3 қараша күні Түпқараған ауданының Баутино ауылындағы теңіз жағалауында итбалық өлекселерінің табылғаны жөнінде тұрғындар хабарлаған.
Осыған байланысты облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Форт-Шевченко және Баутино маңындағы теңіз жағалауынан су сынамаларын алып, талдау жұмыстарын бастаған.
Ал Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп жүргізілген мониторинг барысында Асан елді мекенінен Баутино мүйісіне дейінгі аралықта 112 Каспий итбалығының өлексесі анықталды.
Атап айтқанда:
Асан ауылынан Форт-Шевченко қаласының жағажайына дейін – 39,
Форт-Шевченко қаласының жағажайынан Баутино мүйісіне дейін – 73 итбалық өлексесі табылған.
Оқиға туралы ақпарат 3 қараша күні №254752030001133 нөмірімен «112» бірыңғай кезекші қызметіне хабарланған.
Қазір экология департаменті мен тиісті сала мамандары итбалықтардың жаппай қырылу себебін анықтау бағытында зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кету керек, Каспий итбалығы – Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген, ерекше қорғауға алынған жануар.



