Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қымыздан асқан дәм бар ма?

Қымыздан асқан дәм бар ма?
Ашық дереккөз
Қазір көзін тапқанға кәсіп көп. Мейлі ауылда тұр, мейлі қалада тұр, жұмыс істеп, ақша табамын десеңіз барлық жағдай бар. Таразда ұлттық тағамдарды саудалап, тірлігін дөңгелентіп отырған кәсіпкер отбасылар бар. Солардың бірі – Төлеген мен Әлия Өсерованың отбасы. Кәсіпкерлер жылқы, сиыр сүтінен тың әдіспен жасайтын өнімдерін «AMIR» атауымен ел игілігіне ұсынып келеді. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында кәсіп иелерімен жолығып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

 Тараз қаласының Ташкент көшесіндегі еңселі үйдің табалдырығынан аттаған кезімізде қышқылтым қымыздың иісі танауымызды қытықтап сала берді. Алдымыздан кең етек көйлекті жарасымды қамзолмен үйлестіре киген, ақ орамалын төгілтіп таққан Әлия Бақытжанқызы шығып қарсы алды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл іске кездейсоқ келмеген. – Жалпы қалада тұрсақ та тыным таппай, тіршілік етіп келе жатқан қазақтың біріміз. Бала-шаға қамы үшін сауда жасап, нәпақа таптық. Үйімізде мал сойып, етін саттық. Солай күнкөріспен жүргенде отағасы ауырып, сынаққа түстік. Дәрігерлер дерттің дауасы қарапайым саумал дегенде қуанып кеттік. Шұбаттың да шипасы бар деді. Үйімізде азын-аулақ малымыз бар. Ауылда өскен соң ба, өз қарамызды сауып, балаларға үйдің ағын беріп өсіргенбіз. Шайға қатуға дүкеннің сүтін алған емеспіз. Күйеуіме қымыз бен шұбатты қаланың арғы басынан жылыдай тасып беру қиын болды. Өзім көлік жүргізе алмаймын. Бірде «Төлеген, саумалды тасып ішу оңай емесін көріп тұрсың. Сиырды онсыз да саууды білемін. Жылқы алып, байлап көрсек қайтеді?» – деп жолдасыма ұсыныс жасап едім, бірден келісе кетті. Бие сүті расымен шипа беріп, жолдасымның беті бері қарай бастады. Саумал артылып қалатындықтан әрі денсаулыққа пайдалы болған соң сатып көре бастадым.

Алдында 1 бие сауып жүрсек, кейін олардың санын бесеуге жеткіздік. Біз секілді алыстан арбалауға қиналып жүргендер қалада көп екен, алымсақтарымыз көбейе бастады. Келе-келе саумалдан қымыз жасауды үйрендім. Сататын өніміміздің атауын «AMIR» деп немереміз Әмірдің атымен қойдық. Қазақта «Әмір» деген сөздің де мағынасы терең ғой, – дейді Әлия Бақытжанқызы. Әлияның қымызынан қанып ішкеннен кейін қайта айналып соқпайтындар кемде-кем. Күн сайын тұрақты тұтынушылары саумалға өздерінің ыдыстарын әкеліп тұрады. Құйып алып, үйлеріне апарып ішетіндері де бар екен. Одан бөлек қымызды той-томалақ, құдалыққа да алатындар көп. Кәсіпкердің сөресінде құр саумал, қымыз ғана емес, құрт-ірімшігі, тәттісі, басқа да дәстүрлі тағамымыздың түр-түрі тағы бар. Әлия Өсерова құрт сатуды бастамас бұрын ұзақ ізденіп, ұлттық тағамды ерекше дәмдеуіштер арқылы тұтынушыларға ұсынудың тың тәсілдерін ойластырады. Осылайша құрт тағамын шоколад, жалбыз, құлпынаймен араластырып, ерекше өнім дайындауға кіріседі. Кәсіпкер өзгеше дәмдеуіштер арқылы дайындаған өнімі алғаш сатылымға шыққаннан халыққа ұнай бастағанын айтады. Арнайы қаптамада дайындалған ерекше дәмге деген сұраныс толастаған да емес. – Қымыз бен саумалға келгендер құрт пен май сұрайды.

Ауылдардан құрт-май алып сатып жүрдім. Бірде «Instagram» желісінен түрлі-түсті құрттар сататын дүкенді көріп қалдым. Құрттары қызыл, жасыл, сары дегендей неше түрлі екен. Көрсең қызығасың. Тапсырыс берейін десем, бірден бірнеше қораппен алу керек екен. Не де болса көрейін деп алғыздым. Шыны керек, басында дәмін де көрмей саудаға шығара бастадым. Алымсақтар түріне қызығып алады. Бір күні дәмі қалай болды екен деп көрсем, Құдай кесір қылмасын, құрт деуге келмейді. Әдемі болып тұрған тек түрі екен. Халыққа ұсынуға ұялдым. Бағасы да арзан емес. Не керек, біраз қорап соңына қарай үгітіліп, сол күйі қалды. Есесіне мен ерекше құрттарды өзім дайындауға кірісе бастадым. Кәсібімді жолға қою оңай болған. Түрлі технологияны ойлап тауып, ерекше құртты дайындап шығаруға 2 жыл уақытым кетті. Оның формасын жасау да қиын болды. Бүгінде құрт өнімін бірнеше түрлі дәммен дайындаймыз. Атап айтқанда, ақ шоколад, банан, алма, құлпынай, жалбыз, асқабақ секілді ерекше дәм татитын құрт шығарамыз. Бәрі де табиғи құрт дәмімен ерекше үйлесім тапқан.

Бұрынғы апа-әжелерімнің әдісімен «Мәйек ірімшікті» дайындаймын. Сондай-ақ тарыдан жасайтын «Чизкейк» те көп сұраныста. Қыздарым тұрмыста, кішісі оқуда. Сондықтан да алдағы уақытта қолғабыс етер көмекшілер алып, кәсіпті кеңейтсек деген ойымыз бар, – деген жоспарымен бөлісті кәсіпкер. «Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деп атам қазақ бекерге айтпаған. Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов та ұлттық тағамның ұлт саулығына пайдасы жайлы: «Ұлттық тағамымыз бірінші қанға, жүрекке, ми жұмысына жақсы жағынан әсер ету керек. Қазақтың ұлттық тағамдары дегенде құрт-ірімшік, сүрленген ет ойымызға оралады. Олардың барлығы денсаулығымызға пайдалы. Мәселен, қымыз адам денсаулығына өте пайдалы, ол адамның шаршауын ұмыттырып, көңіл күйін көтереді. Қымыздың құрамында адамға рақат сыйлайтын дәрумендер бар. Тіпті орыс жазушысы Лев Толстой көңілі құлазыған сәттерде апталап қымыз ішіп жататын болған екен», – дейді. Осылайша батпандай бейнетіне қарамай, ұлттық тағамдарды дәріптеп отырған отбасының кәсібіне біз де табыс тіледік.

Айжан Өзбекова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар