Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мен көрген үндістан

Мен көрген үндістан
Ашық дереккөз
Үндістан – жерінің көлемі мен халық саны бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттің бірі. Үндістан Республикасы Оңтүстік Азияда орналасқан, жер көлемі бойынша 7-орынды, халық саны бойынша 2-орынды иемденіп отыр. Үндістан халқы 17 негізгі тілде сөйлеседі. Одан бөлек Үндістан шахматтың, алгебраның, геометрияның, гауһар тастардың, сандардың, йоганың отаны болып саналады. Әрине, бұл мәліметтерді кез келген азамат ғаламтордан да оқып алса болады. Осы орайда Үндістанға жасаған бір апталық саяхатымыздан көріп-білгенімізді, көпшілікке беймәлім дүниелерді оқырманмен бөліскенді жөн санадым.

Үндістандағы дамыған əрі ең танымал өнер – би. Көркем фильмдерінен, сериалдарынан көргеніміздей, олар шын өмірде де бидің түбін түсіреді екен. Негізі сапарымызды наурыз айына, яғни үндістандықтардың ұлттық мейрамы – Холиға қарсы жоспарлаған болатынбыз. Кішкентай кезімізден тек телеарналардан көретін мерекені өз көзімізбен көріп, сезініп, үнді халқымен бірге тойлау ерекше əсер береді екен. «Партика Гейтс» орталығында белгілі əншілердің қатысуымен өткен мерекелік концерт бізге ерекше әсер сыйлады.

Турист болған соң ба, ақылы концертке тегін кіріп, əрі ең алдыңғы қатардағы орынға жайғастық. Тіпті бізді сахна төріне шығарып, он мың адамның алдында ерекше құрмет көрсетті. Ұлттық əндері, сахна мәдениеті көңілімізден шықты. Халықтың барлығы тікесінен тік тұрып, концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін Холи мерекесі басталып, көк жүзін отшашулар тілгілеп, халық бір-бірін түрлі-түсті бояулармен атқылай бастады. Мерекелік кешке халық толық ақ түсті киім киіп барады екен.

Үндістан асханасы өте дəмді болғанымен тағамдардың деніне ащы дәмдеуіш қосылған. Ол аз десеңіз, қызыл бұрыш қосылған «Масалати» деген шайлары да бар екен. Тамаққа көптеген дəмдеуіш қосқанды жақсы көреді. Сауда орталықтарына немесе базарына барсаңыз, міндетті түрде ұлттық тəттілерімен шай ұсынады.Халқы өте мейірбан, адамға көмектесуге дайын тұрады. Бір аптада бір-бірімен керісіп немесе ұрысып жатқан адам көрмедік. Өте ыстық ауа райына қарамастан, төселген жасыл кілемдей табиғаты да ғажап. Халқы наным-сенімдерге берілген. Əртүрлі қызыққа толы дəстүрлері де бар. Храмдарына жабық киіммен əрі жалаңаяқ кіргізеді. Ұлттық киімдері «Сари» деп аталады.

Ұлттық киімдерін тек мейрам күні емес, күнделікті киіп жүре береді. Бай аудандардың жеке жайлары мен кедей аудандардың лашықтары бір-бірімен қатар тұра береді. Ал ауқатты азаматтары өте қарапайым келеді. Заңдары қатал, қоғамдық жерді ластасаң, міндетті түрде шара қолданылады. Адам саны көп болған соң жол ережесін сақтай бермейді. Əлемнің ең мықты IT мамандары да Үндістаннан шыққанын айта кету керек. Әлемдік «Google», «Microsoft» компанияларының кеңселері орналасқан. Бала күнімізде үнді фильмдерінен бір-біріне жауыздық жасап, кек алып, әділдік үшін күресіп, таласып жатқанын көргенде қатты ойланатынмын. Шындығында, олай емес екен. Бізден әлдеқайда дамып кеткен Үндістанды әрбір адам міндетті түрде көруі керек деп ойлаймын.

Айша Құдайберген,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар