Жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы да: «Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.
Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал», – деген болатын. Расында да қазір бабасына ескерткіш орнатып, ауылға атасының атын беретіндер көбейді. Бұл біздің өңірге де қатысты. Тіпті облысымыз ескерткіш саны бойынша республикада көш бастап тұр екен. Мәселен, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембековтің айтуынша, 2009 жылға дейін өңірде 1 079 ескерткіш болыпты. Ал қазіргі таңда саны 3 468-ге жеткен. Яғни 15 жылдың ішінде ескерткіштер саны екі есеге өскен. Әсіресе Президент айтқандай, ата-бабасына ескерткіш орнатуға ниеттілердің саны артқан. – Қазір қалталы азаматтардың ескерткіш орнатуға әуес болып бара жатқанын мойындау керек. Бірі ата-бабасына, енді бірі белгілі бір тұлғаларға ескерткіш қойғысы келеді. Кейбір қоғамдық ұйымдар өз қаржысына ескерткіш қойғысы келетінін айтып, бізден заң аясында қолдау сұрап келеді.
Ал біз мемлекеттік мекеме болғандықтан кез келген адамның, ұйымның арыз-шағымына, ұсынысына жауап беруге міндеттіміз. Барынша айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Кейбіреулер адамға құрмет көрсетуді ескерткішпен шектеп жатады. Белгілі бір өңірге ғана танымал тұлғаларға да тас мүсінмен құрмет көрсету бақталастыққа айналып барады, – дейді Қуаныш Кәрібайұлы. Қазір тіпті әр аудан, тіпті ауылдық округтер өзімбілермендікке салып, заңсыз, ешқандай құжатсыз-ақ ескерткіштер мен мемориалдық кешендер салып алады екен. – Қай жерде ескерткіш артық орнатылды, қай жерде кем орнатылды, қайсысы заңсыз орнатылды, бәрін анықтап отырамыз. Сол бойынша тиісті органдарға хаттамалық тапсырма беріледі. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылында ескерткіштің заңсыз орнатылуынан ауыл әкіміне әкімшілік шара қолданылды. Сарысу ауданында 8 ескерткіш заңсыз орнатылған. Соған байланысты қазір республикадан арнайы комиссия келіп, заңдастыру бойынша жұмыстар жүргізеді.
Егер ескерткіш талапқа сай болса, мемлекеттік тізімге алынады. Себебі мемлекеттік тізімге алынған ескерткіштердің барлығы қорғалады. Жыл сайын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарапынан аудандарға ескерткіштерді жоспарсыз орнатуға байланысты хат жолданады. Яғни мерейтой иесіне болмаса мерекеге байланысты тас мүсін, ескерткіш белгі орнату үшін алдын ала 2-3 жыл бұрын жоспарға енгізілуі талап етіледі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан ескерткіштердің талапқа сәйкестігін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылған. Комиссия орнатылатын әрбір ескерткішті екі кезең бойынша қарайды. Мысалы, жуырда Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге ескерткіш қою бойынша ұсыныс келді. Біз осы секілді ұсыныстардың барлығын жинақтап, облыс әкімінің орынбасары деңгейіндегі тұлғаларға қол қойғызып, мемлекеттік комиссияға жібереміз. Бірінші кезеңде комиссия ескерткіштің сол өңірге керек немесе керек еместігін, қоғамға қаншалықты пайдасы барын, жастарға тәрбиелік жағын, ұлттық идеяны қалыптастыру жағын сараптайды.
Бұл идеялық ұсынысты қолдау деп аталады. Комиссия зиялы қауым өкілдерінен, академиктерден, тарихшылар мен мүсіншілерден құралған. Қаралу барысында идеялық ұсынысқа келісім беріледі немесе берілмейді. Комиссия қараған соң облыс әкімдігіне, біздің мекемеге хаттамалық тапсырма келеді. Ұсыныс мақұлданса, бірнеше нұсқада эскизі жіберіледі. Соның арасынан таңдалады, – дейді дейді Қуаныш Кәрібайұлы. Әрине, ескерткіштер ел тарихынан хабар беріп қана қоймай, сол өңірге немесе қалаға ерекше көрік беріп, ажарын аша түсері анық. Алайда Президент атап өткендей, белгілі бір өңірге ғана танымал тұлғаларға да тас мүсінмен құрмет көрсету бақталастыққа айналып барады. Сондықтан қала көшесін тас мүсінмен толтырғанша, арасында екшеп, тексеріп, архивтерде аты бар азаматтарға орнатқан дұрыс болар деген ойдамыз.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Білім саласындағы әлеуетті көшбасшылар анықталды
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024