Керімхан Қалмаханұлы 1958 жылы 27 шілдеде Байзақ ауданының Үлгілі ауылында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 1979-2008 жылдары қызмет атқарған. Еңбек жолында қаншама адамды аман алып қалып, талай мәрте ерен ерлігімен көзге түскен. Ажалмен бетпе-бет келген тұстары да аз емес. ... 1993 жылдың 23 қазаны. Таңғы сағат 07:37 шамасында өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы «Тұлпар» акционерлік қоғамының кір жүндерді сақтайтын қоймасында өрт шыққаны жөнінде хабар түседі. Көрсетілген мекенжай бойынша өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары, сондай-ақ өрттен қорғау бөлімінің офицерлер құрамы жұмылдырылады. Хабар алысымен жолға шыққан өрт сөндіру командасы оқиға орнына жеткенде қызыл жалын өршіп кеткен еді. Өрттің болғанын кеш хабарлағаны, қоймадағы жүннің шамадан тыс көп болуы, су қысымының қажетті мөлшерде болмауының салдарынан өрт аумағы 2500 шаршы метрге жетеді. Тіпті қойманың үстіңгі жабынының бір бөлігі жерге құлап түседі.
Осылайша жеке құрамға 10 сағат бойы өртпен алысуға тура келді. Майор Леонид Куликовских, майор Керімхан Архабаев, майор Ким Юрий, аға лейтенант Есен Кетебаев, прапорщик Талғат Исақов, прапорщик Аман Оразғұлов, прапорщик Ерментай Раймқұлов, старшина Юсуп Бешли-Оглы, кіші сержант Бекмұрат Сұраболдиев және басқа да өртсөндірушілер қолқаны қапқан түтін мен жүн-журқаның аралас иісіне шыдай жүріп, бар күштерін сала өрттің келесі ғимаратқа өтуіне жол бермеді. Келесі тәулікте жеке құрам үйінділер мен бықсып жанған жүннің арасын ашып, ондағы сөнбей қалған шоқтарды сөндірумен айналысты. Өртсөндірушілердің тынымсыз еңбегінің арқасында тілсіз жау ауыздықталып, едәуір жүк өрттен аман қалды және басқа қоймаларға жалынның өтіп кетуіне жол берілмеді. 2000 жылдың 26 наурызында таңғы сағат 05:00 шамасында өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне қаладағы газ толтырғыш стансада ақау шығып, өрт шыққаны жөнінде хабар түседі. Мұндай сәтте сәл ғана кешігудің өзі орны толмас қайғыға әкеледі. Оқиға орнына жедел жеткен кезекші өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары Керімхан Архабаев цистернаға жалғанған шлангадан жалын шығып жатқанын көреді. Жалынға жақындаудың өзі қорқынышты.
Сөйтіп, жан-жаққа барлау жасап, тез арада шешім қабылдайды. Станса аумағында әрқайсысы сыйымдылығы 10 тонна болатын 28 цистерна орналасқан екен. Ақау шыққан жерге жақындаудың өзі қиын. Бір ғана амал – ажыратқыш қақпаны жауып үлгеру қажет. Жарылыс болған жағдайда маңайдағы үйлер отқа орануы әбден мүмкін. Жағдайдың ушығып кетерін сезінген Керімхан Архабаев тәуекелге бел байлап, қақпақты жабуға тырысады. Екі рет ұмтылып, қақпағын жаба алмайды. Жапқаны қысыммен ашылып кете берді. Ыстық жалын шарпып, күйдіріп жібере жаздайды. Сонымен не керек, «ер кезегі үшке дейін» деген ол үшінші мәрте бар күшімен киіз орап, ақау шығып тұрған қақпақты жабады.
Сонда ғана жалын ауыздықталды. Ал оттың шығу себебі – стансадағы күзетшілер үнемі осылай газ ұрлап жүрген екен. Кезекті рет газ ұрлап жатқан кезінде шланга қолдарынан шығып кетіп, соқтығысу салдарынан ұшқын шығып, арты алапат өртке айналған. Тағы бірде «Жамбыл» стансасындағы теміржол бойында тұрған жанармай тасымалдайтын цистерналардың бірінен өрт шығады. Кезекті төтенше жағдай кезінде де Керімқұл ерлігімен көзге түседі. Өртсөндірушілер келгенде қақпағы ашық цистернаның аузынан от будақтап шығып жатады. Бір ғана амал – қақпақты жауып үлгеру. Сол кезде Керімхан Архабаев қақпақты жабуға әрекет жасап, ақыры дегеніне жетеді. Кейін анықталғандай, бензин ұрламақшы болған ұрылардың іс-әрекетінің салдары өртке ұласқан екен.
Керімхан Қалмаханұлының әр жылдардағы ерлігі ескерусіз қалмады. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Өртке қарсы қызметтің үздігі» төсбелгісімен, «Ерлігі үшін» медалімен «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне – 20 жыл», «Өртке қарсы қызметіне – 100 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапатталған.
САХИ ӘБІЛҚАЙЫРҰЛЫ,
ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ АРДАГЕРІ