arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АРАБ ЖАЗУЫ БАР ҚЫШ ҚҰМЫРА

АРАБ ЖАЗУЫ БАР ҚЫШ ҚҰМЫРА
ашық дереккөз
АРАБ ЖАЗУЫ БАР ҚЫШ ҚҰМЫРА
Тарихи жәдігерлер – халықтың қазынасы. Тарихымыздың алтын діңгегі Тараз қаласының ортағасырлық қыш өндірісінің дамуында, таралуында, түрлі стильдің қалыптасуында ықпалы өте зор болды. Қыш өндірісінің жекелеген түрлерінің тоқтаусыз жақсаруы мен стандартты түрлерінің пайда болуы жалатпалы қыш өндірісінің қалыптасуына әкелді. Тараздың жалатпалы қыш ыдыстары құрамында басқа қоспалар қосылмаған саздан жасалды. Жоғары сападағы түстердің қанықтығымен, өрнектердің ерекше көркемдігімен әрі жақсы орындалуымен ерекшеленді. Ою-өрнек мотивтерінің сюжеті бойынша тараздық қыш ыдыстарды сәндеудің сызықтық-геометриялық, өсімдік, эпиграфиялық және зооморфтық сынды төрт түрлі тобын атауға болады. Аталған топтардың арасында эпиграфиялық өрнектегі жалатапалы қыш ыдыстар музей қорында көптеп кездеседі. Ыдыстарда қарапайым куфиден бастап, стилі қалыптасқан араб жазуымен жазылған мәтіндер ұсынылған. Араб жазуларында көбінесе Құранның үзінділері мен игі тілектер мағынасындағы мәтіндер берілген. Эпиграфиялық өрнектегі ыдыстар ортаазиялық қалаларда Х-ХІІ ғасырларда өте кең таралды. Таразда бұдан ерте кезеңге жатқызылатын жалатпалы қыш ыдыстар кездеспейді. Сондай ерекше жәдігердің бірі – араб жазуы бар жалатпалы қыш құмыра. 1971 жылы 24 ақпанда Жамбыл қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы қорғаннан жасөспірім өлкетанушы, археологтар үйірмесінің мүшесі болған Александр Шабловский ХІІ-ХIV ғасырларға жататын көгілдір жалатпалы құмыраны кездейсоқ тауып алып, музейге тапсырған. Құмыраның биіктігі – 20 сантиметр, дене диаметрі – 16,5, мойын диаметрі – 7 сантиметр. Табаны сынған, көп жерлерінің сыры кеткен. Жоғары цилиндрлік мойны бар сфералық қыш ыдыс. Дененің жоғарғы бөлігінің айналасында Құран үзінділері бар глазурленген араб жазуы түскен. Қоспасыз қыш. Жақсы күйдіріліп, көк түсті бояумен сырланған. Сондай-ақ тұрмыста пайдаланылатын ыдыстардағы араб жазуларының таралуын Талас бойында араб жаулаушыларының келуімен, халық арасында ислам дінінің енуімен, қабылдауымен де байланыстыруға болады. Атлах қорғанынан табылған бұл тұмарға ұқсас тарихи жәдігердің тарихымыздың ақиқаттарын анықтауға ықпал жасағаны сөзсіз. Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА, облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар