады.
Негізі әскерден шақыртудан босатылатындар мен уақытша кейінге қалдырылатындар түрлі санатқа бөлінеді. Мәселен, әскери оқу орындарының түлектері, ғылыми атағы барлар, жақын туыстары әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болып қалғандар әскери міндетті өтемеуге құқылы. Отбасын құрып, балалы болғандар да Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Мүгедектігі бар әрі кісі көмегімен жүріп-тұратын туыстарын қамқорлығына алғандар, отбасындағы жалғыз асыраушылар да әскерге шақыртылмайды. Сондай-ақ педагогика, медицина салаларының өкілдеріне, мәслихат депутаттарына әскерге шақыртуды уақытша кейінге қалдыруға рұқсат беріледі. Мұның бәрі мұқият зерттеліп, талданады, – деген Ербол Мұратұлы қазір оқу бітірген соң бірден жоғары әскери оқу орындарына түскісі келетін мектеп түлектері бар екенінен хабардар етті.
Мектепті тәмамдағаннан кейін көп бозбала әскери оқу орындарына түсуге ұмтылыс білдіреді. Бұл жөнінен оларда еш мәселе туындамайды. Үміткерлер ақпан айынан бастап өтініш беруші құжаттар пакетін дайындайды, содан кейін оның моральдік-психологиялық жағдайы мен денсаулығына сараптама жасалады. ҰБТ тапсырған соң сертификатпен, толық құжаттар пакетімен мектеп түлектері тұрғылықты мекенжайы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімге не болмаса басқармаға барады. Ондағы қызметкерлер жігіттерді маусым-шілде айларында аттестаттау комиссиясы өткізетін әскери жоғары оқу орындарына жібереді. Сол жерде үміткерлер жалпы дене дайындығы мен емтихандарын тапсырады. Соңында аттестаттау комиссиясының шешімімен әскери жоғары оқу орындарына түседі.
Е.Өтебаевтың айтуынша, Отан алдындағы борышын өтеуде қиындықтар туындаған азаматтар үшін тағы бір мүмкіндік түрі қарастырылған. Нақтылап айтқанда, 2013 жылдан бастап түрлі себеппен Отан алдындағы қастерлі борышын өтей алмағандарға әскери қызметтен өтудің шетелдегі секілді балама түрі ұсынылып, «Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі» Заңына өзгеріс енді. Әскери билетті міндетті түрде бір жылдан кейін емес, бір айдан кейін алу мүмкін болды. Әскерге қабылданғандар «40 күндік әскер» аталатын курста борышын өтей алады.– Облыс бойынша әскери-техникалық мектеп Тараз қаласында ғана бар. Онда 24 жастан 27 жасқа дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, оның ішінде әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылған азаматтар ақылы негізде білім алады.
Әскери даярлық әскери резерв бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады және мерзімді әскери қызметін өткергендерге теңестіріледі. 40 күн ішінде тәрбиеленушілермен тактикалық, атыс, саптық және денешынықтыру даярлығы бойынша сабақтар өткізіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін тәрбиеленушілер ант қабылдап, әскери билет алады және оларға «Қатардағы жауынгер» әскери атағы беріледі, – дейді Ербол Мұратұлы.
Сөз соңында айта кетсек, өткен жылдың қорытындысымен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент әскерге шақырылғандар саны бойынша республикада үшінші орынды иеленді. Былтыр облысымыздан 3 мыңға жуық жігіт әскер қатарына шақыртылды. Ал қазір қызу жүріп жатқан көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру аясында 1 700-ге жуық азаматты әскерге шақыру жоспарланған екен.
АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ
Ажары ашылған Ақсай
Ұқсас жаңалықтар
208 мың теңгеден асады: 11,1 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды
- авторAR-AY
- 19 қыркүйек, 2024