arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕРІКТІЛЕР – ВАНДАЛИМЗГЕ ҚАРСЫ

ЕРІКТІЛЕР –  ВАНДАЛИМЗГЕ ҚАРСЫ
Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге қатысты ой қозғап, қоғам тәрбиесіне алаңдаушылық білдірген еді. Бүгінде бұл кеселге қарсы күресіп жүрген ерікті жастар ұжымдары елімізде аз емес. Бірақ вандалдар да бұзақылық әрекеттерін тыятын түрі жоқ.

Президент: «Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі –  барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүниежүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?» – деп, мейірімді де мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керектігін де баса айтты.
Осы орайда жуырда тараздық еріктілер, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері «TazaLike» жобасы аясында вандализмге қарсы күрес жұмыстарын жалғастыра түсті. Олар көне шаһардың басты тарихи орындарының бірі саналатын «Тектұрмас» кесенесінің төңірегін тазалап, тастардағы жабайы жазуларды өшіріп шықты. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараздықтар кесененің артқы бөлігі вандализмнің құрбаны болғанын бірнеше мәрте айтып, күйінген болатын.
«Тектұрмас» кесенесі мен «Төрткүл» керуен-сарайының айналасын тазалауға 20-дан аса ерікті жас атсалысты. Кесененің Талас өзені бетіндегі тас қоршауына, қабырғасына жазылған жазулардан көз сүрінеді. Акцияның мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Сондай-ақ туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру.
– «Вандализмге жол жоқ!». Дәл осы ұран еліміздегі рухты жастарды біріктіріп, былтыр ауқымды акцияның басталуына түрткі болған. Еліміздің тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық іс-шараға облысымыздың жастары да үлес қосып, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» кесенесі, «Төрткүл» керуен сарайы, саябақтар мен киелі орындардағы келеңсіз көріністерді ретке келтірді. «Ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі», деп Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық мұрамызды сақтау, қастерлеу әр азаматтың парызы деп санаймын. Вандализмге тосқауыл қоюға арналған петиция қолға алынып, бүгінде мыңдаған азамат бастаманы қолдап отыр. Қоғамның айнасы, бет-бейнесі жасаған ісіміз арқылы көрінетіндіктен үнемі жақсыға ұмтылып, жаманнан жиреніп, ізгі істің бастамашысы болуымыз керек. Барша азаматты табиғатымызды, тарихи мұрамызды барынша қорғауға шақырамын, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали.
Жалпы «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты еліміздің тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғау жөніндегі ауқымды республикалық акцияны жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да осы мәселеге тоқталып, заңды қатаң сақтауды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Президент даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретініне назар аударып отыр.
Мәселені шешу үшін жастар қанатының белсенділері мен жақтастары өткен жылы тарихи ескерткіштерді, табиғи саябақтар мен қасиетті орындарды бұзақылық пен вандализмнің іздерінен тазартуға кірісіп кетті. Мәселен, «Жастар рухының» 50-ден астам белсендісі «Жұмбақтас» жартасын тазалап, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында сенбілік өткізді. Сонымен қатар жастар Алматы облысындағы «Тамғалы тас» шатқалынан 100 қап қоқыс шығарса, Қостанай облысы Мичуринское ауылында Ыбырай Алтынсарин кесенесінің аумағында сенбілік ұйымдастырды.
Барлығы 1500-ден аса «Жастар рухы» белсендісі мен еріктісі 500-ден аса табиғи, тарихи және мәдени ескерткішті тазартты. Акцияға қоғам белсенділері де қосылды. Мәселен, «Kaz Alpine Сlub» бірлестігінің басшысы Денис Лукьянчук өткен жылдың қараша айында Ұлттық мұраны қорғау жөнінде петиция бастаған еді. Бүгінде ол отандастарымыз тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Айталық, жарты жылға жетпей бұл бастаманы 16 мыңнан аса адам қолдады.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар