Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мойынқұмда жел электр стансасы салынады

Мойынқұмда жел электр стансасы салынады
Ашық дереккөз
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Total Energies Renewables Services Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тьерри Плезанмен кездесті. Тараптар Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы үкіметаралық келісімнің іске асырылу барысын талқылады.

Қазіргі таңда жобалау кезеңі жүріп жатыр. Жақын арада зерттеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Аймақ басшысы инвесторларға заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындардан білікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. 

Аймақ басшысы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына компаниямен бірлесіп энергетика саласындағы кадрларды даярлау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.Сондай-ақ басқосуда ұзақмерзімді екіжақты өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Бұған дейін компания Шу ауданында күн электр стансасын қолданысқа берген. Нәтижесінде 15 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан.

Кездесуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қабылданған шаралар қаралды. Өткен жылы компания Шу ауданында футбол алаңы мен спорт алаңшасын салған. Әлеуметтік нысандардың құрылысы тұрғындардың сұранысына сай жүргізілген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынына сендірді.

Айта кетейік, облыста қазіргі таңда жалпы қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 электр өндіру стансасы жұмыс істейді. Олармен 2024 жылдың 3 айында сағатына 214,7 миллион киловатт электр энергиясы өндірілді.Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 28 нысанға дейін жетеді деп күтілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар