– Арман Құмарұлы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болып тағайындалғаныңызға екі айға жуықтады. Сұхбатымызды көпшілікке беймәлім өмір жолыңыздан бастасақ... – 1979 жылы 16 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Топтерек ауылында дүниеге келдім. 2001 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Табиғатты пайдалану экологиясы» мамандығы бойынша, 2004 жылы «Қайнар» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірдім. Бұған дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі орталық аппаратында еңбек еттім. Одан бөлек бірқатар облыста төтенше жағдайлар департаменттерінде әртүрлі басшылық лауазымдарда болдым. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді дана халқымыз. Сол айтпақшы, алға қойған мақсаттарымыз ауқымды. Атқарылатын жұмыс көп. Басты мақсатым – сөзбен емес, нақты іспен саланың дамып, өзекті мәселелерінің шешілуіне үлес қосу жолында аянбай еңбек ету. – Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік жүгі салмақты екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте қызығына қарағанда қиындығы көп салада қызмет атқарғысы келетін азаматтардың бойында қандай қабілеттердің болғаны жөн? – Өзге адамдардың өмірін құтқаратын адам тез арада шешім қабылдай білетін, қиындыққа төзімді, физикалық мықты, эмоционалды тұрғыдан салмақты, жігерлі адам болуы қажет.
Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда өз мүддесінен гөрі халықтың амандығын биік қоятын құтқарушылардың табанды еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ақпан айында қыс қатты болып, қар құрсауынан 100 шақты адам құтқарылды. Желтоқсан-қаңтар айларында Қордай мен Шу аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Тізбелей берсек, мұндай оқиғаларды санап тауыса алмаймыз. Сондықтан өзіңіз айтып өткендей, жауапкершілігі мол салада денсаулығында еш кінәраты жоқ азаматтар еңбек ете алады. – Әр мезгілдің ерекшелігіне байланысты табиғат тосын мінез танытып жатады. Қыста қар көшкіні, боран, көктемде сел, су басу сынды мәселелермен бетпе-бет келесіздер. Қазіргі таңда өңірде су тасқынынан қандай да бір қауіп бар ма? – Облыс аумағындағы елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен, тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр суларынан орын алуы ықтимал. Бүгінгі таңда су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынды. 2 (Сарыкемер ауылы және «Здоровье» саяжайы) елді мекеннің қаупі төмендетілді. Су басуға бейім 6 елді мекен қалды. Аталған елді мекендерді су басу қаупін «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру арқылы төмендету жоспарлануда. Жол картасына жалпы 3 миллиард 400 миллион теңге бөлініп, Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 25,2 шақырымның 23,7 шақырымы, яғни 95 пайызы атқарылды. Жұмысты толық аяқтау 2024 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр. Сонымен қатар каналдар, арықтар, су өткізу құрылыстары, автомобиль жолдары және теміржол көпірлері тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Өңірдің елді мекендерінде су басудың алдын алу үшін 3 500 текше метр қар шығарылды. Облыс аумағында 141 гидротехникалық құрылыс болса, 18-і республикалық, 115-і коммуналдық және 8-і жекеменшікте.
Өткен жылдың ақпан айында «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы және «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізді. Нәтижесінде «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің меншігіндегі 24 суқоймаға ағымдағы жөндеу жүргізу қажеттігі анықталды. 2023 жылы 14 гидротехникалық құрылысқа жергілікті бюджеттен 67 миллион 615 мың теңге бөлініп, ағымдағы және қайта құру жұмыстары жүргізілді. – Алдын ала қар, жауын-шашын болжамы қалай жасалатынын түсіндіріп өтсеңіз... – «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Күнделікті дағдарыс жағдайлары басқармасының электрондық поштасына әр күнге арналған ауа райы болжамы түсіп отырады. Сонымен қатар әр үш сағат сайын дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісі «Қазгидромет» филиалының диспетчерлерінен ауа райындағы өзгерістер жайлы нақты мәліметтер алып отырады. Дауылдық ескертулер бойынша дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісі халықты құлақтандыру үшін ұялы байланыс операторлары арқылы SMS, «Дармен» қосымшасы арқылы хабарламалар таратады. Сондай-ақ азаматтық қорғаудың барлық бөлімшелері мен тиісті ұйымдар мен мекемелерге таратылады. «Қазгидрометтен» күнделікті ауа райы болжамынан бөлек, апталық және айлық ауа райы болжамдары да түседі.
Осы арқылы ауа райындағы өзгерістер жайлы алдын ала болжамдар жасауға мүмкіндік туады. Ал ақпаратты уақытылы алудың нәтижесінде төтенше жағдай аумағына күштер мен құралдарды дер кезінде жұмылдыра аламыз. – Жанар-жағармай стансаларының халық көп шоғырланған жерлерде орналасуы – көпшілікті алаңдататын мәселенің бірі. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, бұл тұрғындарға қауіпті емес пе? Алда-жалда өрт шығу қаупі төнсе, зардабын қарапайым тұрғындар тартпай ма? – Облыс бойынша 26 мұнай базасы және 300 жанар-жағармай қоймасы есепке алынған. Олардың өрт, өнеркәсіптік қауіпсіздігі жағдайына үнемі мемлекеттік инспекторлар тексеру жүргізу арқылы қатаң бақылауға алған. Егер тексеру кезінде бұл объектілерде қауіпсіздік шаралары бұзылған жағдайда заңмен белгіленген тәртіп бойынша тиісті шаралар қаралады. Сонымен қатар бұл санаттағы объектілер өрт туралы бірінші хабар түскенде жоғары дәрежелі шақыру бойынша күштер мен құралдар жіберілетін нысандар тізіміне енгізілген.
Егер өрт оқиғасы тіркелген жағдайда оны уақытылы жоюға өртке қарсы қызметтің толық мүмкіндігі бар. – «Апат айтып келмейді» демекші, кеңес ретінде облыс тұрғындарының жылдың төрт мезгілінде қандай қауіптен сақтанғаны жөн екенін айтып берсеңіз... – Әрине, төтенше жағдайлардың орын алуы маусымдық климаттық жағдаймен тығыз байланысты. Атап өтсем, қысқы мезгілде жолдың жабылуынан, қардың көп түсуінен, қар көшкінінен түрлі қиындықтар туындайды. Ал көктемгі мезгілде қардың еруінен, жауын-шашын мөлшерінің көп болуы, жазғы кезеңде табиғи өрттің өсуі және Конго-Қырым қанды безгегінің өршуі, күз мезгілінде жылыту маусымының басталуымен тұрмыстық өрттің күрт өсуі және басқа да төтенше жағдайлар орын алу қаупі бар. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Отпен ойнама!
Ұқсас жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024