«Екі жас жарасса, қалған бақытқа екеулеп жетеді» деген көзқарас көзден бұлбұл ұшты десек, еш қателеспейміз. Біріне-бірі сүйсіне қарайтын бақытты отбасының біз білмейтін сыры бар. Одан бөлек сырты бүтін, іші түтін отбасы да жетерлік. Қу құлқынның қамы үшін демей-ақ қояйық, бала-шағаның болашағы үшін күйеуінің зорлық-зомбылығына көз жұмып, барлық қорлыққа шыдап, сырт көзге бақытты көрінетін аналар аз емес. Ертеңгі ізбасары болатын ұрпағына рухани тәрбие беруі тиіс азаматтарымыз баланың болашағын, отбасының жан сырын өзгенің қаңсығына айырбастап жіберіп жатыр. Статистикалық мәлімет бойынша, әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет болса да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қылмыстық істерге сүйенсек, ең қанқұйлы оқиғалар қарапайым отбасылық жанжалдардан басталады.
Әйеліне күн көрсетпейтін еркектің балаларына да зорлық жасайтыны өмірде кездесетін жайт. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегендей, осының бәрі қолдан келетін өнердің, істейтін жұмыстың жоқтығы мен ішкілік ішіп, наша шегу, жаман жолға түсу секілді келеңсіздіктен болып отырған іс. Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арнайы заң қабылданып, зорлық көрсетушілердің қалай жазаланатыны туралы арнайы баптарда тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында отбасы мен балаларға көмек көрсетуге қатысты жүйелі жобалар да қолға алынуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселені республикалық БАҚ арқылы да, Жолдауларында да көтеріп жүр. Бүгінде әлімжеттік көрсетушілерге қатысты жазаның қатайтылуы бекер емес. «Сабыр түбі – сары алтын» деп әйелдер қауымы қиындыққа төзіп, қорлықта күн кешуі дұрыс емес. Бүгінгі көрген қорлық ертең сол әйелдің араға жылдар салып жүрегіне қаяу, самайына ақ түсіріп қана қоймай, денсаулығына кінәрат, тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әйелдерге әкіреңдейтін еркектерді бір мәрте болса да заң арқылы тәубесіне түсіріп қою артықтық етпейді. Ең бастысы, әйел өзінің отбасы мен бала-шағасы, күйеуі алдындағы міндетін адал атқарып, нақақтан-нақақ қорлық көрсе, заң алдында құқығын қорғаудан арланбауы керек. Айсұлу САДУАҚАС, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті
Айсұлу Садуақас, М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
4-курс студенті