Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көлік орындығына көрік берген

Көлік орындығына көрік берген
ашық дереккөз
Көлік орындығына көрік берген
Соңғы жылдары әлемде кәсіптің жаңа түрлері пайда болып, істің көзін тапқандар табысқа кенелуде. Ерекше кәсіптің бірі – көлік жапқыштарын тігу. Тараз қаласының тұрғыны Акилес Жолдасова да осы бағытта өз ісін дөңгелетіп отыр. Акилес Жолдасова 1980 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Жас кезінен жаны тігіншілікке жақын болған кейіпкеріміз ісмерлікті Байзақ ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылындағы «Бағдат» техникалық қызмет көрсету орталығынан бастапты. Сол кезден бастап көліктерге жапқыштар тігіп, сатқан. Бүгінде «Тараз такси» таксопаркіндегі шағын цехта 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. – Тараз қаласында көлік жапқышын тігетіндер аз десе де болады. Бастапқыда идея өз көлігімді қалай сәндесем екен деген ойдан туды. Әрбір темір тұлпарды тізгіндеуші көлігінің іші ұқыпты, жинақы болып тұрғанын қалайды. Үлкен таксопарк болғандықтан мұнда адамдар көп келеді. Тапсырыс берушілер де аз емес. Жапқыш тігіп қана қоймай, көліктің салонын жаңартып беремін. Сондай-ақ басқалар да кәсіптің қыр-сырын үйреніп, табыс тапсын деген ниетте автожапқыш тігуді үйретемін. Бағасы – 70-200 мың теңге. Жақында ғана Ақтөбе қаласынан бір жігіт келіп үйреніп кетті. Қазір жаңа тігін машиналарын алдырып жатырмын. 3d, 5d, 8d поликтер тігемін. Көбіне тапсырыстар Алматы қаласынан түседі. Сауданы «Instagram», «TikTok» әлеуметтік желілері арқылы жүргіземін. Жалпы көлік жабындысын тігу оңай іс емес, тиянақтылықты, ептілікті қажет етеді, – дейді Акилес Құралқызы. Бастапқыда кейіпкеріміз «Тедди», «Энигма», «Латте» деген мата түрлерінен автожапқыш тіге бастаған. Уақыт өткен сайын тұтынушылары артып келеді. «Instagram» әлеуметтік желісінен бизнес парақшасын да ашып қойған. Матасының сапасына қарай автожапқышты 60 мың теңгеден бастап, одан жоғары бағалайды. Бір жапқышты тігуге 2 күн уақыт кетеді екен. Акилес Құралқызының цехына барғанда тапсырыстарын алуға келген тұтынушылар кейіпкерімізге алғыстарын айтып жатыр екен. – Көлік – бүгінгі күні қажеттіліктің ең маңыздысы. Балаларды балабақшаға, үйірмелерге тасуға, жұмысқа ертерек жетуге тұлпарыңның көмегі зор. Бүгін Акилеске арнайы келіп, көлігіме керек-жарақтарымды алдым. Жұмысы көңілімнен шықты. Алдағы уақытта тағы да келіп, басқа да қызметтерін алатын боламын, – дейді тапсырыс беруші Асхат Бөрікбаев. Көбіне Акилес тапсырыс берушінің сұранысына сай тігеді. Сатып алушылардың бірі ою-өрнекпен, бірі эко-терімен, енді бірі алькантаро матасымен тіккізгенді қалайды екен. – Кейде тапсырыс берушілерге уақытында тапсырып үлгере алмай жатамыз. Сондықтан шәкірт тәрбиелеп, үйретсем деп шештім. Үлгере алмай жатқан кезде шәкірттерімді көмекке шақыратын едім. Автожапқыш бизнесін қалай бастарын білмей жүргендерге мықты жобаларым да бар. Мен еш уақытта сатып алушыны қайдан табамын деп бас қатырған емеспін. Бүгінгі заманда не көп, көлік көп. Тіпті атақты, зиялы, белгілі адамдар келіп тапсырыс беріп жатады, – деді кәсіпкер.  width= Бұл салада табыс жақсы екенін түсінген Акилестің командасы бүгінге дейін 5000-нан астам көлікке автожапқыш дайындап беріпті. Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе полик, көліктердің ішкі салонын жаңалаудың да қыр-сырын меңгерген. Қазір панельге накидка салу сынды қызметтер де көрсетеді. Қаптауға қажетті маталарды Алматы, Қызылорда қалаларынан арнайы тапсырыспен алдыртады. Тұтынушыға сапалы тауар ұсынсам деп кәсіпке келген Акилес шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Бүгінде сұраныс арта түскен соң тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
Алдыңғы мақала
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

Ұқсас жаңалықтар