Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құмар ойын құл етеді

Құмар ойын құл етеді
Ашық дереккөз
Жыл санап елімізде құмар ойынның құрығына ілінгендер саны жауыннан кейін жарыса шыққан саңырауқұлақтай көбейіп барады. Байқамауымыз мүмкін, бірақ лудомандар бәріміздің айналамызда жүр. Себебі жеңіл ақшаға әуес болып, өз өмірін өзі ойран еткендер іс насырға шаппайынша құмар ойын ойнайтынын білдірмейді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де (аты-жөнін айтпауымызды өтінді) құмар ойынмен әуестенгеніне 10 жылға жуықтаған. Жасы отызға таяса да орда бұзбаған жігіт осы уақытқа дейінгі тапқан-таянғанын құмар ойынға салып, болашағына балта шапқанына өкінетінін айтады. – Бала кезімізде компьютер клубтары көп ашыла бастады. Ойынға құмарлығым сол кезде басталды. Бірақ ағам біліп қойып, сабап, ойын ойнауға тыйым салды. Айтқанын тыңдап, компьютер клубтарына жоламай кеттім. Кейін Алматы қаласына оқуға түсіп, бірнеше студентпен пәтер жалдап тұрдық. Арамызда құмар ойын ойнайтын жастар да бар болып шықты.

Үйден жырақтамыз, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмағандықтан қарызға белшемізден баттық. Сабақты әупірімдеп жүріп бітіргенде 3-4 миллион теңге қарызым бар еді. Үйдегілер балалық деген оймен кешіріп, барлық қарызымды жауып берді. Қарыздарымнан құтылып, жұмысқа орналастым. Көңілім жайланған соң арқаны кеңге салып, қайтадан ойнай бастадым. Қарызға белшемнен баттым. Жақындарымды алдадым, достарымды тақырға отырғыздым. Шынымды айтсам, құмар ойынның кесірінен достарымның бәрінен айырылдым. Енді емделмесем болмайды, – дейді.Тараз қаласының тұрғыны Динара Қадірбаеваның басынан өткен оқиға да басқаларға сабақ боларлықтай. 


– Косметолог болып жұмыс істеймін. Шу қаласында тұратын құдашам анда-санда келіп, косметологиялық процедура жасатып тұратын. Бірде Шу қаласының орталығында сауда жасауға ыңғайлы орын бос тұрғанын, бірге ақша шығарып жұмыс істеп, тапқан қаржыны теңдей бөліп алуға ұсыныс жасады. Жақын құдаша болған соң, әрі ұсынысы көңілімнен шыққандықтан жолдасымның келісімімен есепшотына 500 мыңға жуық ақша салдым. Арада 1 апта өткенде 500 мыңның үстіне 100 мың қосып қайтарды. Айтуынша, жеміс-жидегі тез өтіп кеткен, тапқан пайда да шаш етектен. Екеуміз де қуанып кеттік. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, бұдан да көбірек ақша салайық деп ұсыныс жасады.

Ойланып жатпастан сұраған ақшасын бердім. Көп өтпей пайдасымен қайтарды. Сонымен не керек, келесі жолы 1 миллион сұрады. Сеніміме әбден кірген соң 1 миллионды да есепшотына салып жібердім. Сол күннен бастап құдашамнан хабар-ошар болмады. Ақша да жоқ, құдаша да жоқ. Сөйтсек, құдашам құмар ойынға кіріп кеткен лудоманның нақ өзі екен. Тамыр-таныстарын алдап-сулап жүріп, сол аралықта тұрмысқа да шығып үлгеріпті. Үйленгенін естіген соң бірнеше апта мазаламадым. «Есін жиып, жаман әдеттерден тыйылып, қарызымды салып жіберетін шығар» деп ойладым. Дегенмен ойлағандай болмады. Кейін белгілі болғандай, сеніп жүрген құдашам туыстары тұрмақ, қайынжұртын да қарызға кіргізіп үлгеріпті. Алайда әулеттің үлкендері ақылдаса келе, аяғы ауыр болғандықтан  кешірім берген. Осымен тоқтаса жақсы ғой, қайта одан сайын күнәлі ісін үдете бастайды. Ақыр соңында қайынжұртынан да, өз жұртынан да қудаланып, Астана қаласына кетеді. Ал құдаларымыз ақшамды өздері қайтарып берді, – дейді Д.Қадірбаева.


Мұндай мысалдар да, құмарлықтың шырмауына ілінгендер де айналамызда өте көп. Сондықтан да мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойындарға тәуелділік мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», – деді.


Сондай-ақ Президент жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеу керегін ескертті.«Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет.

Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», деді.Жалпы психологтардың айтуынша, ойыншылардың көбісі құмар ойынның қауіпті екенін естіп-біле тұра «қалай болар екен, бір-ақ рет ойнап көремін» деп тәуелді болып қалады екен. Сол тәуелділіктің соңы көп адамды құрдымға кетіріп, қарызға белшеден батырып жатыр. Тіпті қызығынан шыға алмай, ақырында құнын өз өмірімен өтеуге дейін барады. Психологтар құмар ойыншылар ұтуды ғана емес, ойнау кезіндегі алатын рақат гормондары үшін жандарын қиюға дайын екенін айтады.

– Лудомания – қоғам дерті. Оның 5 деңгейі болады. Алғашқы деңгейлерінде өз еріктерімен, психологтардың көмегімен емделіп, жазылуға болады. Ал соңғы деңгейлерінде тек психиатр мамандардың көмегімен, дәрі-дәрмек арқылы емделеді. Оның өзінде ойыншының қоюға, емделуге деген ниеті болмаса, бәрі бекер. Дертке шалдыққандарды қоғамнан шеттетіп, ұрысып, ұрып-соғып, қуып, жанына тигізетін сөз айтып қинамаған дұрыс. Ондай кезде олар өз-өзімен жалғыз қалып, ойынға одан сайын беріліп кетуі бек мүмкін немесе іс насырға шабуы ықтимал. Дегенмен ойыншының қарыздарын жауып, оның қолына артық ақша беруге болмайды. Себебі ол қарыз алған адамдарының алдында жауапкершілікті алуы тиіс. Лудоманиядан құтылудың ең тиімді жолы – ауыр жұмыс. Адам терлеп-тепшіп қара жұмыспен айналысса, жер қазып, бақша ексе, кірпіш тасып, темір арқаласа, содан үйге келіп шаршап жатса, ойын түгіл, ойлануға шамалары келмей қалады. Әрі смартфон ұстауға да уақыт табылмай қалады, – дейді психолог Айжан Түктібаева.


Жуырда Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев құмар ойынның етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отырғанын айтты.– Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсап жатыр. Телеарналар, ресми интернет сайттар, «Youtube» арналары, «Тiktok», «Instagram», «Telegram» сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүргенін білеміз. Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Енді осы заң жобасын тағы да жан-жақты пысықтап, тез арада қабылдауымыз керек, – деді Мәжіліс депутаты. 

Сондай-ақ құжат аясында заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар