Бала тәрбиесі ең нәзік әрі өте күрделі жұмыс. Құдды бір жас шыбық отырғызғандай боласыз. Шыбықты көшет кезінен баптап, суарып тұрмасаңыз қурап қалады. Сондай-ақ жас шыбық мықты тіректі қажет етеді. Өйткені қатты жел тұрса, сынып қалуы әбден мүмкін. Сол секілді баланың жалғыз арқасүйері отбасы болуы керек. Мәселен, соққан желді қоғамдағы зиянды әдеттер деп қарастырсақ болады. Тірегі бар шыбық дауыл соқса да құламайды. Жасөспірімдер де дәл сондай. Анасының, әкесінің, бауырының көңіліне әрқашан мұқтаж. Анасының аялы алақанын, бауырының қамқорлығын, әкесінің ақылын тыңдаған бала ешқашан жаманатты болмайды.
Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ел болашағы. Сол үшін бала тәрбиесіне аса сақтықпен қарауымыз керек. Әрбір ата-ана үшін перзент – Алланың берген аманаты, көзінің қарашығы. Дейтұрғанмен «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» естен шығармайық!
Фатима ШАИХОВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
химиялық технология бөлімінің меңгерушісі