Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЗЫҚ-ТҮЛІК ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ БАҒАДА САТЫЛДЫ

АЗЫҚ-ТҮЛІК ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ БАҒАДА САТЫЛДЫ
ашық дереккөз
АЗЫҚ-ТҮЛІК ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ БАҒАДА САТЫЛДЫ
Облыс орталығында жиі-жиі ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналған. Біріншіден, бұл жұртшылыққа азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алуға мүмкіндік сыйласа, екіншіден, мал бағып, жер емген шаруалар өз өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз өткізеді. Сол үшін жәрмеңкеде ауылшаруашылық саласында өндірілген азық-түлік төмен бағада ұсынылады. Өткен сенбі күні Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне келген тұрғындардың қарасы әдеттегідей қалың болды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жәрмеңкедегі сауда қатарларын аралап, ауылшаруашылық тауарын өндірушілермен тілдесті. Жәрмеңкеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының күнделікті тұтынуды қажет ететін тауарлары шығарылды. Мұндағы сауда сөрелеріне бұл жолы жалпы құны 28 миллион 500 мың теңгені құрайтын 46 мың 200 тонна ауылшаруашылық тауары қойылды. Оның ішінде 9,6 тоннасы жылқы, сиыр, қой және тауық еті болса, 2,5 тоннасы шұжық. Сонымен қатар 5 мың тонна сүт, 7 мың жұмыртқа, 600 келі кондитерлік өнім, 4,4 тонна макарон өнімдері, 500 келі тұз, 700 келі балық, тағы осыншама салмақта ұн саудаға шығарылды. 1,6 тонна бал және 14,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін де жұрт таласа-тармаса сатып алып жатты. Жәрмеңке – ауылшаруашылық тауарын өндіруші іскер азаматтар үшін үлкен қолдау. Өйткені бүгінде бұлжымас дәстүрге айналған бұл іс-шара кәсіпкерлерді ынталандырып қана қоймай, тұрғындарды да сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Тағы бір айта кетер жайт, осындай игі істер арқылы азық-түлік бағасының да негізсіз өсуіне жол берілмеуде. Ең бастысы, қала тұрғындары қалаған заттарына тиімді бағада қол жеткізуде. – Сөреге қойылған тауарлар өзге сауда орындарындағы бағамен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Көпбалалы отбасы болғаннан кейін қаржымызды үнемдеп жұмсауға тура келеді. Осы мақсатта жәрмеңкеге арнайы келдім. Ойымдағы бағаға азық-түліктерді қалағанымша сатып алдым. Мысалы, картоптың бір келісі сауда орталықтарында 130 теңгеден болса, мұнда 110 теңгеден саудаланды. Пияздың бір келісі 60 теңгеден, сұйық майдың бір литрі 500 теңгеден, сәбіздің бір келісі 190 теңгеден, жұмыртқаның бір данасы 50 теңгеден сатылды, – дейді Гүлмира Тамабек есімді қала тұрғыны. Жәрмеңкеде саудаға шығарылған тауарлар нарық бағасынан 10-20 пайызға дейін төмен бағада сатылды. Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Айсұлу САДУАҚАС, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар