Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамнан қолдау күтетін әйелдер аз емес

Қоғамнан қолдау күтетін әйелдер аз емес
Ашық дереккөз
«Әйел – үйдің берекесі» деген сөз бар халық даналығында. Бірақ бүгінде айналамызда берекесі қашқан отбасылар жетерлік. Мұны әйелдің ақылсыздығынан деуге болмайды. Қазір заң басқа, заман басқа. Қанша жерден «Еркек түздің, әйел үйдің адамы» десек те гендерлік саясат, гендерлік теңдік адамдарды жынысына қарамастан барлығының құқықтары мен мүмкіндігін бірдей қарастырады. Білім алып, елге қызмет етуде, тіпті Отан қорғау ісінде де әйелдер ерлермен бірдей қызмет атқарады. Бүгінде күйеуін алдына салып қойып, өзі артына жасырынатын нәзікжандылар некен-саяқ. Егер әйелі ақылға салып, бабалар айтқандай, өзін отағасынан бір саты төмен ұстамаса, мына заманда әйеліне «Мен тұрғанда сен кімсің?» дейтін еркектің ісі – қателік. Отбасылық ұрыс-керіс пен дау-дамайдың бірі осындай талас-тартыстан туса, тағы бірінің күйеуі ішкілікке салынып, жалған намыспен әйеліне қол көтеруі мүмкін. Үйіне күнде ішіп келетін еркек өз қадірін өзі қашыратынын, ағайынның да, бала-шағаның да алдында абыройдан жұрдай болатынын ескеруіміз керек.

Жалпы отағасының қиыс кеткен жерін түзеп, жағдайының бар-жоғын білдірмейтін, бала-шағаның бақыты үшін түрлі қиындықпен алысып келе жатқан ақжаулықтыларға бас июіміз керек. Сонымен қатар қоғамда қосағымен қоса ағарып, үй болуды ойлаудың орнына түздегі қызыққа көз сүзетін әйелдер де жоқ деп айта алмаймыз. Жоқ жерден байып кеткісі келіп, өз түйсігіне өзі малданып, айдаладағы біреуге сеніп, ақ теріні көк тері қылатын келіншектер де бар. Ері тұрғанда өзім білеміндікке салынудың соңы кей отбасының ойранын шығаратыны белгілі. Мәселен, биылғы қыстың қақаған аязында Байзақ ауданынан Бану Нұрғалым есімді (аты-жөні өзгертілді) келіншек үйінен қашып шығып, 4 баласымен облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығын паналаған. Оны заңды некедегі күйеуі және енесі ұрып-соғып, көгала қойдай етіп сабаған.

Түрінен-түр, денесінде сау тамтық қалмаған кейіпкеріміз 4 баласымен орталыққа жергілікті полиция қызметкерінің жол бастауымен келіпті. Балаларының ең кішкентайы 1 жаста болса, қалғаны одан шамалы жасқа ғана үлкен. Ол үйдегі ұрыс-керістің соңы айқай-шумен аяқталуына әу баста отбасылық қаржылық жетіспеушілік себеп болған екен. Банудың айтуынша, күйеуінің аздап ішкілікке әуестігі бар. Бір үйде екі келін тұрып жатқандықтан оны енесі де аса жақтыра бермейтін көрінеді. Материалдық жетіспеушілік, қысылып-қымтырылып өмір сүруден шаршаған кейіпкеріміз бір күні «көпбалалы аналарға кәсіп ашу үшін жергілікті мансап орталықтары арқылы қайтарымсыз қаржы беріледі» деген ақпаратты естиді. Сөйтіп, грантты алуға өз бетінше әрекет ете бастайды. Негізі грантты алу үшін алдымен Байзақ аудандық мансап орталығына қайырылып, мамандардан кеңес алуы керек болатын.

Ал орталық мамандары Банудың оқыту курсынан өтуі керектігі, қолына «оқыды» деген сертификат алғаннан кейін тиісті комиссияның алдында бизнес-жоспарын қорғайтыны туралы кеңес беретін еді. Бизнес-жоспары сәтті қорғалса, мемлекет тарапынан тиісті грант берілуі тиіс. Ал Бану мұның бірін де жасамай, отбасы мүшелеріне де, күйеуіне де айтпай, астыртын әрі заңсыз қайтарымсыз қаржыға қол жеткізуге талпынады. Арам ойының жетегімен танымайтын біреуге сенім артып, оған бір танысынан қарыз ақша алып берген. Сенген адамы алдап кеткен соң қарызын қайтарып беру үшін микроқаржы ұйымдарынан жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарызға тағы да ақша алады. Күн сайын қосылған өсімпұл есебінен алған қарызы ұлғая түседі.

Одан бөлек көрінген танысынан қарыз алып, жалпы берешегі 1 миллион теңгеден асып жығылады. Кейін жағдайды естіген күйеуі қарызының біразын жабады. Әйелінің қолындағы 4 балаға берілетін жәрдемақы түсетін банк карточкасын «сенен қайран жоқ» деген желеумен тартып алады. «Балалардың ақшасында нең бар, оларды мен тудым» деген қарсылық кикілжіңге ұласып, оның соңы үлкен жанжал туындатып, енесі мен күйеуі ақыр соңында келінді өлімші етіп сабап тастайды. Бану жоққа көндіге алмаса, бүйректен сирақ шығармай тып-тыныш отыруы керек еді. Ажырасып кетуге ары шыдамаса, өз бетінше күн көріп кете алатынына сенбесе, ағайын-туысты жинап, мәселені солар арқылы шешуге тырысқанда іс насырға шаппас па еді? «Қой» деудің орнына ененің де екіленіп, келінге қол көтеруіне қарағанда Банудың бұдан да басқа қисынсыз істері болуы мүмкін.

Жалпы мұндайда «пәлен» деп айтуға болмайды. Бір жағынан, күйеуінікі де дұрыс емес. Қазіргі уақытта жон арқасына қамшы тисе, қалпына түсетін әйел жоқ. Қайта өшіктіріп алатынын әр еркек ұмытпауы тиіс. Ал адамдыққа келетін болсақ, егер әйелдің үй болуға ниеті болмаса, іс-әрекеті отбасылық ұстанымға, ұлттық құндылыққа, дәстүрге, түсіністікке кереғар келсе, онда еркіне қоя беру керек. Ашуға мініп, өзін-өзі ұстай алмайтындар, мейлі ол еркек, мейлі әйел болсын бірінші қол көтеретін болса, ол заң алдында жауап береді. Бануға облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы тиісті бағыттар бойынша дер кезінде көмек көрсете отырып, оның құқығының қорғалуына да атсалысты. Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қаралған сотта Бану «4 баламның әкесі ғой» деп күйеуіне кешірім береді. Осылайша іс медиация тәртібімен қысқартылады. Дегенмен іштегі өкпе-реніш Бануды сол кезде отбасына қайта оралуға асықтырмайды.

Артынша алимент өндіру бойынша сот бұйрығы шығады. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа заңды некені бұзу туралы талап-арыз жазылады. Қайта судьяға рақмет! Ол білместікпен әйелдің жаза басуы, ашудың соңы осындай жағдайға жеткізуі секілді басқа да мәселелерді ескере отырып, отбасын сақтап қалу үшін 1 айға дейін екі тарапқа татуласу мүмкіндігін беріпті. Орталықтың да басты міндеті – зорлық-зомбылық құрбандарына араша түсу, шырқы бұзылған отбасын шамалары жеткенше сақтап қалу. Соның нәтижесінде Бану балаларымен бірге жолдасымен, енесімен татуласып, Наурыз мерекесі қарсаңында үйіне оралған екен. Міне, әу баста мәселені ың-шыңсыз шешудің жолы қарастырылмағандықтан бұл отбасы біршама жайсыздықты бастан өткерді. Осы оқиға ілінісіп, зорға жүрген ерлі-зайыптыларға сабақ болуы тиіс. Бүгінде отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қаузалмай, шаңырақты сақтаудың жолдары түсіндірілмей, зорлық-зомбылықсыз өмір сүру насихатталмай жатыр дей алмаймыз. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар «елім, ұлтым» деп күн кешетіндерді алаңдатпай қоймайды.

Бұл тұрғыда мемлекет те, қоғамдық ұйымдар да отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына араша болуды күн тәртібінен түсірген емес. Жапа шеккендердің көбісінің көзі ашық болса да көрген құқайын құқық қорғау органдарына жеткізуден ұялып, бас тартып жатады. Қазіргі заң бойынша полиция қызметкерлері түскен шағым бойынша ғана жұмыс істемей, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Тіпті ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар немесе әйелдердің құқығын қорғауға барын салуда. Сонымен қатар қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты азайтуға және жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Адамның ең басты құндылығы – бостандығы. Ол бала немесе әйел болсын үйде де, түзде де оларға ешкім әлімжеттік жасамауы керек. Ер адамдар үшін қандай жағдайда болмасын әйел адамға қол көтермеу, отбасының берекесін алмау, мәселені ақылмен шешу жайлы тиісті ықпал қоғам тарапынан жасалып жатса да мұны ескермей жүргендер жетерлік. Мәселен, біз сөз еткен орталықтың көмегіне өткен жылдың 1 шілдесінен бастап бүгінге дейін 44 әйел, 124 бала жүгініпті. Осы уақыт аралығын таңдап алуымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені былтыр шілде айынан бастап ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Әйеліне бір мәрте қол көтерген адам енді полицияның алдында ақтала алмайды. Олар заң бойынша болған жайтты қағаз бетіне түсіре отырып істі сотқа жолдайды.

Әйелі райынан қайтып, «жаздым-жаңылдым» деп тұрса ғана сот бір мәрте кешірім береді. Одан кейін осы құқықбұзушылық тағы қайталанса, тиісті жаза тағайындалады. Сол үшін әйелдікі дұрыс болмаса, ер- азаматтар да босқа күйіп кетпес үшін мәселені ақылмен не заңмен шешуге ұмтылу керек. Облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Гүлхан Тұрсымбаева заң қанша жерден қатайтылса да қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұрғанын жеткізді. – Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына араша сұрап келетін әйелдер мен балалар жетерлік.

Орталықтың көмегіне жүгінгендерге бекітілген стандартқа сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық сияқты 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болып, эмоциялық зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға ұшыраған қызмет алушыларға (әйелдер мен балалар) мамандар кеңесі беріліп, уақытша жатын орынмен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Олар орталықты 6 ай мерзімге дейін паналай алады. Мамандар қызмет алушылардың оңалуы мен әлеуметтік бейімделуіне көмектесіп, қолдау көрсетеді.

Отбасылық дау-жанжал, ұрыс-керіс барысында әйелдің, баланың, қарияның жапа шегетіні белгілі. Әсіресе әйеліне күн көрсетпейтін ер адамдар жетерлік. Осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдап, бұл жөнінде биік мінберде сан мәрте ой қозғағаны да белгілі. Соның арқасында былтыр шілде айында тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Алайда әйеліне әлімжеттік жасайтындардың қарасы әлі де азаяр емес. Біздің көмегімізге мұқтаждар уақыт өткен сайын көбеюде. 2023 жылы орталыққа 160 адам қабылданып, 155-і шықты. Оның ішінде 43-і әйел, 112-сі бала. Отбасына косылғандар 61 болса, оның ішінде 16-сы ақжаулықты, 45-і жасөспірім. 8 отанасы мен 15 жеткіншек үйіне оралды.

Жалдамалы пәтерге 11 әйел, 27 бала бөлек шықты. Уәкілетті органдардың бағалаушы мамандары келген уақытқа дейін өз еркімен шыққандар саны 13 болса, оның 10-ы бала. Басқа дағдарыс орталығына ауысқандар – 17, төртеуі әйел. Мемлекет тарапынан 1 әйел, 5 бала уақытша баспанаға ие болды. 1 қызмет алушы жеке кәсіпкерлердің ұйымына жұмысқа орналасты. 2 әйел 4 баласымен 2016 жылғы 16 желтоқсандағы №1079 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартының II тарау 13- бөлімінің 1-тармақшасына сәйкес келмеуіне байланысты орталықтан шығарылды. «Үміт» балалар үйі балабақшасына 3 кәмелеттік жасқа толмаған бала жіберілді. №10 орта мектепке 24 бала орналасты. 2023 жылы орталықта орын болмағандықтан 272 адам қабылданбады.

Оның ішінде 101-і әйел, 171-і бала. 2014-2023 жылдар аралығында сенім телефоны арқылы 1 887 азаматшаға кеңес берілді, – деген Гүлхан Несіпбайқызы орталықтың аудандардағы кабинеттері арқылы жергілікті жердегі зорлық-зомбылыққа қатысты кеңес алушыларға көрсетілетін қызмет түрлерін де сөз етті. Қызмет алушылардың санының өсуіне байланысты орталықтың қызмет ұсыну мүмкіндігі де ұлғайтылып жатыр екен. – Қордай ауданында да тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы осыдан 4 жыл бұрын 15 төсек-орын болып ашылса, былтыр қаңтар айында тағы да 6 төсек қосылып, қайта жасақталды. 2017 жылы Шу аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеті ашылып, осы уақытқа дейін ондағы сенім телефонына 763 азаматша хабарласса, 829-ы кеңес беру кабинеті мамандарының көмегіне жүгінді. Сол секілді Тараз қаласынан бастап барлық аудандарда кеңес беру кабинеттері тиісті жұмыстарды үздіксіз атқаруда. Жалпы 2014 жылдың қазан айынан 2024 жылдың 25 наурызына дейін орталыққа 1 243 қызмет алушы қабылданды. Оның 377-сі әйел, 866-сы бала.

Орталық 2014 жылы 25 төсек-орын болып ашылып, алайда қызмет алушылар санының көптігіне байланысты жатын орын 2018 жылы 27 төсек-орынға ұлғайтылды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының былтырғы бұйрығына сәйкес осы жылдың наурыз айынан бастап орталықтың төсек-орын саны 51 орынға көбейді. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсетуде қызмет алушыларды барынша қамту мақсатында қабылданған шешім. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 3 әйел 11 баламен қабылданды. Қазіргі таңда орталықта 6 әйел, 24 бала қызмет алуда. Осы ретте әр адам өз отбасының берекесін ойласа, әйел де, еркек те отбасылық құндылықтар мен бабалар нақылын қаперде ұстап, бір-біріне сый-құрметпен қарап күн кешсе деген тілегім бар.

Сонда ғана отбасылық ұрыс-керіс саябырсып, орталықты паналаушылар да азая түсер еді, – дейді Г.Тұрсымбаева. Ал орталықтың заңгері Айдана Биғабылованың айтуынша, жылдың 3 айында қызмет алушыларға құқықтық көмек көрсету барысында бірқатар азамат жәбір көрсетуші ретінде заң аясында жауапқа тартылыпты. – Жайшылықта байқала бермейді ғой. Ал басына іс түскендердің тірлігіне араласқанда қоғамнан қолдау іздейтін әйелдердің аз емес екенін көріп, жаның ауырады. Орталықта көрсетілген әлеуметтік-құқықтық қызмет түрлеріне тоқталсам, әкімшілік іс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазылған арыздардың ішінде 1 іс сот отырысына жолданып, қызмет алушы отағасына кешірім берді. Осылайша медиация тәртібінде қаралған іс қысқартылды.

Біреуінің күйеуі 15 тәулікке, тағы бірінікі 5 тәулікке қамауға алынды. 1 қызмет алушының заңды некедегі жолдасына денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiруіне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-тармағына сәйкес іс қозғалды. Осы жылдың қаңтар айында Тараз қалалық №2 сотында күдікті өз кінәсін толық мойындап, кінәлі деп танылды. Осылайша оған 3 жыл 6 айға дейін жазасын орташа деңгейдегі түзету мекемесінде өтеу туралы сот үкімі шықты. Наурыз айында осы іске қатысты жазасын жеңілдету туралы облыстық сотқа жазасын өтеуші арызбен жүгінді. Іс қайта қаралып, жазасын жеңілдету туралы арызы қанағаттандырылмады. Қазіргі таңда Жоғарғы сотқа жүгінуде. 5 қызмет алушының «Неке бұзу туралы» жазған талап-арызы соттың іс жүргізілуіне қабылданып, азаматтық істі қозғау туралы сот ұйғарымымен таныстырылды. Ол облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сұхбаттасуға және алдын ала сот отырыстарына қатыстырылды.

Отбасын сақтап қалу үшін судья татуласуға мүмкіндік беріп, істі 1 ай мерзімге дейін ұзартты. 2 қызмет алушының «Неке бұзу туралы» талап қоюы қанағаттандырылып, некесі сот шешімімен бұзылды. 5 қызмет алушының «Сот бұйрығымен алимент өндіру туралы» арыз бойынша сот бұйрығы шықты. Сот орындаушыларына арнайы есепшоттары өткізілді. Екі әйелдің бала 3 жасқа толғанға дейін асырып-бағу үшін алимент өндіру туралы жазған талап-арызы соттың іс жүргізуіне қабылданып, азаматтық істі қозғау туралы сот ұйғарымы шықты. Ол сотқа сұхбаттасуға және алдын ала сот отырысына қатыстырылды. Бір ақжаулықтының талап-арызы қанағаттандырылып, бала 3 жасқа толғанға дейін асырап-бағу үшін алимент өндіру туралы сот шешімі шықты. Тағы бір қызмет алушыға азаматтық істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау үшін «Алимент өндіру туралы» жазылған талап-арызы бойынша сот ұйғарымымен таныстырылды. Бір азаматшаның баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы жазған талап-арызы сотқа іс жүргізуге қабылданды.

Ол Алматы облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына онлайн түрде сұхбаттасуға және алдын ала сот отырысына қатыстырылды. 1 қызмет алушының үй жағдайында босанған баласының тегін анықтау үшін «Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы» арызы жазылып, соттың іс жүргізілуіне қабылдау туралы ұйғарыммен таныстырылды. Қазіргі таңда іс жабық түрде сот өндірісінде қаралып жатыр. Сондай-ақ 2 қызмет алушының 2017 жылы және 2019 жылы шығарылған алимент өндіру бойынша сот бұйрықтарының дубликатын алу үшін «Сот кабинеті» арқылы Тараз қалалық сотына және Жамбыл аудандық сотына өтініш жолданды. Нәтижесінде алимент өндіру туралы сот бұйрығының дубликаттары алынды. «Жеке сот орындаушылар палатасына» алиментті қайта өндіру туралы 3 қызмет алушының арызы жазылды. Қазіргі уақытта жеке сот орындаушы істі өндіріске алды, – деді А.Биғабылова. P.S: Қазір қатайтылған заң әйеліне күш көрсетушілерді тайраңдатып қоймайды. Жауапқа тартылған адам жоқ дегенде 10-15 күн қамауда жатуы мүмкін. Үйінде жиі шу шығатын отбасындағы еркектер кісілік болмысты айтпағанда, ең болмаса заңның күші қатты екенін қаперде ұстағаны жөн.

НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар