Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз жастарды қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шараны жүзеге асырды. Әсіресе соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да жастарға үлкен сенім артып, жоғары жауапкершілік жүктеді.
Мемлекет басшысы: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.
Мен жуырда Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастарына тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек», – деген Президент жас буынды қолдау жалғаса беретінін жеткізіп, бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.
Осы ретте Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауларында, алқалы жиындарда берген тапсырмалары шеңберінде жас ұрпақты көтермелеу, ел ісіне тарту, заман талабына сай бейімдеу бағытында Жамбыл ауданында атқарылған шаруалардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн көріп отырмын.
Жамбыл ауданында бүгінгі таңда 87 972 халық тұрса, 26 800-і 14 пен 35 жас аралығындағы тұрғындар. Аудан халқының 30,4 пайызын жастар құрайды. Қуантарлығы сол, жыл өткен сайын өңір халқының саны өсіп, жастар үлесі де артып келеді. Некеге тұрғандар санының өсуін де аңғаруға болады. Биыл 13 жас некеге тұрды.
Қазір қай саланы алып қарасақ та білімді және қабілеті жоғары жастар нәтижелі еңбек етіп жүр. Осы тұрғыда ерекше маңызды мәселе – жастарды жұмыспен қамту. Қоғамдағы өткір мәселені шешу мақсатында барлық ауылдық округте адрестік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде жұмыссыз жастардың нақты саны анықталды. Ендігі кезекте жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту міндеті тұр. Жыл басынан бері 429 жас жұмысқа орналастырылды. 134 жас тұрақты жұмысқа орналасса, әлеуметтік жұмысқа – 21, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 17, ақылы қоғамдық жұмыстарға 164 адам жолдама алып, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 35 жас еңбекке араласты. 17 жас «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алды. Сондай-ақ 8 жас онлайн кәсіптік оқудан өтті.
Жамбыл ауданында «е-Собес» бағдарламасы және тиісті жауапты мекемелер арқылы «Отбасының цифрлық картасы» базасында NEET санатындағы жастардың үлесі 2 343 адамды құрады. Бұл санаттағы жастар ауылдық округтерге адрестік жұмыстар жүргізу нәтижесінде анықталды. Қазіргі таңда жастар ресурстық орталығы тарапынан 1 148 жастың мәртебесі анықталып, қалғанына «Отбасының цифрлық картасы» базасында көрсетілген тармақтар бойынша өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыссыз және уақытша бос жүрген (NEET санатындағы) жастарды жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында қоғамдық қабылдаулар, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілуде. 2024 жылдың қаңтар, ақпан айларында 11 бағытта 267 іс-шара ұйымдастырылып, 7 668 жас қамтылды. Волонтерлік бағытта 45 іс-шара өткізіліп, 229 жас қатысты.
Сонымен қатар биыл талапты жастардың 9 жобасы қолдау тауып, қазіргі таңда нәтижелі жұмыс атқаруда. Атап өтер болсақ, жастар ресурстық орталығынан көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін сұлулық салоны жұмысын бастады. Сұлулық салоны аптасына екі рет тұрғындарға қызмет көрсетуде. Мұнан бөлек «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды таныстырмақ ниетте «АуылBAY» жобасы қолға алынды. Кәсіпкер жастардың сұхбаты әлеуметтік желілерде жариялануда.
«LOVE STORY» жобасы да көпшіліктің көңілінен шығуда. Шаңырақ көтерген жастардан қызықты сұхбаттар алынып, салтанатты түрде неке куәліктері табыс етілуде. Сондай-ақ жастар орталығында заман талабына сай фотостудия ашылды. Студияда ауданға белгілі жас әншілердің әндеріне бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желілерге жүктелуде.
Жастардың шығармашылығын шыңдау, креативті идеяларын қолдау, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Jaidarman» ойындары қолға алынуда. Қазір әр ауылдық округтегі жастар арасында іріктеу ойындары өтуде. Жеңімпаз атанғандар өзара сынға түсіп, жүзден жүйрік шыққандары «Jaidarman» ойындарының облыстық, республикалық кезеңіне жолдама алатын болады.
Жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу үшін ашылған «Жас шеберлер» үйірмесі де тиімділігін көрсетуде. Сондай-ақ жастар арасында бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында «Үстел теннисі» үйірмесі ашылды. Спортқа жаны құштар жастар аптасына 2 рет кешкі уақытта үстел теннисімен айналысып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алды. Ұлттық рухымызды оятып, жастардың құндылықтарымызға деген қызығушылығын арттыру үшін «Мерген» садақ ату үйірмесі де жұмысын бастады. Осы секілді тың идеяларды ойлап тапқан да, жүзеге асырып жатқан да жастар. Мұндай жобаларға әрдайым қолдау көрсететін боламыз.
Сонымен қатар 1сәуір күні «Жасыл ел» еңбек жасақтарының кезекті маусымының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар мен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба қатысты. Маусымдық жұмысқа еңбекқор, табиғатты қастерлей білетін студент жастар мен жұмыссыз жүрген жастар қабылданды.
Бағдарламаның басты мақсаты –
табиғатты қорғау, экологияны сақтау ғана емес, сонымен қатар жастардың еңбекке деген кұлшынысын арттыру. Жастардың күшімен елімізді көгалдандырып, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту. Жастардың Отанға, табиғатқа деген махаббатын іс жүзінде көрсетуіне ерекше мүмкіндік беру.
P.S:Жас ұрпақты туған елін, қасиетті жерін, оның баға жетпес құндылықтарын сүюге тәрбиелеу – басты ұстанымымыз. Өскелең ұрпаққа, бастамашыл әрі белсенді жастарға қолдау білдіруге мен әркез дайынмын. Жастар ұйымдастырған және олардың қатысуымен өткен мәдени көпшілік іс-шараларға, танымдық кештерге, акцияларға, спорттық турнирлерге әрдайым уақыт тауып, баруға тырысамын. Бұл жастардың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, алға ұмтылуына септігін тигізеді деп ойлаймын.
ЕРІКТІЛЕР – ВАНДАЛИМЗГЕ ҚАРСЫ
Ұқсас жаңалықтар
2025 жылы Ұлттық қордан балалардың есепшотына түсетін ақша мөлшері белгілі болды
- авторAR-AY
- 2 желтоқсан, 2024