Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Недзвецкий алмасын сақтап қалуға немқұрайлы қарамайық!

Недзвецкий алмасын сақтап қалуға немқұрайлы қарамайық!
Дәл қазір Жапонияда сакураның гүлдеу кезеңі өтіп жатыр. Мыңдаған қызғылт, күлгін, ақ түске боялған сакураның гүлдеуін Жапония халқы ұлттық мереке ретінде тойлайды.

Әлемнің назары ауатын ерекше мерекені жапониялықтар «Ханами» деп атайды. Тамаша көріністің куәсі болу үшін жыл сайын мыңдаған турист Күншығыс еліне қарай ағылады. Сакура шиесінің гүлдеуін барлық елдің ақпарат агенттіктері жарыса жазып жатады.

Бірі білсе, бірі білмес, аңызға айналған шие гүлдеріне ұқсас ғажайып өсімдік облысымызда да бар. Алайда сакура секілді ұлттық қазынамыз болуға әбден лайық табиғаттың сыйға тартқан байлығы жойылудың сәл-ақ алдында тұр. Табиғат жанашырлары облыстың брендіне айналуы тиіс өсімдіктің сиреп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. 
Сұлулығы жағынан сакурадан кем түспейтін Недзвецкий алмасы жайлы біз де жақында оқып білдік. Анығын айтқанда, облыстық «Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің ізденуімен жарық көрген «Живое пособие – Жанды құрал» энциклопедиялық кітабы арқылы таныстық. Ғалымдар Недзвецкий алмасын өзара «таңдану үшін жаралған» деп бағалайды екен. Өңір экологтары алма ағашының гүлдеу кезеңі әйгілі сакураның гүлдеуіне ұқсас екенін айтып, сиреп қалған өсімдікті сақтап қалу бойынша бастама көтерді.
Недзвецкий алмасы негізі Орталық Азия және Қытайдың шекаралас аймақтарында (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Құлжа қаласына жақын жерде), Тянь-Шань таулы ормандарында өседі. Ал облысымызда Жуалы ауданының аумағында көп кездеседі. Тарқата айтқанда, Қаратау жотасындағы Берікқара шатқалында, Қаратау жотасының шығыс бөлігіндегі Ақсақалсай шатқалында, Талас Алатауының етегінде, Жуалы ауданындағы Қызыларық ауылында тіркеліп, қорғауға алынған. 
Бүгінгі таңда Берікқара шатқалындағы алмалардың жағдайы тіптен қиын, жойылудың алдында тұр. Ақсақалсай шатқалында жабайы алма соңғы рет 2021 жылы жеміс берген екен. Төрт түліктің таптауы, шаруашылық мақсатта ағаш кесу мен орман өрттері салдарынан жабайы алманың түбегейлі жойылып кету қаупі бар. 
«Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Рауф Сәбитовтың айтуынша, Недзвецкий алмасы сирек кездесетін, жойылып бара жатқан өсімдік ретінде Халықаралық табиғатты және табиғи ресурстарды қорғау одағының қызыл тізіміне, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.
– Жеміс ағашының танылуы табиғат зерттеушісі Владислав Недзвецкийдің есімімен тікелей байланысты. Ғалым Тянь-Шань тауының етегін аралап жүргенде ерекше өсімдікке көзі түседі. Әлгі өсімдіктің жемістерін жинап, досы, неміс ботанигі Георг Дикке жіберді. Ал неміс ғалымы беймәлім жемістің тұқымын егіп көріп, зерттей бастайды. Кейін Георг Дик ғылыми түрде тіркелген алма ағашын Недзвецкийдің құрметіне атайды. Расында да Недзвецкий алма ағашының гүлдеп тұрған сәті көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Гүлдері ашық қызғылт немесе күлгін, қабығы мен жапырақтары қызыл реңкке ие. 6-8 метр биіктікке дейін өседі. Тікенегі жоқ, бұтақтары тегіс. Жапырақтарының басы сүйірленіп келген жұмыртқа тәріздес. Жапырағын жайған кезде ашық күлгін түске боялады, – дейді Р.Сәбитов.
Недзвецкий алма ағашының гүлдеу кезеңі мамыр айына тұспа-тұс келеді. Гүлдеу кезеңінің өзі орта есеппен 10 күнге созылады. Бірақ бүршік жару кезеңі айға жуық уақытты алатындықтан әсем алқызыл гүлдерін тамашалау сәті едәуір ұзарады. Жемістің қауыздары мен гүлдерінің бір мезгілде жетілуі ағашта әдемі түс гаммасын құрайды. Жабайы алма ағаштары күзде жеміс беру кезеңінде тіптен көзтартарлық күйге енеді. Мамандардың айтуынша, алма ағашы алғаш рет 5 жылдан кейін гүлдегенімен, 10 жылға дейін жеміс бермейді екен. 
Сондай-ақ жемістері кішкентай, шиеден сәл ғана үлкен. Диаметрі 4 сантиметрден аспайды. Дәмі қышқыл және ащы. Бірақ аяз түскенше жемісін термесеңіз, дәмінің ащылығы жоғалады. Алайда қышқыл дәмі көп адамдарға ұнай бермейтіндіктен алма тек компот немесе джем жасау үшін жарамды. Сонымен қатар бұл жеміс құстар үшін керемет азық екенін айта кетейік.
Байқағандарыңыздай, таңғажайып табиғат жаратылысының өзге жабайы алма ағаштардан ерекшелігі – сәндік келбетке ие болуы. Франция, Канада секілді дамыған елдерде Недзвецкий алмасы декоративті өсімдік ретінде кеңінен қолданылады. Гүлдеу кезеңінде бақтың сәнін кіргізіп қана қоймай, аралар мен құстарды өзіне тартып, бақшаға ғажап көрік сыйлауымен де құнды. Тіпті көп елдерде саябақтар мен алаңдарды безендіру үшін пайдаланылады. 
Рауф Сәбитовтың сөзіне сүйенсек, жойылудың алдында тұрған жабайы алмаларды сақтап қалу үшін тұқымын алып, қолдан өсіруге кірісу керек. 
– Ұсыныстарымызды көптеген жиында, «дөңгелек үстелдерде» барынша айтып жүрміз. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевпен болған кездесуде де назарға алуын өтінгенбіз. Басқарма басшысы бастамамызды құп көргенімен әлі нақты бір шешім шығарған жоқ. 
Алма ағашын арнайы бақ жасау арқылы қолдан көбейткеннен шығын келмейді. Алма ағашы аязға барынша төзімді, жер талғамайды, тіпті тұзды топырақта да өсе береді. Зиянкестер мен ауруға шыдамды, өзге жеміс ағаштарымен салыстырмалы түрде тез өседі. Жабайы ағаштар 60 жыл өмір сүрсе, қолдан отырғызылған түрлері қолайлы ортада өссе, ұзақ жасай алады. Жапониялықтардың сакурасын көруге шетелге сабылмай-ақ, өзімізде тамашалай алатындай жағдай жасауға мүмкіндік мол. Тек еститін құлақ табылса, – дейді Рауф Қабиұлы.
Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты Ақсақалсай шатқалында 40 жылға жуық орманшы-қорықшы болып еңбек етіп жүрген Рүстем Назарбеков табиғат жанашырлары көтерген бастаманы қос қолдап қолдайтынын жеткізді. 
– Табиғат пен адам – егіз ұғым. Өмірін табиғатпен ұштастырған жан болғандықтан салаға қатысты кез келген мәселе мені алаңдатпай қоймайды. Әсіресе жабайы алмалардың жойылып бара жатқаны жаныма қатты батады. Осы істі қайта қолға алып, елімізде Недзвецкий, Сиверс алмаларының түрін көбейтуді қалаймын, – дейді Рүстем Мырзанұлы.
Алма ағашын жаңалық ретінде Владислав Недзвеций ХIХ ғасырда ашты, алайда бұл өсімдік түрі адам жаратылғалы бері бар екенін көптеген зерттеу дәлелдеп отыр. 

Француз бағбаны Л.Тиллье бұл алма ағашын сәндік тұрғыдан Еуропада бақ өсіру саласында теңдесі жоқ өсімдік деп баға берген. Табиғат жанашырлары жанұшырып Недзвеций алмасын сақтап қалу үшін күресіп жатса да әрекеттері нәтижесін берер емес. Өңір экологтары оң өзгеріс болмаған жағдайда мәселені республика көлемінде көтеруге дайын отыр.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар