arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық қор қызметі сапалануы керек

Ұлттық қор қызметі сапалануы керек
Соңғы кезде Ұлттық қор жұмысының тиімділігіне күмәнмен қарайтындар қатары басым. Қор қаражатының жинақталу динамикасында жинақтау функциясын орындаудың тиімсіздігі байқалатыны жиі айтылып жүр.

«Tengenomika» телеграм-арнасы өткен жылдың соңғы күндері «Ұлттық қор жинақтау қызметінен гөрі тұрақтандыру қызметін көбірек атқарады» деп жазды. Олардың мұндай пікір айтуына Ұлттық банк зерттеуінің қорытындысы себеп болыпты.
«Үкіметтің Ұлттық қордан қаражат тарту саясаты ауқымды және жүйелі сипатқа ие болып, соның нәтижесінде жинақтау функциясы мүлдем жойылып кеткен» дейді арна сарапшылары. 2014 жылдан 2023 жылдың қазан айына дейін Ұлттық қор қаражатының орташа жылдық өсімі теріс -2,7 пайызды құраған. Салыстыратын болсақ, он жыл бұрын орташа жылдық өсім 33,4 пайыз болған.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт 2024, 2025 және 2026 жылдарға 2 триллион теңгеден белгіленді. Сондай-ақ 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 триллион теңге республикалық ауқымдағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. 2024 жылға мұнайдың шекті бағасы – барреліне 43,4 доллар, 2025 жылға – 40,2 доллар және 2026 жылға 41,8 доллар болып белгіленді. Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың қазіргі үрдісі тәуелсіз сарапшылардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Олар елдің Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану ережелеріндегі «тесіктер» қордың бағытын жинақтаушы емес, тұрақтандырушы бағытқа айналдырып жібергенін айтады.
Наурыз айының ортасында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 0,3 пайызға өсіп, 60,2 миллиард долларға жеткенін, ақпан айының соңында инвестициялық кіріс 1,44 пайызды немесе 0,87 миллиард долларды құрағанын хабарлады. Жыл басынан бері қорға түскен түсім көлемі 912 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде ұлттық валютада – 184 миллиард теңге. Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылған трансферт көлемі 1 триллион теңгені құрады.
Ұлттық қордағы қаражатқа тәуелділіктен арылу туралы бастама бірнеше рет көтерілгенін осыған дейін жаздық. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты бірнеше рет тапсырма берді. Тапсырма қалай орындалып жатыр?» деген сұрағымызды Ұлттық экономика министрлігіне жолдап, төмендегідей жауап алдық.
«Елдің салық-бюджет саясатының және Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану саясатының бағдарлары Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасымен бекітілді», дейді министрліктің баспасөз қызметі бізге берген жауабында. Ұлттық экономика министрлігі өкілдері айтып өткендей, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде қаржыландырудың қолданыста болған тетіктерін қолдану мүмкін болмаған жағдайда ғана Ұлттық қордан қаражат бөлу мүмкіндігі қаралады.
«2023 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың кесімді бағасы кезінде болжанатын мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде айқындалады. Осылайша белгіленген кесімді бағаны ескере келе, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2022 жылғы 4,0 триллион теңгеден 2023 жылы 2,2 триллион теңгеге дейін және 2024-2026 жылдары жыл сайын 2,0 триллион теңгеге дейін төмендеді», делінеді жауапта.
Министрліктің хабарлауынша, 2024 жылдан бастап республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын шектейтін бюджеттік қағида ортамерзімді кезеңде фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге мүмкіндік бермек. Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер инфрақұрылымды дамытуға және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды іске асыруға ғана бөлінетін болады. Бұл норма Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді бөлу критерийлерін қатаңдатуға бағытталған.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин осыған дейін журналистермен кездескен кезде Ұлттық қордан мақсатты трансферт алу үшін «өте маңызды» жоба қандай критерийлерге сай болуы керектігін айтып берген. Маңызды нысандардың қатарына жұмыс орындары мен қосымша салық беретін зауыт құрылысы немесе тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым енгізілген. Сондай-ақ вице-министр 2020 жылдан бері Ұлттық қордан алынған қаражат көлемі 4 триллион теңгеден төмен түспегенін, 2020-2023 жылдарға арналған трансферттер көлемі шамамен 17,8 триллион теңге болғанын айтып берді. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің республикалық бюджеттегі үлесі 2024 жылы 15 пайыздан 2025-2026 жылдары орташа есеппен 8,2 пайызға дейін төмендеумен жоспарланды.
Ұлттық экономика министрлігі өкілдері айтып өткендей, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферт сомасы жиынтығында жыл сайын біртіндеп азаяды.

«Ұлттық қор қаражатын тиімді басқару мемлекеттік қаржының фискалдық тұрақтылығын қолдау жөніндегі басқа да ілеспе шаралармен қамтамасыз етілетін болады», дейді Ұлттық экономика министрлігі өкілдері.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар