arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Бала тәрбиесіне бейжай қарауға болмайды»

«Бала тәрбиесіне бейжай қарауға болмайды»
Сәулет-қала құрылысы саласында еңбек ететін азаматтармен оқта-текте ой-пікір алмасып тұрамыз. Дегенмен көбінің сөзге шорқақ келетіні жасырын емес. Ал Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің жуырда ғана тағайындалған басшысы Айдар Молдабаевпен әңгімеміз ә дегеннен қызықты өрбіді

Өзара таныстықтан бастап ұрпақ тәрбиесі, ұлттық идеология, қоғамдағы келеңсіздіктер, әлеуметтік желінің әсері, Тараз қаласының Бас жоспары, тағы да басқа тақырыптарда біраз сөз қозғадық. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

– Мемлекеттік қызметшілердің көбі ашылып сөйлесе бермейді. Сұхбатқа келіскеннің өзінде жұмыс жайын ғана баяндап, белгілі бір шаблоннан шыға алмай жататынымыз бар. Мұндай кезде билік өкілдерінің азамат ретіндегі ой-пікірі, өзіндік көзқарасы көлеңкеде қалып кетеді. Бүгінгі әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізбен танысудан бастасақ. Қай жақта білім алдыңыз? Балалық шағыңыз қайда өтті? 
– «AR-AI» газеті журналистика саласына жаңа леп әкелген, өзіміз сүйіп оқитын басылым ғой. Бүгінгі сұхбат оқырманға ой салатын болса, аянып қалатын несі бар? Өзім жайлы айтатын болсам, Байзақ ауданы, Суханбаев ауылдық округінің тумасымын. Сол жердің топырағына аунап өскен көп баланың бірімін. Кемпір-шалдың тәрбиесін көрдім. Бір үйде әкем, шешем үшеуміз-ақ тұрдық. Үйдің бар тірлігі үшеуміздің мойнымызда болды. Сондықтан ауылдағы шаруаның бәрінің басын шалып өстім десем де болады. Әлі күнге дейін біраз нәрсе қолымыздан келеді. Кішкентай кезімізден солай қалыптастық. 
Әкеміз Еділбай өмір бойы малшаруашылығы саласында еңбек етті. Зейнетке шыққан соң да ұжымшардың қара жұмысында жүрді. Шешем мектепте және ауылдық кеңседе еден жуушы болды. Еден жуып жүріп кеудесіне «Еңбек ардагері» деген екі медаль тақты. Қарапайым еңбек адамына көрсетілген құрмет. Мен де шешеме көмектесіп, мектеп бітіргенше сол кеңсенің еденін жудым. 
Сол заманның парадоксы, екеуі де білімді мамандар болса да ешқандай қызмет атқармаған. Әкем Шымкенттегі құрылыс техникумын бітірген ауылдағы бірден-бір адам. Көзі ашық кісі. Кейін зерделеп келсем, байдың баласы болған соң қудалауға ұшыраған екен. Ол уақытта айтуға тыйым салыныпты. Шешем 10 ұлдан кейін жалғыз қыз болып өскен. Педагогикалық училищені өте жақсы үлгеріммен тәмамдапты. Жазуы керемет еді. Екі тілде еркін сөйлейтін. Көз алдымнан кетпейді. Сөйтіп жүріп әкемнің жанында қарапайым жұмыспен айналысты. 
Сондай кісілердің тәлім-тәрбиесін алған соң біз де жаман бала болмауға тырыстық. Мектепте жақсы оқыдым. Сыныптастарым әлі күнге дейін менің 1-сыныпқа өз «Әліппемді» ұстап, оқуға дайын келгенімді айтады. Анамның арқасында қаршадай кезімнен білімге құштар болдым. 
Біздің мектеп тәмамдаған уақытымыз тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс келді. Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтын 1995 жылы «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітіргенімізбен терең тоқырау басталып кеткен. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен аумалы-төкпелі кезең. Оның үстіне 3-курста оқып жүргенде үйленіп, жас шаңырақтың негізін қалағанбыз. Кішкентай балаларымыз бар. Құрылыс саласы тоқтап қалған. Мамандарға сұраныс жоқ. Әупірімдеп жүріп «Жамбыл химқұрылыс» мекемесінің №5 құрылыс учаскесіне жұмысқа тұрғаным сол еді, үш айдан кейін ол да жабылды. Тағы да дағдарыс. Шыны керек, сол тұста әке-шешеміздің зейнетақысына күн көрдік. Бұлай қашанғы жүресің? Сөйтіп, 1996 жылы таныстар арқылы қосалқы бөлшектер зауытына жұмысшы болып орналастым. Темір балқытып құю цехында тынымсыз тер төктік. Бір қызығы, жұмыс істейсің, бірақ айлық алмайсың. Бір жарым жыл бойы еңбекақысын алмаған әріптестерді көрдік. Әйтеуір, күнделікті тамаққа талон береді. Кейде зауыттың жанындағы дүкенге екінші сұрыпты ұн келеді. Соны аламыз. Сөйтіп, ел қатарлы күн көрдік. 
Кейін институтта бірге оқыған досым қалалық газ мекемесіне жұмысқа шақырды. Бақылаушы-кассир болып еңбек еттім. Бұл жерде тұтынушылардан жиналған ақшаны айлықтың есебінен пайдалануға мүмкіндік берілді. Осылайша 1997-2005 жылдар аралығында газ саласында жұмыс істедім. 2005-2012 жылдары «Тараз Сәулет» кәсіпорнында инженер болдым. Араға уақыт салып мемлекеттік қызметке келдім. Қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінде жетекші маман болып бастап, сәулет және қала құрылысы бөлімінде сектор меңгерушісі, басшының орынбасары қызметтерін атқардым. 2018-2021 жылдары «Қала құрылысы кадастры» кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалын басқарып, республика бойынша алдыңғы қатардан көрінуіне үлес қостым. Еңбегіміз еленіп, 2019 жылы «Құрметті сәулетші» төсбелгісіне ие болдым. Беріде өзіміздің салада жеке кәсіп аштым. Ал бір айдан астам уақытта қазіргі қызметке кіріскен жайымыз бар. 
– Расында да тоқсаныншы жылдардағы тоқырау оңай соққан жоқ. Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың білім алуына, еңбек етуіне, кәсіппен айналысуына жан-жақты жағдай жасалуда. Дейтұрғанмен кейінгі толқынға қатысты да сыни пікірлер жиі айтылады. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Мен бір жылдары мектепте ата-аналар комитетінің мүшесі ретінде пікірталастарға қатысып жүрдім. Қазір де М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі «Сәулет» кафедрасындағы студенттерге дәріс оқып тұрамын. Сонда өзімше ой түйіп, тұжырым жасағаным бар. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Жастардың тәрбиесінің дұрыс болмауын біреуден көру – шарасыздықтың белгісі. Балада жақсы қасиет болмаса, оның себебін отбасынан іздеу қажет. Өйткені «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз тектен-тек айтылмаған. Яғни ең бірінші ата-ана жауап береді.
Осы орайда отбасым туралы айта кетсем артықтық етпейтін шығар. 4 ұл, 2 қызым бар. Жұбайым екеуміз әу бастан балалардың сапалы білім алуына көңіл бөлдік. Үлкен ұлым Айдос Алматыдағы О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында оқып, одан кейін ІТ университетті бітірді. Астана қаласында біраз жұмыс істеп жүрді де, қазір Таразда бизнеспен айналысуда. Екінші ұлым Елдос та Польшада ІТ-технология бойынша жоғары білім алып келіп, қазір Алматыда өз саласы бойынша еңбек етіп жүр. Үшінші ұлым Дәмір де қазақ-түрік лицейінен кейін Назарбаев университетін «Биология» мамандығы бойынша бітіріп, қазір сол жақта магистратурада оқып жүр. Ол ұлым да ғылыми жұмыстармен айналысып, әжептәуір жетістіктерімен қуантуда. 
Қыздарымның үлкені Асыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Веб-дизайн» мамандығы бойынша білім алуда. Аида есімді екінші қызым 10-сыныпта оқиды. Бес жасында шахмат үйірмесіне бергенбіз. 3-4 жыл қатарынан облыс чемпионы болды. Ресей, Өзбекстан, Сипгапур, Тайланд, Бразилия елдерінде өткен турнирлерде жасындай жарқырап, алдыңғы қатардан көріне білді. Бүгінде білім биігін бағындыруға күш салып келеді. Кенже ұлымыз Дастан 2-сынып оқушысы. 
Негізі ата-ананың мейіріміне қанып өскен баланың болашағы жарқын болады екен. Оған араласып жүрген ортамызда көзім жеткен. Бала жақсы болсын десеңіз, оның келешекте кім болатынын ойлаған жөн. Мысалы, таза киіммен, тамақпен қамтамасыз етуді екінің бірі істейді. Ең бастысы,  баланы жақсы көру қажет. Әке-шешенің ұрысы, үйдегі төбелес, жайсыз атмосфера көзімен көрмесе де, құлағымен естімесе де балаға бәрібір әсер етеді. 
Бала тілі енді шыққан кезде қандай сөз үйретесіз? Бізде ата, апа, әже, әке, ана дейді. Әрине, ол жақсы. Бірақ бізде баланың тілін қызық көріп, «ананы боқташы, мынаны сыбашы» дейтін ата-аналар да бар. Бұл өте үлкен қателік. Баланың ең бірінші тілі шыққан кездегі айтатын сөзі ондай болмауы керек. Оны ол керек кезінде көшеден-ақ үйреніп алады. Сондықтан бірінші тілі шыққан кезде баланың сөзін дұрыстайық.
Одан кейінгі әңгіме – баланы тәрбиелеу үшін адам ең бірінші өзін түзеуі маңызды. Балаға азаннан кешке дейін «ананы бүйт, мынаны сүйт» деп айтудың қажеті жоқ. Өзіміз дұрыс жүріп-тұрсақ, өнегелі іс қылсақ, жан-жақпен жақсы қарым-қатынас орнатсақ бала соны қабылдайды. 
Баланы жақсы көру оның айтқанының бәрін орындау деген сөз емес. Үлде мен бүлдеге орап тастаудың қажеті шамалы. Әке-шешенің тәрбиесін дүниемен араластырудың керегі жоқ. Ол керісінше баланы бұзады. Бабаларымыздың «Баланы аясаң – аяма!» деген сөзін қаперде ұстағанымыз дұрыс. 
Тағы бір айта кететін жайт, менің балаларымның тәрбиесінде келіншегімнің еңбегі өте зор. Өзі жоғары білімді экономист бола тұра ата-анамызға қарап, менің жағдайымды жасап, балаларымды тәрбиелеп келе жатыр. Күнде кешке балаларының сөмкесін қарайды. Артық зат көре ме, кімнен, не үшін алғанын сұрайды. Өйткені мектептегі ұрлық қаламсаптан басталады. 
Осылайша балаларды сұғанақтықтан сақтандыру керек. «Ұрлық түбі – қорлық». Бұл – үлкен қасірет. Тағы бір маңызды мәселе – баланың ортасын дұрыстау. Өйткені бала мектепке барғаннан бастап оны орта тәрбиелейді. Сондықтан да перзенттерімізді дұрыс мектепке, жақсы мұғалімге беруге талпынған абзал. Ал одан ары қарай Алланың пешенесіне жазғанын көреді. Баланы көшеге жіберген соң бәрібір ұстап тұра алмайсыз. Ең бастысы, перзентіңіз қолыңызда өсіп келе жатқанда жоғарыдағы қағидаларды басшылыққа алған жөн. Ержеткен баланы күнде артынан аңдып жүрсеңіз, әрине, жеккөрінішті боласыз. 
Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ананың бүкіл саналы өмірі соған арналады екен. Ал әке олай өле-өлгенше жүрмейді. Бірақ әкенің тәрбиесі уақытында берілуі тиіс. 
Еліміздің болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Кейбіреулер «бүгінгі жастар нашар» деп болашақтан түңіліп жатады. Ал маған қазіргі жастар өте қабілетті сияқты көрінеді. Студенттермен пікірлескенде де олардың ой-өрісіне тәнті болып отырамын. Балаларымның аяқ алысына қарап та көңілім толады. Бастысы болар баланың белін буып, бағыт-бағдар бере білуіміз керек. 
– Азамат ретінде сізді қоғамда қандай мәселелер толғандырады?
– Өзімнің жеке пікірімді айтатын болсам, қоғамдағы ең бір өзекті мәселелердің бірі – жеке басқа табынушылық. Оның айналасында жалтақтық пен жағымпаздық жатыр. Мұның бәрі қазақ ұлтына жасалған басқыншылық пен құлдық саясаттың әсері деп ойлаймын. Өйткені бізде өзінің ойын жасырып қалу, айтқан күнде де сыбырлап жеткізу сияқты әдеттер бар. Қоғамның дамымай жатқаны сондықтан. Тарихқа зер салсақ, халқымыз о баста ондай болмаған. Ханы, басшысы, биі, бай-бағланы, ауылдың абыз ақсақалдары болған. Бірақ бәрінің, жас пен кәрінің рөліне қарай өз құқығы сақталған еді. Тіпті құл да ханға уәж айтатын заман болған. Ал қазір ше? «Ойбай, анадан ұят болады, мынау ертең не дейді?» деп ойын бүгіп қалатындар көп.
Ашық қоғам құру үшін кез келген адам өз ойын айта алатын болуы керек. Бірақ ашынған халықтың айқайы емес, бір ауылдың ішінен 3-4 адам шығып, ел-жұрттың уәжін жеткізе білуі қажет. Жеке бастың мүддесін қоғамдық санаға тықпалаудың қажеті жоқ. Ағайынның мұң-мұқтажына қатысты шаруаларды жүйелеп, ақылға қонымды нәрселерді қозғаған абзал. Біз сондай дүниелерден ажырап бара жатырмыз. Өйткені ел ішінде аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар азайған. 
Шыны керек, қазір дастарқан басында өнегелі өсиет айтатын қариялар жоқтың қасы. Кейде қонаққа барғанда біраз жасқа келген кісілердің бата беріп, бас ұстай алмайтынын көріп, қынжыламын. Бұрынғы үлкендер қандай еді, шіркін? Аталарымыз қойдың басын қолына алған кезде бірімізге көзін, бірімізге құлағын беріп, оның себебін түсіндіріп отыратын. Мұның өзі кәдімгідей мотивация болатын. Сөйтіп жүріп өскен соң ба, біз де қазір біраз шаруаны біліп қалғанбыз. Дейтұрғанмен үлкендерден аспай, әдеп сақтауға тырысасың. Бірақ бас тартудың мәнісін білмей жатқан жандарды көріп, амалсыз іске кірісуге тура келеді. 
Осы жерде тағы бір ой туындап тұр. Біздің буын ел ағасы болатын жасқа жетті. Бірақ қатарластарымыздың арасынан дұрыс ел ағасының шыға алмай жатқанын кезіндегі қысымшылықтан деп топшылаймын. Халқымыз жоқшылықты көп көрді. Әбден бодандықтың бұғауында болған еліміз 1991 жылы егемендік алғанда бостандыққа мас болдық. Білесіз бе, Кеңес одағы тарауға шақ қалып, әлсірей бастағанда біз Наурызды қалай тойладық? Көше-көше, ауыл-ауыл болып асқақ рухпен, асқан шабытпен мерекеледік. Одан кейін автобустардың ішінде магнитафон ойнап, көбіне-көп термелер қойылып тұратын. Ал қазір ешкім терме тыңдамайды. Сол тұста халықтың рухы көтерілді де, ұлттық идеология ары қарай жалғаспай қалды. Идеологияның бәрі дүние табу болып кетті. Базар жағалап, бір күнде байып шыға келгендер пайда болды. Оны көргендер «болмаса да ұқсап бақты». Осыдан келіп әлеуметтік теңсіздік туындады. «Мен неге кедеймін, анау неге байыды?» деген сұрақтар қойылды. Бай болған адам бейберекет ақша шашып бастады. Тойдың түрі көбейіп кетті. Көліктің бірінен кейін бірін мінді. Дәулеттілер дүние жарыстыруға көшті. Одан қалса, тоқал алуды сәнге айналдырды. Бұл да бір тоғышарлықтың белгісі ғой.
Ұзақ ойланып, бір тоқтамға келдім. Қазақ баю керек. Өйткені адам баласы дүниесін ары-бері шашып болмайынша байлыққа деген иммунитет қалыптаспайды екен. Түк көрмеген пенде тойымсыз келеді. Менің замандастарымның да көбісінің өзі тойғанмен көзі тояр емес.
Бала күнімде үлкендерден ашаршылық туралы көп естідім. Сыбырлап қана айтатын. Сосын нанның қоқымын жинап отыратын. Оның мәнісін сұрасам, апам: «Әй, айналайындар-ау, осыған зар болдық қой. Қазір қанша тамақ жесем де қарным тоймайды. Жегім келіп тұрады», – дейтін. «Үйде ұн таусылып қалған жоқ па, ет жеткілікті ме?» деп алаңдап тұратын. Адамның жаратылысы солай екен. 
Сондықтан да қазақ қазір бақуатты ғұмыр кешуі керек. Шынын айтсақ, тәуелсіздік алған отыз жылда осының бәрінен өтіп кететін едік. Бірақ байлық халықтың аузына тимеді.
– Ұлттық идеология туралы айтып қалдыңыз. Осы тақырыпты тарқата түсейікші. Сіздің ойыңызша, ұлттық идеологияның діңгегі неде?
– Қазір әркім өз руының шежіресін шығарып, тарихын жазып жатыр. Аталарына ескерткіш қойып, ас беру көбейді. Жасыратыны жоқ, мен де бір атаның ұрпағымын. Өз руымыздың тарихын қамтып, кітап шығардық. Ағайындардың басын қосып, ас бердік. Сол жұмыстардың бел ортасында жүргенде мен бір нәрсені түсіндім. Мемлекет тарапынан ұлттық идеология болмаған соң әр қазақ өз-өзін түгендеп жатыр. Яғни бұл істің бізге пайдасы көп екенін ұқтым. Әр рудың адамдары өздерінің шежіресін жақсы біледі. Ертең осының барлығы жинақталып, тұтас қазақтың тарихы түгенделеді. Ғалымдар одан ары қарай нақты жазба деректерге сүйеніп, ғылыми сараптамадан өткізсе, халқымыздың тарихи бет-бейнесі жасалады. 
Кейде «Неге өткенімізді айта береміз, қашан алға жылжимыз?» деген әңгімелер айтылады. Қазіргі заманның талабы бойынша ол пікір де дұрыс шығар. Бірақ ойлап қарасаңыз, бізде тарихтан басқа не қалды? Біздің тарихымыздан басқа қазақтың рухын көтеретін ештеңе жоқ. Қайта-қайта қазбалап жатқандағы мақсатымыз да сол – рух көтеру. «Біз осындай адамдардың ұрпағымыз, менің атам батыр болған екен» деген сөздің өзі жас толқынның еңсесін тіктеп, ертеңге деген сенімін нығайтады. 
– Тарих туралы әңгімені Тараз қаласымен сабақтастырсақ. Көне деректерде біздің қаладан ат-Тарази есімді көптеген ғұламалар шыққаны айтылады. Осы ғалымдардың мұрасын неге жарқыратып көрсете алмай отырмыз? 
– Расында да тарихи Тараз ерекше қалалардың бірі ғой. Жер бетінде аты жойылып кеткен талай шаһарлар болды. Ал Тараз қаласы туралы деректердің көне жазбаларда сақталып қалуы тектен-тек емес. Тарихшылардың жазбасына қарап отырсақ, өте бір гүлденген, дәулетті, сәулетті қала болған екен. Тараздың даму жолы оның тарихында жатыр. Сондықтан да Тараздың тарихын дәріптеу, оны кең көлемде насихаттау арқылы туристік аймаққа айналдырудың мүмкіндігі мол. Өйткені тарихымыз – терең. Осы уақытқа дейін көп идеялар айтылды. Соны жүзеге асыру керек. 
Жалпы ислам әлеміндегі ғалымдардың ішінде 47 ат-Тарази бар екен. Араб жазбаларында сақталған, елге танылған, бүкіл ислам әлемі мойындап, соған бойұсынатын ғалымның бір қаладан шығуы деген Тараздың қандай мәдени һәм білім орталығы болғанын көрсетеді. Осы орайда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиевпен ақылдаса отырып, «Mart» сауда, ойын-сауық орталығының артындағы аллеяға 47 ат-Таразидің есімдерін жазсақ па деген ой келді. Оған көп қаржының да қажеті жоқ. Бұрыннан қалыптасқан сквер. Өзінің орналасқан жері де сұранып тұр. Сөйтіп, қазір нобайын жасауға кірісіп кеттік. Расында да 47 ат-Тарази туралы көп адам білмейді екен. Кезінде шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі кітап жазып, ғылыми тұрғыда көптеген мәлімет қалдырып кеткен екен. Сол кітапты шығарсақ, ат-Таразилердің есімдерін Тараздың қақ ортасына жарқыратып жазсақ, бұл да бір үлкен насихат бола ма деп ойлаймын. Осындай бастамалар туристерді тартуға да оң септігін тигізетіндігі сөзсіз. 
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсына отырып, жергілікті атқарушы органдардың бұқарамен байланысын бекемдеуге баса назар аударды. Дегенмен өзіңіз әлеуметтік желіде белсенді емес сияқтысыз.
– Әлеуметтік желідегі белсенділігімнің төмен екені рас. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты ғылыми жұмыстарға көп байланысты. Сондай-ақ атқарып жатқан шаруаларымыздың нәтижесі дәл бүгін емес, 5-10 жылда көрінуі мүмкін. Оның үстіне Тараз қаласы әкімдігінің ресми парақшаларына көне шаһардың күнделікті өмірінен ақпараттар салынып отыратындықтан жағаласып жазба қалдыруды жөн көрмеймін. 
Дегенмен бір нәрсені айта кеткен ләзім. Әлеуметтік желілердің жергілікті атқарушы органдардың жұмысына көп ықпалы тиіп жатыр. Мысалы, біз бұрын қаланың сәулеттік стиліне нұқсан келтіріп тұрған нысандарды көше аралап жүріп анықтайтын едік. Ал қазір бәрі интернетте жарияланатын болды. Салынып жатқан нысандар бойынша тұрғындар фотоға немесе видеоға түсіріп, пікір қалдырады. Оның барлығы Тараз қаласы әкімдігінің медиа-орталығы арқылы бізге түсіп тұрады. Былайша айтқанда, халықтың сын-ескертпесі бізге өз пайдасын тигізуде. Негізінде нысанның нобайы келісілген кезде дұрыс бағыт-бағдар беріледі. Бірақ құрылыс жұмыстары барысында жобадан ауытқушылықтың болатыны рас. Бірі аумақты толық қоршамайды, бірі рұқсатсыз тал-теректі кеседі дегендей олқылықтар орын алады. Міне, біз осындай анықталған жайттар мен қолданылған шаралар бойынша Тараз қаласы әкімдігінің реми парақшасы арқылы тиісті жауаптарымызды беріп отырамыз.
– Жыл басында Үкіметтің қаулысымен Тараз қаласының Бас жоспары бекітілді. Көне шаһарды алда қандай өзгерістер күтіп тұр? 
– Тараз қаласының бұған дейінгі Бас жоспары 2025 жылға дейінгі аралықты қамтыған еді. Оған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды. Ал Үкімет қаулысымен бекітілген жаңа Бас жоспар 2040 жылға дейінгі мерзімге жасалып отыр. Осы құжаттың аясында Байзақ және Жамбыл аудандарындағы 14 елді мекен Тараз қаласының аумағына қосылуда. 
Қала құрылысын дамытуда Бас жоспардың маңызы зор. Мұның барлығы да, ең бірінші, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қадамдар. Бұл тұрғыда ел-жұртқа керекті баспана, жұмыс, мәдени тынығу, қоғамдық көлік сияқты негізгі бағыттар ескерілген. Сонымен қатар бұл құжатта қаланың қалай қарай дамитыны да тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Баршаға белгілі, Тараз қаласының оңтүстігінде тау орналасқан. Батысымызда Аса өзені мен әуежай бар. Солтүстік-батыста өнеркәсіптер шоғырланған. Ол жаққа қарай дами алмаймыз. Сондықтан да жан-жақты ұсыныстар ескеріле келе, солтүстік-шығыс бағытқа көңіл бөлініп отыр. 
– Сонда «Әулиеата» әуежайы сыртқа көшірілмейтін болды ма? Бұл мәселе көп жылдардан бері көтеріліп келе жатыр еді. 
– Бас жоспар бойынша әуежай қазіргі орнында қалды. Бірақ әуежай түбі қаланың сыртына шығарылғаны жөн. Әуежайдың қазіргі орналасқан аумағы навигацияға да ыңғайсыз екен. Өйткені Қырғыз Республикасының шекарасына жақын тұр ғой. Ұшақтардың бұрылып келіп қонуында сондай кедергілер бар. Сондықтан түбі солтүстік жаққа қарай жазыққа шығарылуы керек. Енді ол келесі Бас жоспарда қаралуы мүмкін. Түбі көшеді. Жаңа құжатқа сәйкес қаланың дамуында бір серпіліс болған соң әуежайдың халықаралық деңгейдегі заманауи жобасы жасалады деп ойлаймын. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар