Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа бағдарлама – Жаңа мүмкіндік

Жаңа бағдарлама –  Жаңа мүмкіндік
Ашық дереккөз
Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты баспанамен қамту ең маңызды мәселе екенін айта келіп: «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады», – деп, Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Жалпы елімізде халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Нәтижесінде елімізде құрылыс қарқыны қамшы салдырмас екпінмен алға озып, жыл сайын мыңдаған қазақстандық баспаналы болу бақытына бөленуде. Ал халықты елең еткізген «Отау» бағдарламасының ерекшелігі қандай болмақ? Сонымен қатар көпшілік бағдарламаға кімдердің қатыса алатыны, қатысу шарттары қандай екендігі туралы көбірек білгісі келеді. Осы орайда мамандармен пікірлесіп, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

«Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманованың айтуынша, «Отау» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алудың қосымша құралы.– 1 наурыздан бастап «Отау» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, «Отбасы банкінің» салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламаға «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Шарттарына тоқталатын болсам, үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы және өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Бағдарламаға бірнеше депозитті пайдалана отырып қатысуға болады. Алайда өтінім беру сәтінде депозиттерді міндетті түрде біріктіріп, «Баспана» тарифтік бағдарламасына алдын ала көшіру керек. Бағдарламаның шарты бойынша 18 бен 63 жас арасындағы тұрғындардың өтініштері қарастырылады. Тек өтініш берушінің соңғы алты айда тұрақты табысы болуы, ал бағдарламаға қатысушы мен отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт.

Бағдарламаға қатысушы жаңа тұрғын үйді «Баспана маркет (otbasybank.kz)» порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған. Әрбір нысан аталған платформаға орналастырылмастан бұрын тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту үдерісінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады, – деген Жұлдыз Мейірманова «Отау» бағдарламасы шеңберінде биыл республика бойынша 50 мың адам баспанамен қамтылады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Бағдарламаға қатысу үшін алғашқы жарна кемінде 20 пайыз болуы шарт. Несие 19 жылға дейін беріліп, жылдық мөлшерлеме 9 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9,2 пайыздан басталады. Несие сомасы Астана және Алматы қалаларында 30 миллион теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 18 миллион теңге көлемінде. Алғашқы нарықтағы тұрғын үй тек Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында ғана беріледі. Басқа өңірлерде кез келген тұрғын үйді алуға болады.Сондай-ақ банк маманынан «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының айырмашылығын сұрадық. «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы 1 мамырда басталады екен. Айырмашылығы – 
кез келген уақытта ашылған депозитпен үміткер атануға болады.

Тек шотыңызда 1 миллион болуы қажет.– «Наурыз» ипотекалық бағдарламасымен халықтың әлеуметтік осал топтары жылдық 7 пайызбен несие ала алады. Ал қалған қатысушылар үшін бұл мөлшерлеме 9 пайыз болмақ. Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады. Кредит мерзімі – 19 жыл. Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарында қарыздың шекті сомасы анықталмады. Бірақ «Отау» бағдарламасымен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін.Қатысушының атында соңғы бес жылда жылжымайтын мүлік болмауы керек. Отбасы мүшелері, яғни балалары да үймен байланысты мәміле жасамауы қажет. Биыл билік бағдарламаға 300 миллиард теңге бөлетініне қарамастан, «Наурыз» ипотекасында балл санау қағидасы сақталады. Ол депозит, отбасы, бала санына байланысты берілуі мүмкін. Ал депозит мерзімі маңызды емес. Сондықтан «Отбасы банктен» депозит ашып, ай сайын мүмкіндігіңіз жеткенше шотты толтырып отырғаныңыз дұрыс, – дейді Ж.Мейірманова.

Әзірге «Наурыз» бағдарламасы бойынша қандай үй алуға болатыны туралы нақты шарт айтылмады. Дегенмен Астана, Алматы, Шымкент және облыстық маңызы бар қалаларда тек жаңа үйден пәтер алуға рұқсат беріледі. Басқа өңірлердегі үй сегментін мамандар талқылап жатқан көрінеді.Айта кетейік, облысымызда үшінші жыл қатарынан жүзеге асып жатқан «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйді несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыруға екі миллиард теңге бөлініп, оның жартысы жергілікті бюджеттен қаралса, тағы бір миллиард теңгесі «Отбасы банкі» тарапынан бөлінген. Нәтижесінде биыл 135 жасты баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазіргі таңда тараптар арасында келісім жасау жұмыстары жүргізілуде.Айта кету керек, былтырғы жылы 144 жас аталған бағдарлама аясында баспаналы болған еді.Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, бағдарламаға еңбек өтілі бір жылдан кем емес, соңғы бес жылда атында үйі жоқ жастар қатыса алады. Биыл бағдарлама талаптарына бірқатар өзгеріс енгізіліпті. Бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар 6 сала қызметкерлерінің қатары тағы бірнеше саламен толықпақ. Алайда олар нақты қандай саланың мамандары болатыны әзірге белгісіз. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар