ПИЯЗ ЭКСПОРТТАУДА ПАЙДА БАР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасалуы қажеттігін еске салды. Президент ауылшаруашылық саласының әлеуеті зор екенін, себебі Қазақстанның айналасында өнім өткізуге болатын өте үлкен нарықтар бар екенін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы: «Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Қазіргі ауылшаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді», – деген еді.
Қазіргі таңда мемлекет үшін басты міндеттің бірі – ауылшаруашылық саласын әртараптандыру. Сонымен қатар агросалаға жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, ауылшаруашылық тауарларын нарықта бәсекеге төтеп бере алатындай сапалы өндіру –
кезек күттірмейтін келелі істердің бірі. Сондай-ақ асыраушы салаға тән шаруашылықтарды жетілдіруде нақты ғылыми тұжырымдамаларға сүйеніп әрекет ету, өркениеті озық елдердің тәжірибелерін пайдалану, суды үнемдей білу, өнімді шикізат күйінде қыр асырмай, елімізде өңдеу секілді атқарылуы тиіс шаруалар жетерлік. Әсіресе ел экономикасының өсуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, шаруалардың табысқа кенелуіне септігін тигізетін тірліктің бірі – ауылшаруашылық тауарларын экспорттау.
Еліміз ет, тері, жүн, астық, ұннан бөлек, шетел нарығына көкөніс, жеміс-жидек те экспорттайды. Осы ретте қазақстандықтарды шетелдіктер пиязымыз арқылы да тануда десек, еш қателеспейміз. Мәселен, жыл басынан бері Қазақстан шетел нарығына 86 мың тоннадан астам пияз экспорттапты. Үкіметтің бизнес құрылымдарына ішкі және сыртқы нарықтарда пиязды сатуға жәрдемдесу жөніндегі наурыз айындағы тапсырмасы аясында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістандағы әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізген екен. Нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлер мен шетелдік сауда ұйымдарына коммерциялық ұсыныстар жолданған.
2023 жылы Қазақстан мен көрші елдерде пияз өндірісі бірнеше есеге ұлғайған. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ресейде пияздың жылдық өнімі 11,2 пайызға өсіп, 1,78 миллион тоннаны құрапты. Өзбекстанда да өнім көлемі 30 пайызға артып, 1,3 миллион тоннаға жеткен. Ал Қазақстанда 1,1 миллион тонна пияз жиналған. Бұл ішкі нарық қажеттілігінен 3,5 есеге артық. Елдегі тұтыну көлемі – 300-320 мың тонна.
Жалпы Өзбекстан, Тәжікстан секілді күнгейдегі мемлекеттер әне-міне дегенше биылғы жылдың өнімін алыс-жақын шетелге экспорттай бастайтыны белгілі. Осы орайда өзіміздің былтырғы өнімді сатып құтылу шаруалар үшін маңызды жұмыстың бірі. Себебі пияздың жарамдылық мерзімі жақындап қалғанын ескеру керек. Әрі сәуір айында пияздың тауарлық сапасы айтарлықтай нашарлайтыны белгілі. Жылдағы үрдіс бойынша сәуір айында отандық өнімді экспорттау мүмкіндігі күрт төмендейтіні ақиқат. Тұтынушылар қазір Тәжікстан мен Өзбекстаннан келетін пияздың жаңа өнімін тағатсыздана күтіп отырғанын ескерсек, елдегі қоймаларда сақталған пиязды шетелге арзан бағамен болса да жөнелту далаға лақтырып тастағаннан әлдеқайда пайдалы. Мысалы, қазірдің өзінде қазақстандық пиязға сұраныс азайып, ең төменгі бағамен саудаланып жатыр екен.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы өз тарапынан
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірге болашақта осындай жағдайлардың алдын алу тетігін пысықтап жатқан көрінеді. Экспорттық оператор вице-премьер Серік Жұманғариннің тапсырмасын орындау үшін дәстүрлі емес нарықтарға жеткізуді қоса алғанда, пиязды сатудың барлық мүмкін нұсқаларын қарастырып жатқан сыңайлы.
Бір айта кетерлігі, соңғы 5 жылда елімізде пияз өнімі 211,8 мың тоннаға артыпты. Бұл аталған көкөністің елімізде артық өндірілу дағдарысын туғызған екен. Қазақстандағы пияз өндірісі мен оны тұтыну динамикасына толығырақ тоқталсақ, 2019 жылы 916,2 мың тонна өндіріліп, 294,3 тонна пияз тұтынылған. Сол секілді 2020 жылы 993,5 мың тонна пияз жиналып, қазақстандықтар 298,1 мың тонна пияз тұтынған. 2021 жылы өндірілгені – 1 миллион 59 мың 600 тонна, тұтынылғаны – 302 мың 100 тонна. Бұрнағы жылы 1 миллион 114 мың тонна өндірілсе, 312 мың 100 тоннасы тұтынылған. Былтыр қазақстандық шаруалар алқаптардан 1 миллион 128 мың тонна пияз жинап алса, халықтың қажетіне 316 мың 300 тоннасы жарапты.
2023 және 2024 жылдары пияздың жоғары өнімділігі Қазақстанда, сондай-ақ көршілес елдерде де (Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан) байқалған. Нәтижесінде пияз бағасы 2023 жылдың мамырынан бастап біртіндеп төмендей бастаған.
Мысалы, Ресейде бөлшек сауда бағасы келісіне 413 теңгеден 160 теңгеге дейін, Өзбекстанда 300 теңгеден 107 теңгеге дейін төмендепті.
2022 жылдың басынан бастап 2024 жылдың ақпанына дейін Қазақстанда да, Ресейде де, Өзбекстанда да пияз бағасының төмендегені айқын байқалған. 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында көкөністің рекордтық төмен бағасы сезілсе, осыған ұқсас жағдай 2022 жылдың қаңтарында тіркеліпті.
Бағаның төмендеуі және пияз қорының жинақталуы импорттаушылардың 2023-2024 маусымдағы сұраныстың төмендеуі аясында артық өндіріске байланысты болғанын айғақтайды. Сондай-ақ өнімді қазақстандықтар үшін Ресей аумағы арқылы Балтық жағалауы мен Грузияға жөнелтуге логистикалық қиындықтар ықпал еткенін айта кетуіміз керек.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ шағын және орта бизнес кәсіпорындарына өңделген тауарларды экспорттауға, қазақстандық шикізаттық емес өнімді өткізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсететінін шаруалар біліп жүргені дұрыс. Біріншіден, бұл агросаладағы өнім өндірушілерге үлкен қолдау болса, екіншіден, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға тигізетін таптырмас амал. Себебі «QazTrade»-тің жалғыз акционері – ҚР Сауда және интеграция министрлігі.
Осы ретте айта кетерлігі, елдегі жиналған пияздың 70 пайызы біздің өңірде өсірілетіні. Өткен жылы облыста 24,4 мың гектарға пияз дақылы отырғызылыпты. Орташа өнімділік гектарына 284,6 центнерден айналған. Жалпы бұл дақылдың Әулиеата өңірінде көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға артқан. Сонымен қатар 1 гектардан алынатын өнім көлемі де өскен. Жамбылдық өнім Ресейдің қиыр шығысынан бастап, Еуропа елдеріне дейін экспортталады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.
Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Сушаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады», – деген еді.
Айта кету керек, пияз – суды ең көп қажет ететін өсімдік. Сондықтан шаруалардың дені қазіргі таңда су үнемдеу технологияларын қолдануда. Мысалы, облыста былтыр 24,4 гектар пияз алқабының 19 мың гектардан астамына жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісі қолданылыпты. Бұл өз кезегінде аз шығынмен мол өнім алуға кепіл болмақ.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала