Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

9 ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ

9 ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ
ашық дереккөз
9 ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ
Диқан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылындағы Омарбек Алтынбеков пен Гүлбаршын Маханова 9 қыз тәрбиелеп, барлығын құтты орнына қондырған бақытты ата-ана. Жуырда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай берекелі шаңыраққа арнайы барып, мерейлі мерекемен құттықтап қайттық. Біз барғанда «Алтын алқа» иегерін Тараз қаласында тұратын кенже қызы Ақнұр құттықтап келіп жатыр екен. – Мен Қызылорда облысы, Арал қаласының қызымын. 1981 жылы Тараз қаласына оқуға келгенімде Омарбекпен танысып, тұрмысқа шықтым. Омарбектің әкесі 11 жасында қайтыс болған екен. Кейін совхозда қызылшада жұмыс істей жүріп, өмірге 9 қыз әкелдім. Бүгінде қыздарымның барлығы өз алдына үй-жай болып кетті. Олардан 24 немере сүйіп отырмын, – дейді Гүлбаршын. Омарбектің 2 қызы Ақтауға, 3 қызы Қызылордаға, ал 4 қызы Тараз қаласына тұрмысқа шыққан екен. Күйеубалаларының төртеуі әскери қызметте болса, қыздарының үшеуі білім, екеуі денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Тоғызыншы қызым 1998 жылы өмірге келгенде Серік қайнымның Тұрсынбек деген баласын өз атымызға жаздырып, бауырыма бастым. Қолымызда 5-6 жыл тұрды. Өкініштісі сол, олардың өздерінде бұдан басқа бала болмағандықтан әке-шешесіне қимай-қимай қайтып беруге тура келді, – дейді Гүлбаршын Ахметқызы. Жағдайды көріп-біліп отырған үлкен қызы Жазира өзінің баласын әке-шешесіне берген. Алайда ол да алғаш мектепке барған жылы әке-шешесінен қалмай өз ауылына кетіпті. Омарбек пен Гүлбаршын зейнет демалысына шыққан. Соған қарамастан, Кеңес одағының тұсында алдыңғы қатарлы механизатор болып жұмыс істеген Омарбек зейнетке шыққаннан кейін «Бином» құрылыс компаниясында құрылысшы болып еңбек етіп жүр. Сарыкемер ауылында бой көтерген бес қабатты төрт үйдің құрылысында қолтаңбасы қалғанын да сөз арасында айта кетті. Омарбектің үлкен қызы Жазира Жаңаөзен қаласында тұрады. Ол да 6 ұл, 1 қызды өмірге әкелген «Алтын алқа» иегері. Ал немерелерінің ең кішісі Тараз қаласында тұратын Ақнұр қызының қызы үш айлық екен. Жақын жерде тұрғандықтан болар, анасын алғаш құттықтап келіп отырған да сол. Үйлеріне жиі-жиі келіп, әке-шешелеріне көмек қолын созып жүрген қыздары мен жиендеріне Омарбек пен Гүлбаршын дән риза.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист, Байзақ ауданы

   
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар